×

«Неге қазақ жігітті таңдамадың?»: Кәріске тұрмысқа шыққан қазақ қызы Кореядағы өмірі жайлы айтты

Ол Кореяға барған қазақстандықтарға «бес нәрседен қашық бол» деп сақтандырады

«Неге қазақ жігітті таңдамадың?»: Кәріске тұрмысқа шыққан қазақ қызы Кореядағы өмірі жайлы айтты
Видеодан скриншоттар

Қазақтың Құлпынай есімді қызы кәріс жігітіне тұрмысқа шығып, бірнеше жылдан бері Оңтүстік Кореяда тұрып жатыр. Жалпы кейінгі он жыл өмірін сол елде өткізген ол әлеуметтік желілерде кеңінен танымал. Өзінің ютуб-арнасын, инстаграм, тик-ток парақшасын жүргізіп, Қазақстандағы жазылушыларын алыс елдегі тыныс-тіршілікпен таныстырып отырады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кейінгі видеоларында ол кәріс жігітпен өмірдегі артықшылықтар мен кемшіліктерді атап көрсетіпті. Сондай-ақ, Кореяға барған қазақстандықтарға «бес нәрседен қашық бол» деп сақтандырады. Құлпынайдың әңгімесін өз сөзімен беруді жөн көріп отырмыз.

«Неге қазақ жігітін таңдамадың?» деп көп жазады

Маған кәріске тұрмысқа шыққаныңа өкінесің бе дейді. Өкінеді деп ойлайды. Аллаға шүкір, мен бұл жақта бақытты ғұмыр кешіп жатырмын. Айналамдағы адамдар арасында абыройлы болып, кәрістерге барынша сыпайы әрі сыйлы болып жүргенімді мойындаймын. Кореяда бақытсызбын деп айта алмаймын.

«Неге қазақ жігітіне тұрмысқа шықпадың?» дейді маған. Мәселе ұлтта емес. Қазақтың жігіттері ондай деген емеспін, қазақтың жігіттерінде де білімді, білікті, отбасын асырап отырған жігіттер жетерлік. Бірақ пешенеме кәріс жігіті жазылған екен. Айырмашылық ұлтта емес, адамның өзінде. Қай елде өмір сүрсең де қасыңдағы адаммен бақытты ғұмыр кешсең болды.

Күйеуімнің де, енемнің де осылай өмір сүріп жатқаныма еш қарсылықтары жоқ. Керісінше, барынша қолдап, қорғап, көмектесуге тырысады. Төркінім Қазақстанда болғанын білгеннен кейін қасымнан табылуға тырысады. Алғашында бір-екі жылдай жалғызсыраған едім. Отбасымызда Думан бар. Олай жалғызсырап жүрмін деп айтуға уақыт та жоқ. Кореяда әртүрлі салада жұмыс істеймін.

Енем екі келінін қинағысы келмейді

Кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды тойлаудан кейінгі маңыздылығы жағынан екінші мейрам – Чусок мерекесі. Мереке кезінде кореялықтар егін орағы үшін ата-бабаларына тағзым етеді.

Кәріс жігіттің маған ұнайтын жағы деп айтайын десем, қазақ жігітпен өмір сүріп көрмегендіктен, екеуін салыстырып айта алмаймын. Бірақ туыстарымнан қазақ күйеулері қалай болатынын естиміз ғой. Бірақ кәріс күйеуінің ұнамайтын жақтарының біреуін айтар болсақ, менің ғана емес, бүкіл кәріс қыздарының ұнатпайтыны – жылына екі рет болатын мейрамдары. Дәл осындай мерекелерде кәріс қыздары да келін қызметін атқарғысы келмейді. Себебі қазақтар сияқты емес, тамақ істеген кезде біздің тамақтар оңай, тез жасалса, мына жақта тамақтары өте ұзақ әрі түр-түрімен жасалады. Бір салатының өзі түр-түрлі шөптен жасалады. Сол үшін тұрмыстағы кәріз қыздары Чусок секілді мереке кезінде күйеулерімен ұрсысып қалып жатады. Амалсыз, осындай мерекелер жақындаған күйеулері әйелдеріне жақсы қарайды.

Маған да мейрамдары көп ұнай бермейді. Қайтыс болған адамдары үшін алдын ала тамақтарын дайындап, үйде түнімен жасайды. Алғаш келін болып түскен кезде түнімен ұйықтамай жасағанбыз. Енеміз өзі 25 жылдай келін қызметін жасаған ғой. Содан әбден қиналған. Екі келіні түскеннен кейін екеуін шаршатпай-ақ қояйын деп, бізге осылай дайынын тапсырыс беріп алдыртады. Біздің келіндік қызметіміз басқалардан қарағанда оңай. Дайынын аламыз да, қонақтар келмей тұрып, өзіміз жасағандай жайнатып қоямыз.

Осы мәселенің өзектілігі сонша – Кореяда ерлі-зайыптылар мереке кезіндегі дау-жанжалдан ажырасып кетіп жатады екен. Мейрамдарының келіннің бүкіл денсаулығын алып қоятындай әуресі көп.

Кәріс жігітпен өмірде маған не жақпайды?

Туыстарымның жоқтығы. Менің күйеуімнің достары жоқ, көп адаммен етене араласпайды. Неге екенін білмеймін. Жақындарымен араласу деген мүлде жоқ. Тек екеуміз ғана тұрып жатырмыз. Барлық кәрістер сондай ма, білмеймін. Бірақ бұлар көбі жұмысбасты. Ұжымымен араласса да, достарымен, әйел, бала-шағасымен шығу, демалу деген мүлде жоқ. Ішімді пыстыратыны да сол. Соны көрген кезде «айналайын, қазақтарым» деп қаласың.

Бұл жақта келіндер, қыздар жиналып алып, «гәп» ойнамайды. Осыдан 30-40 жыл бұрын «гәп» деген нәрсе болған екен. Қазір мүлде ондай жоқ. Бұл жақта өзіңмен-өзің өмір сүресің, «сен тимесең, мен тиме» тірлік. Солай өмір сүресің. Келінің, жолдасың, ата-енең болды, басқа ешкім жоқ. Күйеуіме «неге ешкіммен араласпайсың» десем, ол «біріншіден, уақыт, екіншіден артық проблема» деп күледі. Ал менің араласқым келеді.

Үйге туысқандар келмейді. Қайнатамның інісі, қарындасы бар және біз ғана. Ешқайсысы келмейді. Біз өзіміз ғана, үлкен әжеміз ғана келеді. Қонақ күтеміз десек, бізде 50-60 адам қонақ болады ғой. Ал бұл жақта өзіміз ғана. Көршілерімен де араласпайды. Көршілерді танымаймыз. Бәрібір қазақтың қаны бар менде. Үйге көп қонақ келгенін жақсы көрем.

Кәрістер өте шыдамсыз

Үшіншісі – кәрістердің мінезі шыдамсыз. Кішкене нәрсенің өзіне шыдай алмайды. Біздің қазақтар сияқты «осыған да шүкір» дегенді бұлар білмейді. Шырылдап, шиқылдап кетеді. Ерлі-зайыпты бір-бірімен тұрса, ұқсайды дегені рас қой деймін, мен де сондай болып бара жатырмын. Қазақтың жігіттерінде сабырлылық деген нәрсе бар. Ал кәрістердің барлығында шыдамсыздық деген бар. Бұрқ-бұрт етіп, ашуланып кетеді. Бірақ бірден басылады.

Әрине, кәрістерді жамандау мақсатында емес, дәл осы мейрам кезінде камера қосулы тұрғанда айтайын деп отырмын.

«Кореяға келгенде сақ болыңыз»

Ең бірінші, осында келген кезде ер жігіттерімізге айтарым, жыныстық сипаттағы қылмыстардан абай болыңыздар. Дәл осы қылмысқа заң өте қатал. Көзбен, сөзбен қарағанның өзі жыныстық қылмыс саналады. Осы нәрсеге қатты абай болыңыз. Метрода, автобуста қысқа киген қыздарды көріп, төрт-бес секундтан артық қарап қалсаңыз, соны анау қыз ұнатпаса, онда ол қыз бірден арыз жаза алады. Бұл жақтың қыздары ақша жасау мақсатында сондай бәлеқор келеді. Әдейі қысқа киіп, ақша жасап жүретін қыздарды білем. Осы бір нәрседен абай болыңыздар.

Екіншіден, кәрістің жігіттері өте әлсіз келеді. Бұларды ұрып, өлтіріп қоймаңыздар. Біздің қазақтың жігіттерінде күш деген жетеді ғой. Сондықтан, ұрып, түрмеден бір-ақ шықпаңыздар. Бұлар ұрысқанда аузымен сөйлеп қана ұрсысады. Өйткені кім бірінші ұрса, сол ақша төлейді. Сондықтан, абай болыңыздар.

Үшіншіден, қыздар абай болатын нәрсесі – Кореяда психикалық ауытқуы бар адамдар өте көп. Әсіресе, қоғамдық орындарда, метродан, станцияларда ондайлар көп жүреді әрі себепсіз адамдарды пышақтап, өлтіріп кетуі мүмкін. Еш себепсіз пышақталып кетіп жатқан қыздар өте көп. Өзіңізді қорғай біліңіздер.

Абай болу керек нәрсенің бірі – көшеде ақша, сөмке, алтын болса да, жатқан күйінде жата берсін. Оны ұстасаңыз, бәлесіне қаласыз. Өйткені Кореяда барлық жерде камера бар. Тіпті машиналарда да бар. Сол затты алсаңыз, иесіне қайтармай, өзіңізге алып қойсаңыз, ұрлық жасаған боласыз. Заңды бұзғаннан сақтасын. Неше түрлі қазақтарды көрем. Мына жақта кәрістерді ұрып жіберіп немесе жатқан затты алып кетіп ұсталған қазақтар бар.

Соңғы айтқым келеді – жаяу жүргінші жолынан абай болыңыз. Бағдаршамы жоқ жаяу жүргінші жолы өте көп. Ондай жерде көлікке басымдық беріледі. Абайлап жүріңіз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →