×

Киік етін өңдеудің стандарты жоқ

Киік төшкелері сауда дүкендерінің сөрелеріне жеткен жоқ

Киік етін өңдеудің стандарты жоқ
Фото авторы: Қайырбек Сариев

Ел Үкіметі шаруалардың талап етуімен киік санын азайту мәселесін қарастырып, 2023 жылы 16 тамызда «Киіктер популяциясын басқару шаралары туралы» қаулы шығарды. Мұндай шешім қабылдау құзырлы ведомстволар үшін оңайға соқпады. Азаматтық қоғам пікірі екіге жарылды. Эколог белсенділер киіктерді көздің қарашығындай сақтау керек деп дабыл қақты. Даладағы қожалық иелері ақбөкендер мал азығын  таптап жатыр деп өре түрегелді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі халықаралық ұйымдар рұқсат беруі тиіс деген уәжді алға тартты. Ұзақ дау-дамайға ұласқан соң билік киік санын азайтуға шешім қабылдады. Бірақ Үкімет қаулысын орындауға жауапты мекемелер дайын болмай шықты. Дәл осы мәселе жөнінде егжей-тегжейлі баяндаймыз, деп хабарлайды Qaz365.kz

226 мың киікті аулауға рұқсат берілді

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығы бойынша санын реттеуге жануарлар қатарына киік те енгізілді. Қаулыға сай «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары былтыр 15 қыркүйектен бастап 10 желтоқсанға дейін Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында киік популяциясын реттеуге кірісті. Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың айтуынша Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдары дайындаған биологиялық негіздемеге сай 2023 жылы Орал популяция киіктерінің саны 1 миллион 130 мың деп белгіленді. Соның ішінде дала жануарының 20%-ын – 226 мың бас киікті аулауға рұқсат берілді (аталығы – 226 мың, ұрғашысы – 113 мың, төлі – 79 мың бас). Алғашқы кезеңде бар болғаны 20 086 киік ауланғанын айтқан инспекция басшысы әңгімені әріден қозғады.

«Облыста киік саны 17,7 мың басқа дейін күрт кеміп кеткесін, 1999 жылы Үкімет киікті қорғауға байланысты мораторий жариялады. Одан кейін жұқпалы ауру салдарынан бір-екі рет жаппай қырылған кездері болды.  Бірақ «Охотзоопром» мекемесі құрылып, қамқорлығына алған соң, киік саны айтарлықтай артты. 2023 жылдың сәуір айындағы санақ бойынша төлдеу науқанын есепке алмағанда 1 миллион 130 мың бас сайғақ тіркелді. Киік негізінен «Қызыл кітапқа» енбеген, мемлекет қорғауына алынған жануар. Ақбөкендер далада топ-тобымен бір-біріне жақын жүреді. Сондықтан олардың арасында жұқпалы ауру кең тарап, малға да жұқтыруы мүмкін. Киіктер емін-еркін жайылғасын, оңтүстік аудандардағы шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл тұрғындары мал азығы мен су тапшылығы сезілгенін бірнеше мәрте айтты. Сол себепті  былтыр күзде киік санын реттеу мақсатында Үкімет қаулы қабылдады», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Сағынтайұлы.

Межеге маңайламады

15 қыркүйек пен 10 желтоқсан аралығында Жаңақала, Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Ақжайық аудандарында «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалының ұйымдастыруымен аңшылардан құралған 18 бригада жұмыс істеді. Төрт бригада караль әдісін қолданды. Яғни киіктерді тормен аулады. Бұл тәсілдің ерекшелігі неде? Бір топ жарты шеңбер күйінде қоршау құрады. Мотоциклдерге мінген аңшылар киіктерді тұзаққа қарай қақпайлап айдайды. Қоршау біртіндеп жабылып, жануарлар сыйғанынша торға қамалады. Содан кейін қасапшылар іске кіріседі. Караль әдісінен бөлек дәстүрлі аңшылық жолымен басқа бригадалар киіктерді түнде атумен айналысты. Өйткені ақбөкендер қараңғыда тез абдырап қалады әрі машина жарығынан көздері көрмейді, тіпті көлікке қарай тура жүгіреді.

«Киік аулауға ойдағыдай әзір болмадық. Тәжірибенің жоқтығы да байқалды. Ұйымдастыру жұмысы төмен болып, жоспардағыдан он есе аз ауладық. Жалпы 8251 бас аталық, 5 973 бас аналық, 5 862 құралай – барлығы 20 086 бас сайғақ пышаққа ілікті. Бұл, әрине, киік санының азаюына әсер ете қоймайды. Биыл да киік мәселесі өткір күйінде қалады. Ақбөкендер саны 2 миллион басқа жетуі әбден мүмкін», – деді жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді ашық баяндаған Нұрлан Сағынтайұлы.

Әлі күнге дейін бүйірден шаншудай қадалатын броконьерлікке түбегейлі бұғау салынған жоқ. Бастапқы кезде халықты «Киікті жаппай қырып алмаймыз ба?» деген сауал мазалады. Киік тағдыры талқыланған жиындарда сарапшылар да күдігін жасырған жоқ. 2022 жылы броконьерлік бойынша 22 қылмыстық іс қозғалған. Ақбөкендерді аулаған кезде заңсыз аңшылыққа және мүйіздердің ұрлануына жол бермеу мақсатында БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері мен «Охотзоопром» өңірлік филиалының инспекторлары жұмыс барысын бақылауда ұстады. Оған қоса ұйымдастыру шараларына Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы аумақтық инспекциялар мен «Охотзоопром» филиалдарының мамандары да тартылды. Бекітілген іс-қимыл тұжырымы бойынша 17 044 мүйіздің әрқайсысы таңбалы нөмірмен және штрих-код жапсырмасымен белгіленіп, Алматы қаласында орналасқан «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК орталық мекемесінің қоймасында сақтау үшін жіберілді.

Буаздарын да жусатып жатыр

Алғашқы жорықта аңшылар өндіре қоймады. 9 қаңтар күні Үкімет қаулы шығарып, екінші маусымды ашық деп жариялады. Жеті облыста киік санын реттеу жұмысы қолға алынды. Киік популяциясын шектеу шарасы заң аясында жүріп жатқан шығар... Дейтұрғанмен қаңтарда Ұлытау облысының Қызылжар ауылында болған оқиға ел-жұртты айран-асыр қалдырды. Тәптіштеп айтсақ, «Охотзоопром» инспекторлары ауыл маңында буаз киікті қырып салған. Бұған ашуланған ауыл жігіттері инспекторларға қол жұмсаған. Ұялы телефон арқылы түсірілген бейнжазба әлеуметтік желілер арқылы кеңінен тарады. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындар бұзақылық бабымен жауапқа тартылуда. Дау-дамай өршіп тұр. Ауыл адамдары киік жанашырларының осы қадамға амалсыз барғанын айтып, араша сұрап отыр. 24 қаңтар күні ҚР Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерболат Сатыбалдин «Охотзоопром» қызметкерлерінің қарекетіне құқықтық баға беруді сұрап, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады. Депутат киікті заңсыз қыруды тоқтатып, буаз кезінде аулауға тыйым салуды сұрады. Біздің өңірдегі ахуалды сұрағанымызда Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов болған жайды жасырған жоқ.

«Күйік маусымы аяқталды. Қазіргі уақытта киіктер құрсағында эмбрион дамып жатыр. Биологиялық негіздеме бойынша буаз киікті атуға болмайды деген тыйым жоқ. Эмбрион  болғанның өзінде бұны да киік санын реттеудің бір шарасы деп қабылдау керек, – деп жауап берді инспекция басшысы.

«Обал-ай» дейміз іштей. Бәлки мәжіліс депутатының ұсынысы орынды болар деген ой оралады. Ұлытаудағы оқиғадан кейін сабақ алар билік буындары. Әйтсе де бұйрықтың аты – бұйрық, қаңтар айында киіктерді атуға 20 бригада құрылған.

«Осы жолы караль тәсілімен аулау мүмкін емес. Мотоцикл қалың қарды омбылап жүре алмайды. Тор құру үшін қада қағу керек. Тоң қатқан далада, әрине, ешкім бейнеттеніп жүрмейтіні анық. Күн аяз, далада үскірік жел. Бригадалар жұмысы қарқын ала қойған жоқ. Аңшылар әзірше 2 мыңға жуық киікті атып үлгерді», – деді Нұрлан Сағынтайұлы. 

Қалта телефон арқылы «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалының басшысы Арман Қожахметовке хабарластық. Ол қазіргі кезде ақбөкендердің Бөкей ордасының аумағында, Нарын құмында мекендеп жатқанын, екі апта жұмыс сапарымен осында жүретінін хабарлады. Киіктер жылдағы әдетімен оңтүстік жаққа ығысқан. Аңшылық маусымы Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары шекарасында қызу жүріп жатқан болса керек.

Шетелге экспортталды

1984 жылы «Оралохотпромхоз» құрып, оның директоры болған, бүгінде жасы тоқсанға жеткен Ғабдығали Иманқұлұлының пікірін сұрадық. Ақсақал күйек кезінде киікті мазалауға болмайтынын, әйтпесе келесі жылғы санына әсер ететінін айтты.

«Қазір прожектормен аулап жатыр деп айтады. Түнде бүлінушілік, жараланғандар көп болады. Мұны жүйесіз жасамау керек. Әзірлік қажет. Қанша басқа дейін сойып, өткізе алатын мүмкіндігі бар, алдын ала зерттеп отыру керек. Қыра беріп, оны өткізе алмай, тасып, сойып үлгере алмай сасытып алса, обал болады. Техника, тоңазытқыштар дайын болуы керек. Мясокомбинаты жоқ жерлер не істейді? Соған жоспарлы түрде әзірлік жасау керек. Санын азайтамын деп қыру қажет емес. Сақталу керек жануар. Ату негізі дұрыс емес, қамап ұстауы тиіс. Сонда еті таза әрі есебін жүргізуге де ыңғайлы. Ол да текті жануар. Өнімі бүлінбесе, экспортқа да жіберуге келеді. Кезінде төшкесі бүлінбеген таза етті Финляндия, Франция алып тұрды», – дейді Ғабдығали Иманқұлұлы.

Бір киікке – 7354 теңге

«Охотзоопром» мекемесі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айларында 121 адам жұмыс істеген. 4 бригада 6994 бас киікті тормен аулаған. 14 бригада 13 092 ақбөкенге оқ-дәрі жұмсады. Караль әдісімен аулайтын топтарда 8-10 адамнан болса, қару ұстағандар 3-4 кісіден бірікті. Тор құратындар келісімшарт бойынша 10 қасапшыны жұмысқа алды. Ал мылтықпен қаруланғандар қасапшыларды өздері жалдаған. Аңшылар аулаған 20 086 бас жоспардың 10%-ы да орындалмағанын көрсетті. «Охотзоопром» мамандары күн райының қолайсыз болғанын, жаңбыр молынан жауғанын алға тартады. Бригадаларға әрбір киік үшін былтыр 5052 (қосымша құн салығымен) теңге төленді. Техника табу, қару-жарақ пен оқ-дәріні сайлау – аңшылардың міндеті. Оларға 2024 жылы 7354 теңгеден берілуде. Екінші кезеңде БҚО бойынша 150 мың, Атырау облысында 50 мың киік аулануы тиіс. 50 күннің ішінде межені орындап үлгере ме – уақыт еншісіндегі сауал. Бұл жолғы ерекшелік – киікті ату күндіз де, түнде де жүргізілуде. Әр бригаданы «Охотзоопромның» инспекторлары қадағалайды. Атылған не торға түскен киіктердің есебін тіркеп алып, жөнелтпе құжат (накладная) толтырады. Демде бауыздалған жануардың ішек-қарны көміліп, жүк көлігіне тиеледі. Былтыр «Охотзоопром» киік етін қабылдайтын 10-нан астам комбинат пен мал сою пункттерімен келісімшарт жасасқан. Оның екеуі Атырау облысынан.

«Ет комбинаттарында аумақтық инспекция қызметкерлері, мал дәрігерлері киік етін қабылдап отырды. Киік етін қабылдау кем дегенде 12 сағатта жүзеге асуы тиіс. Терілерін мал соятын цехтар мен комбинаттар жинақтап жатыр. Жануар төшкесін жеткізуде түйткілдер болғаны рас. Мәселен Жалпақтал ауылындағы қасапхана киік етін қабылдап үлгере алмай қалды. Жұмыс күші жетіспеді. Киік өніміне басқа облыстардан да сұраныс мол  болды. Жергілікті тұрғындар да сатып алды. Сауда-саттық жайын айтсақ, мал соятын пункттер тұтынушыға қаншадан сатады? Оның өздері белгілейді. Нарықтағы бағасы орта есеппен еттің әр келісіне 1200 теңгеден болған шығар», – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Биыл «Охотзоопром» мекемесі жеті кәсіпорынмен келісімшарт жасасты. Олардың қатарында «Жәрдем» ШҚ (Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылы), «Батыс Нық» ЖШС (Ақжайық ауданы Чапаев ауылы), «Атамекен» АӨК (Сырым ауданы) бар.

«Кублей» киік етін өңдей ме?

Казталов ауданындағы «Жалпақтал» АӨК басшысы Дархан Догоров киік етін қабылдауда елеулі қиындыққа ұшырағанын  жасырмады.

«Жалпақтал ауылындағы мал сою алаңына 396 бас келді. Соның 253-ін жөнелттік. Қалғандарын мал дәрігерлері союға жарамсыз деп қабылдамады. Содан шығынға ұшырап, бір апта шамасында жұмысты тоқтаттым. Бұрын киік сойып көрмегенбіз. Тәжірибе жетіспеді. «Охотозоопроммен» келісімшартқа отырып, заңды түрде жұмыс істеп көрейік деп ойлағанбыз. Ең басында киікті тормен аулады. Сол кезде 18-20 бастан алып келетін. Оған аса қинала қоймадық. Кейін  киіктерді атып алып, топ-тобымен таси бастады. Киік төшкесін қабылдау кәдімгідей жұмыс қой. Инспекторлар мүйіздерін өздері кеседі. Еркегін, ұрғашысын, төлін сұрыптайды. Әрбірін есептеп, құжатқа енгізеді. Бізге Жәнібек жақтан ішек-қарын алып тастап, төшкені өкпе-бауырымен алып келді. Түнде жаңбыр жауған еді, аңшылар кем дегенде 7-8 сағат жүріп келген болуы керек. Одан кейін салмағын өлшеу, сұрыптау, сою процестеріне уақыт керек. Талап бойынша төшкені 12 сағатта бөлшектеп, мұздатқышқа салуымыз керек. Сол уақытта күн де ысыды. Киік еттері иістеніп кеткесін, ветеринарлар тыйым салып түгелімен өртеп жіберді. Жалпы киік етіне сұраныс бар. Алғаш қабылдаған 18 төшкені ауыл тұрғындары сатып алды. Одан кейін «Газельдер» кезекте тұрды. Барлығын қамти алмадық. Екі «Газельді» (рефрижератор) толтырып, Ақтауға аттандырды. Сояр алдында тұтас салмағы бойынша әр келісіне 315  теңге төледік. Жалпы шығынды есептей отырып, 800 теңгеден өткіздік», – деді Дархан Догоров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, мал соятын орындар 12 809 киікті қабылдап үлгерген. Аталған басқарма басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев аумақтық инспекцияға ет қабылдайтын нысандардың тізімін ұсынғандарын айтады. Оның қатарына мал етін өңдейтін «Кублей» кәсіпорны да енді. Ірі кәсіпорын «Охотзоопроммен» келісімге келуге асыққан жоқ. Оған басты себеп – елімізде киік етін консервілеуге арналған мемлекеттік стандарт (ГОСТ) болмай шықты.

«Мемстандарт бойынша қандай технология қолдануы тиіс екені ешқандай ережеде көрсетілмеген. Қалбыр ішінде тоңазытуға арналған рецепт жоқ. Қазіргі уақытта ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Технологиялық реттеу және метрология комитеті ГОСТ талаптарын айқындады. Енді оны бекіту жұмысы – министрлік құзырында. Егер мемстандарттар мақұлданса, «Кублейдің»  киік етін өңдеуге мүмкіндігі пайда болады», – деді Рүстем Мүлкайұлы.

Айта кетейік, киік төшкелері сауда дүкендерінің сөрелеріне жеткен жоқ. Бұл бағытта да стандарттау жүйесі қарастырылмағаны кәсіпкерлерге қолбайлау болып отыр.

Түйін:

Мақаламызды тұжырымдасақ, мемлекет киік санын реттеуге қауқарлы болмай шықты. Жалпы киік етін өткізу, өңдеу мәселелері кешенді түрде қарастырылмаған. «Охотзоопром» киік етін жедел жеткізу мәселесінде де ақсап отырғанға ұқсайды. Мал соятын қосындар мен кәсіпорындардың жұмыс күші есептелінбеген. Жүздеген киік төшкесі ысырап болған. Төрт түлік терісін әлі күнге өңдей алмай отырғанда, киік терісін қайда өткізеді деген өткір сауал тұр көкейде. Тіпті бөкендерді аулау үшін ресурстардың жеткіліксіздігі айқын аңғарылады. Өндіріс саласымен ұштастыру жайы нашар. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзіне сүйенсек, іргеміздегі Қытай елінде киік мүйізіне деген сұраныс күшті. Бірақ ҚХР-ға экспорттау мүмкін емес. Ол CITES халықаралық ұйымы рұқсат етуі тиіс. Министр аталған ұйыммен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Ең бастысы бұл бағытта сең қозғалды. Мемлекет киік етін нарыққа шығару жайын біртіндеп жүйелейтін шығар деген үміттеміз.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Жоғалған Lenova компаниясының директоры қала сыртында өлі табылды: күдікті ұсталды
Бүгін, 21:29

Жоғалған Lenova компаниясының директоры қала сыртында өлі табылды: күдікті ұсталды

Ол 9 қазан күні таңертең Алматыдағы үйінен шығып кетіп содан қайтып оралмаған
Енді оған науқасқа қайта жақындамайтындай қара мөр басу керек
Пилоттық жоба 2024 жылғы 18 наурызда енгізілген
Қаралы хабарды белгілі композитор Бекжігіт Сердәлі жеткізді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →