×

Қазақстанда қоқысты жинап, өңдеп бергендерге ақша төленеді

Оператордың жұмысын ұйымдастыру және кейбір шараларды қайта іске қосу бойынша заңнамалық жұмыстар жүргізілген

Қазақстанда қоқысты жинап, өңдеп бергендерге ақша төленеді
Фото: ашық дереккөзден

Ол үшін бизнес ашқысы келетін азаматтар арнайы жүйеге тіркелуі керек. Бұл туралы ОКҚ алаңында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда жылына 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналады. Олардың басым бөлігі бөлек жинаудың барлық жерде болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі қуаттардың жеткіліксіздігіне байланысты полигондарда көміледі. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес еліміздегі 207 қала мен аудан орталықтарынан 130 елді мекенде әртүрлі кезеңдерде қалдықтарды бөлек жинау, 103 елді мекенде сұрыптау желілері немесе қолмен сұрыптау ұйымдастырылған.

«Қазіргі кезде әкімдіктерде осы саладағы инфрақұрылымды дамытуға қажетті құзырет бар. Атап айтқанда, жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды қосу (сумен қамтамасыз ету және су бұру, электр энергиясы бойынша), іс-шаралар мен экономикалық құралдарды әзірлеу, экологиялық проблемаларды шешуге арналған эмиссиялық төлемдерді пайдалану, бизнес субъектілеріне артықшылық (преференциялар) беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу бойынша құзыреттері бар», – дейді Нысанбаев.

Оның айтуынша, саланы дамытуды сапалы түрде жоспарлау мақсатында әкімдіктер экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Бұл бағдарлама аумақтардағы проблемалар мен ерекшеліктерді (экологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерді) ескере отырып әзірленуге, белгілі бір аймақтағы қалдықтарды басқарудың бүкіл жүйесін ескеруге тиіс.

2022 жылы өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторының заңды мәртебесінің өзгеруін ескере отырып, Экология министрлігінде осы оператордың жұмысын ұйымдастыру және кейбір шараларды қайта іске қосу бойынша заңнамалық жұмыстар жүргізілген. Мәселен, өткен жылдың шілде айында қалдықтарды басқарумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындарға кәдеге жарату төлемдері есебінен қалдықтарды басқару саласында төлемдерді қалпына келтіру үшін Экология кодексіне Экоқолдау бойынша түзетулер енгізілген. Атап айтқанда, осы түзетулер шеңберінде біздің ведомствоға төлем қағидаларын бекіту, ал Үкіметке тиісті төлем мөлшерлемелерін қабылдау құзыреті беріліп отыр.

«2023 жылғы 27 қарашада қағидалар және 29 желтоқсанда төлем мөлшерлемелер бекітілді. Төлем қағидалары бүгіннен бастап күшіне енетінін айта кеткен жөн. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторы автоматтандырылған ақпараттық жүйеде тіркеуге өтінімдерді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер де, қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу бағытында өз бизнесін бастағысы келетіндер де бере алады. Биыл субсидиялауға – 7,6 млрд теңге қарастырылды», – дейді министр.

Бұған қоса, өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыру жүйесін жақсарту мақсатында бүгінгі күні кәдеге жарату төлемінің қаражаты есебінен қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алу жеңілдіктерін қаржыландыру тетігі әзірленді, сыйақы мөлшерлемесі – 3%, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы кредит алу мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін қарастырылған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →