×

Патернализм инерциясы: масылдық психологиясының себебі неде?

Бүгінгі қоғамда патернализм инерциясының өршіп жатқанын байқауға болады

Патернализм инерциясы: масылдық психологиясының себебі неде?
Көрнекі сурет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында әлеуметтік-демография саласы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, оларға құрметпен қарау, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне басымдық беріп келеді. Бұл саладағы өзгерістер мен толықтырулардың нәтижеге бағытталуы үшін тек Қазақстан Республикасының Үкіметі, мемлекеттік органдары ғана емес, сонымен қатар жалпы әлеумет  қоғамдық сананы қалыптастыруға жұмыла күш салуы қажет. Алайда бұл «Үкімет өлтірмейді» деген масылдыққа алып келмеуге тиіс, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Нарық заңдылығына сәйкес, патернализм жағдайында оптималдық тепе-теңдік сақталған жөн. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауында осы мәселе қадап айтылды.

Бүгінгі қоғамда патернализм инерциясының өршіп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан секілді дамушы мемлекетке «мен еліме не бере аламын, қалай пайдалы боламын?» деген көзқарастағы еңбекқор жастар керек. Өйткені жаһандық өркениетте масылдық пен жалқаулық Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттер мен саралау позициясына қайшы келеді.

Басты себеп мынада: нарық құрылымы өзгерген сайын экономикалық сұраныс құндылығы инновациялық стратегияларға көшеді. Бұл ретте  әлеуметтік көмекпен ғана жан бағып жүргендер мен еңбекке жат «мемлекет міндетті» деген қағиданы ұстанушылар – нарық кеңістігінің шекаралары кеңейген уақытта, Президентіміз басымдық берген озық стратегияның жүзеге асуынан бұрын шығындарды көбейтуге жол ашады.

Мемлекет басшысы әлеуеті осал топтағыларды қолдау мен құқығын қорғау мәселесінде де нарықта бәсекенің маңыздылығын арттыру  масылдықты жоятын жүйелі тәсіл екенін белгілеп отыр. Жалпы қоғам үшін алдымен құндылық серпілісі басты орында болуға тиіс.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде психолог мамандар көпшілікке «ешкімнен ештеңе күтпе!» деген қағиданы тіршілігінде ұстану керек алтын ереже деп көрсетіп жүр. Жөн-ақ. Бұл мүмкіндігі шектеулі, ерекше қажеттілігі бар, әлеуметтік осал топтағылар үшін емес, ел дамуына тың инновация әкелетін тек дені сау адамдарға ғана айтылған сөз деп қабылдауға болмайтыны даусыз.

Жасыратыны жоқ, он екі мүшесі сау бола тұра, масылдыққа үйренген, мүмкіндігін шектегендердің дені жеңіл жолмен пайда табуды көздегендіктен, еңбек өнімділігі артпай, әлеуметтік инфантилизм қалыптасып келеді.

Ғалымдардың зерттеуінше, масылдық психологияның көрінісі – бала 2 жасқа толғаннан кейін жеңіл, қолынан келетін дүниелерді істеуіне ата-аналардың мүмкіндік бермеуінен басталады. Мұны күнделікті қарапайым дүниелердің қалыпты нормаға айналып кеткенінен аңғару қиын емес. Мәселен, үлкендер тарапынан балаға берілетін шектен тыс махаббат пен қамқорлық оның өзін тануы мен дамуын тежейді. Тамақтанғанда қасықты өзіне ұстатпай, әке-шешесі аузына тосса, жыласа, бірден әлпештеп, қалауын орындаса, бала психологиясында уақыт өте келе масылдық әдеттер орныға бастайды. Сәйкесінше бұл баланың тұлғалық жетілуінде еңбек ету, құлшыну, қиындықты жеңу, шешім шығару деген сынды дағдыларға бейімсіз етеді.

Еңбек қағидаты мен заңдылығына сай болу үшін Абайдың «әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз болады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Ал әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз надан болса, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» дегенін қаперге аламыз.

Сананы тұрмыс билеген уақытта  қоғам тіршілігіндегі жағдайлардан қалыптасқан масылдық психологиясынан Президент Қ.Тоқаевтың еңбексүйгіш, мемлекетке пайда әкелетін адамдардың көп болуы үшін қоғамдық сананы қалыптастыруымыз керек дегенін дәл осы мәселенің тиімді шешімі ретінде қарастырамыз. Себебі өзіне емес, мемлекетіне арқа сүйегендер саны артса, жоғарыда атап өткен қағидат бұзылып, «мемлекет маған не бере алады?» деген принцип қалыптасады.

Әлеуметтік-демографиялық даму мәселелерін қамтамасыз ету, патерналистік көңіл күй мен масылдықты төмендету, қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, қоғамдағы инклюзияны, барлық азаматтардың өзара құрметтеу, теңдік құндылықтарын жалғастыру мен бекіту мәселесі  уақыт өтсе де, өзектілігін жойған емес.

Әлеуметтік-демографиялық саладағы проблемаларды шешу үшін мемлекетімізде «масылдық психологиясындағылар көбейді» деген дақпыртты  үдетуге де болмайды. Еңбекке бейімділікті қалыптастыратын, санаға сілкініс әкелетін адами капиталға жіті көңіл бөлінсе, жұмыссыз жүргендердің  потенциалын ашуға көмектесетін қоғамдық ұйымдар жұмысы жанданса, Мемлекет басшысы бекіткен инновациялық стратегия мен ортақ міндет, ортақ мүдде ғана  жарқын болашаққа жетелейді.

Жаһандану кезеңіндегі нарықтық экономикада нәтижелілік қана көрініс табуы қажет. Бұл еңбек күшінің артуы үшін ынталы жастар цифрлы технологиялар мен биоинженерия дамуындағы революциялық өзгерістерге де сақадай сай болу керегін ұқтырады.

Сарапшы мамандардың «пандемия кезеңінен кейін жұмысынан айырылғандар саны еселеп арта берсе, ел экономикасы біртіндеп құлдырайды» деген кеңесін есте ұстаған жөн. Себебі адамдардың белсенділігін оятып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ынтымақтастығын күшейту  экономикалық саясат пен әлеуметтік-демографияны жандандырып, халықтың масылдық психологиядан арылуына жол ашады.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 70 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40567 теңге, ал ең төменгі зейнетақы  53076 теңгені құрады. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруге тапсырма берді.

«Азаматтардың табысын арттыру үшін еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есеге көбейтпек. Бұл 1 млн 800 мың адамның әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан дамушы мемлекет болғанына қарамастан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты еліміздегі әлеуеті осал топтағылар үшін берілетін жәрдемақылардың мөлшерін жыл сайын арттырып келеді.

 Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік-демографиялық саладағы мәселелерді шешудің тиімді тетігі – әлеуметтік-экономикалық қозғаушы күшке адами капиталды нарық жүйесіне сай бейімдеуіміз керек деген стратегиясы негізінде саяси межені жаңа деңгейге көтере түспек.

Алайда қай заманда болмасын өркениеті дамыған елдерде де күні бүгінге дейін мемлекетке алақан жайған масыл топтар жоқ емес. Бұл Президентіміз айтқандай, «Үкіметтен ала берсем» деген көзқарасты қалыптастырады. Дәл осы тенденцияның расында көмекке зәру жандардың мүмкіндігін шектемесе дейміз. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік Кодекстен осы мәселенің жіті назарға алынуын баса айтты.  

 «Әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл  адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жалынсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді» дегенінен көп нәрсені түсінуге болады. Сәйкесінше бұл адамдарды экономикалық тап бойынша ажыратып, мемлекетті қанаудың жаңа формасы ретінде адамдар әлеуметтік және экономикалық өмірлерін «еркіндік» деп қабылдауға апарып соғуы мүмкін.

Алайда әлеуметтік осал топтағылар мен мұқтаждарды қамсыздандыру жүйесі    қоғамдық құрылымның либералды демократия моделінің міндетті элементін қамтымайтынын қаперде ұстаған жөн. Патерналистік көңіл күй, масылдық пен жалқаулық түптің түбінде әрекетсіздіктен шешім таппаған диллеманың апориясына апармасына сенгіміз келеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →