7 мың шаршы метр аумақ жанып кеткен
Семей қаласындағы ең ірі киім базары түн жарымында өртке оранды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, өрт 6 ақпанда түнгі сағат 03:00 шамасында «Ақшың» базарынан шыққан.
Семейдегі «Ақшың» сауда орталығында болған өрт салдарынан 7 мың шаршы метр аумақ жанып кеткендігі белгілі болды.Түнде шыққан өрт тек ертеңінде кешкі 20.55-те ғана толық сөндірілді.
Үш қабатты сауда ғимарат ішіндегі қою түтін мен жоғары температура, үлкен өрт жүктемесі, жанғыш материалдардың көп болуы және ғимарат құрылысының күрделі болуы салдарынан өрт тез таралып, сөндіру жұмыстарын қиындатқан. 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетілген.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында ТЖД анықтаушылары мен зерттеу сынақ өрт зертханасы жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта өрт орнын қарауылдау, су төгу және қоршау үшін жеке құрамнан 264 адам, 31 техника жұмылдырылған.
Кеше Семей қалалық мәдениет үйінде «Ақшың» сауда үйінде болған ірі өрт кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер мен облыс әкімдігі, Мемлекеттік кірістер департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және әкімшілік өкілдері арасында кездесу өтті.
Келтірілген шығынды анықтау үшін полиция бөлімшесінің қызметкерлері жиналғандардың барлығынан өрт кезінде айырылған заттарын тізіп, жазып алды.
Жиында кәсіпкерлер сауда дүкенінің иесінен өрт дабылдарының сапасыз жұмысы салдарынан шығынға батқандарын айтып, келтірілген шығынды өтеуді талап етті.
«2200 ол жерде арендатор бар. Сол 2200-дің кейбірі әр деңгейде зардап шекті. Біреуі көп болуы мүмкін. Кейбірінікі толығымен өртеніп кетуі мүмкін. Кейбірінің заттарына зардап келгендігі, ол да анықталады. Сіздерге келтірілген шығынды өтеу үшін кімнің төлеп беруін анықтау үшін барлық сараптамалар аяқталғанша күтуіміз керек шығар. Ол кім болса да, қандай қызмет атқарса да, тергеу объективті түрде жүргізілетін болады», – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев.
Осы базардан нәпақасын тауып, отбасын асырап отырған 2 мыңнан астам кәсіпкер өз жанайқайларын айтып, шырылдап бағуда.
«Жолдасым 2 жыл бұрын қайтыс болған. Ковидтан кетті. Ұлым әлі мектепте оқиды. Басқа асыраушым жоқ. Басымда ипотекам бар. Бәрі адамды сабырлылыққа шақырамын енді. Бәрі мен сияқты қайбір жетіскеннен жүр дейсің. Күнкөріс, ипотека, кредит», – дейді «24 KZ» тілшісіне берген сұхбатында кәсіпкер Ардақ Сұлтанғазина.
Ал желіде пікір жазғандар тағы да қарапайым халықтың қиналып жатқанын айтып, жанашырлықтарын білдіріп жатыр.
«Тағы да қарапайым халық қиналатын болды», «Базар барлығын асырап еді, өкінішті», «Базардың иесі – жеке кәсіпкер. Бірақ өзі жиында жоқ. Оны мемлекеттік қызметкерлер қорғайды. Не үшін? Осыны түсінбедім», «Адамдарға обал, бәрінің кредиті, ипотекасы бар», «Осыларға қарап, жүрегім ауырады», – деп жанашырлық білдіріп жатқан пікірлер көп.