×

Алматыда жол сапасын бақылаудағы озық технология үлгілері таныстырылды

Виртуалды оқыту құралын қолдану арқылы жол сапасын жақсартуға мүмкіндік бар

Алматыда жол сапасын бақылаудағы озық технология үлгілері таныстырылды

Алматыда Digital Almaty-2024 цифрлық форумы өтіп жатыр. Ауқымды іс-шара үш күнге созылмақ. Осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отырған басқосу «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» деген тақырыпта өтуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өнеркәсіптегі сандық трансформация – Digital Almaty форумы қатысушылары талқылаған маңызды тақырыптың бірі. Іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмеде түрлі тың жоба ұсынылған. Жолшылар да форумда өз жобасын ұсынды. Кирилл Гриненко – Жол активтері ұлттық сапа орталығындағы цифрландыру бөлімінің бас маманы. Іс-шараға мекеме атынан виртуалды сынақ зертханасын әкеліпті. Инновациялық жоба жас мамандар мен осы салада қызмет етемін дегендер үшін тиімді болмақ.

«Біз шамамыздың келгенінше шынайылықты қолдаймыз. Біздің сала мамандары жұмыс істейтін құрылғылардың бәрі қолда бар. Сондықтан қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Виртуалды сынақ зертханасында жұмыс істеген жастар кейін салаға да тез бейімделіп кетеді», – деді форумға қатысушы Кирилл Гриненко.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалы қызметкерлері де көрмедегі тың идеялармен, соңғы технологиялармен танысу мақсатында іс-шараға қатысуда. Филиал директоры Мәулен Әліпов мұндай халықаралық іс-шараларда ұсынылатын озық технологияларды жол сапасын жақсартуда пайдалану қажет дейді.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында виртуалды жаттықтыру құрылғысы әзірленді. Бұл құрал зертхана мамандарына түрлі техникалық зерттеулерде соңғы дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Оқыту жоспары бар, емтихан алу жүйесі қалыптасқан. Осы виртуалды оқыту құралын қолдану арқылы жол сапасын жақсартуға мүмкіндік бар», – дейді Мәулен Тоқтарбайұлы.

Айта кетейік, Digital Almaty форумына цифрлық технология саласындағы соңғы жетістіктер мен озық шешімдер ұсынылған. Дәстүрлі түрде өтетін бұл іс-шараға биыл 30 мыңдай адам қатыспақшы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →