Темекі тарту нарығы қауымдастығы вейптерге толық тыйым салу бұл өнімнің заңсыз айналымының үлесін арттырады деп санайды
Мәжіліс осы жылдың қаңтар айында вейптерге тыйым салу туралы заңды ақыры қабылдады. Қазір құжат Сенат қарауында. Одан кейін Президенттің қол қоюына жөнелтілуі мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Нарықта не дейді?
Темекі тарту нарығы қауымдастығы вейптерге толық тыйым салу бұл өнімнің заңсыз айналымының үлесін арттырады деп санайды. ҮЕҰ өкілдері бұл мәселені Парламенттегі жұмыс тобының отырысында бұрын да бірнеше рет көтерді. Бірақ оларды еститін құлақ жоқ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Біз Үкіметке, жұртшылыққа біздің нарықтың көлеңкелі және адал, заңды жолмен ақша тауып отырған екі топқа бөлінетінін жеткізгіміз келеді. Электронды никотинді жеткізу жүйелерін сату қызметі заңдастырылғанына, реттелгеніне қарамастан, астыртын саудалау нарығы бар. Тыйым салынғаннан кейін не болады: қара нарық екі-үш есе артады және сатылымды бақылау мүмкін болмайды», – деді қауымдастық басшысы Малика Цхай баспасөз мәслихатында.
Бірақ кейбір түзетулерді темекі тарту нарығы қауымдастығы әлі де қолдайды. Мысалы, таңбаланбаған тауарды сатуға тыйым салу сияқты мәселені айтып отыр.
«Заңды жолмен вейпті әкелушілер құрылғылардың бағасын балаларға қолжетімді емес қылған. Шамамен 7-8 мың теңге. Керісінше көлеңкелі жолмен келетін тауарларға тыйым салу керек, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек, өйткені ондай кәсіпкерлер жасөспірімдерге вейп сатады және заңдарды сақтамайды. Олар 2-2,5 мың теңгеге сата береді»,– деді Цхай.
Неге тыйым салынып отыр?
Тыйым салудың негізгі себебі – жасөспірімдер арасында вейптің кеңінен насихатталып, таралуы. Бірақ қауымдастықтың пікірінше, бұл негіз бола алмайды, өйткені 2022 жылы темекі мен темекіні жылыту жүйелері бар никотин бар өнімдерге теңестірілген. Оларды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға заңмен тыйым салынған. Бірақ билікке нарықты реттеуден гөрі ересек тұтынушылардың таңдауын алып тастау оңайырақ сияқты дейді Малика Цхай.
«Бізде кальяндар, снусстарға тыйым салынады, бірақ оларды Қазақстанның кез келген жерінде сатып алуға, темекіні де шегуге болады. Сондықтан бұл тыйым жұмыс істемейді, ол тек нарық үшін қиындықтар туғызады және кәсіпкерлер үшін ор қазғанмен бірдей. Бұл бизнесті адал жүргізетіндерге, барлық салықтарды және т. б. мемлекеттік міндеттемелерді төлейтіндерге не болады? Бұл шамамен алты жарым мың кәсіпкер. Сонда жалпы банкроттық болады. Біздің қауымдастықта инвестиция тартқан, несие алған кәсіпкерлер бар», – дейді кәсіпкерлер.
Көптеген қоғам белсендісін қатты алаңдататыны – балаларының өмірі мен денсаулығы. Қазақстанда кальян шегуге тыйым салу іс жүзінде сақталмайды ғой. Сол сияқты барлық заңдар сақталса, біз де бағынуға әзірміз. Әйтпесе алалау болады дейді жеке сатушылар.
«Біз Қаржы мониторингі агенттігімен жұмыс тобының отырысында болдық, бұл ретте контрабанда мен контрафактіге қарсы күрес туралы айтылмайды. Кәсіпкерлердің мүдделерін ескермей, бәрі де тыйым салуды талап етеді», – дейді қауымдастықтың заңгері Петр Кодаш.
Ол ЕАЭО елдері арасында вейпке тыйым салуды тек Қазақстан ғана енгізгені ақылға қонымсыз деп санайды. Одақтың басқа мемлекеттерінде айналымды реттеу күшінде болғандықтан және контрабанда тоқтатылады.
Темекі шегу нарығы қауымдастығы сонымен қатар вейптердің қаншалықты зиянды екендігі туралы сұраққа да жауап берді.
«Қазақстанда бірде-бір зерттеу жүргізілген жоқ. Біз ауруханаларға бардық және өкпе, тыныс алу жүйесі туралы шағымдары бар адамдар бар-жоғын және вейптің салдарынан асқынулар бар-жоғын білдік. Мұндай жағдайлар елде болған жоқ. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау департаменті темекіге қарағанда вейптер 95% қауіпсіз екенін ашық айтты. Темекі түтіні вейптен шыққан буға қарағанда әлдеқайда улы», – дейді Малика Цхай.
Кәсіпкерлердің көбі жұмыссыз қалудан қорқады
«Менің жоғары білімім жоқ, анам менің қарауымда. Егер мені осы бизнестен айырса, менің банк алдындағы сегіз миллион теңге қарызымды кім өтемек? Мен бізді тыңдап, жұмыс істеуге мүмкіндік бергенін қалаймын», – деді жеке кәсіпкер Эльвира Сейітқажиева.
Темекі тарту нарығы қауымдастығы елде, соның ішінде QR кодтары бойынша тауарды сатуға лицензия беруді ұсынады. Сондай-ақ, білім министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізуге, соның ішінде оқушылар арасында темекі шегудің зияны туралы түсіндіруге дайын екендерін айтып отыр.