×

Инклюзия: балалардағы тіл кемістігін қалай жоюға болады?

Балаларға инклюзивті білім беру мен оңалту орталықтарының тапшылығы байқалды

Инклюзия: балалардағы тіл кемістігін қалай жоюға болады?
Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың зардаптары жыл өткен сайын елімізде айқын көрініс табуда. Бұл, негізінен, отбасы, бала тәрбиесі, білім беру мен денсаулық сақтау саласына өз салқынын тигізді. Дәл осы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы салдарынан әлеуметтік әлсіз топтар көбейді. Сәйкесінше балаларға инклюзивті білім беру мен оңалту орталықтарының тапшылығы байқалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Инклюзия (ағылшын тілінде – inclusion) – ендіру, қосу деген сөздің өзін жете түсінбейтін ата-аналар көп. Олай айтуға себеп болған «ауытқушылығы бар, эмоциялық өзін басқара алмайтын балаларды сау баламен бірге оқытуға болмайды, олардың әрекетін біздің баламыз өзіне көшіреді» деп қалыпты баланың ата-анасы шыр-пыр болса, «балам ерекше болып өмірге келгені үшін кінәлі емес, оны сау баламен бірге оқытпасақ, қоғамдық ортаға қалай бейімделеді?» деп дабыл қаққан екінші тарап та бар..

Ерекше балалардың даму мүмкіндігі мен танымдық әлеуетін ашуға тырысатын педагогтер «оқушы мен оқытушы» емес, «адам мен адам» парадигмасын берік ұстанады. Себебі елімізде әлі күнге дейін тіл мүкістігі бар, сөйлеу қабілеті дамымаған мектеп жасына дейінгі балалардың тілін түзеуге келгенде, өз саласын жетік меңгерген логопед-дефектологтар, тәжірибелі АФК мамандары тапшы.

Инклюзивті білім беру жүйесінде қиындықтар сан алуан. Балаларда қандай да бір ауытқушылықтар мен тіл кемістігі байқалса, ата-ана бірден логопед маманға апармай, педиатрға, ортодонт, кейін дефектолог мамандарға барып көрінуі шарт. Алдымен дефектолог маманына анықтама беріп өтейік.

Дефектолог – баланың ақыл-ой процестерімен жұмыс істейді.  Яғни ойлау, қабылдау, есте сақтау, зейін сынды қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Ал логопед – сөйлеу процесін жақсарту үшін керек. Ата-аналар ерекше қажеттіліктері бар балалары үшін  бірнеше ескеруі керек қағидалар бар:

1-қағида. Сапалы маман табу

Қазір, өкінішке орай, білім беру мекемелерінде бітірген саласы басқа бола тұра, дефектолог-логопед мамандығы бойынша қысқамерзімді курстан өтіп, сертификат алып, қызмет етіп жүргендер көп. Одан қалды, ақылы қызметін ұсынатындардың саны артты. Мамандардың айтуынша, бұл мамандықты негізінен, қашықтықтан оқытуға мүлде болмайды. Өйткені бұл – психология, педагогика, медицина саласымен тығыз байланысты. Маманның алдына келген баланың алдымен диагнозын анықтап білмей, психологиялық ахуалын реттемей, сабақ өте алмайды. Сәйкесінше, осы үш саланы меңгермеген,  логопед-дефектолог мамандығында күндізгі бөлімде оқитын студенттердей қыр-сырын жетік меңгере алмайды. Өз кезегінде бұл ата-ана мен баланың уақытын алмай, нәтиже көруіне себеп болады.  Ата-ата білу керек басты қағида: баласындағы қандай да бір ауытқушылықты байқаса, бірден білікті, тәжірибелі мамандарға жолықпастан, әлеуметтік желіде танылған әрбір «логопед не дефектолог» мамандарына апарып, баласының тағдырына немқұрайлы қарамауы қажет.

2-қағида. Ата-ана мектепке дейінгі тіл кемшіліктері бар баласын маманға әкелгенде, диагностикаға апаруы керек!

Егер маманда баланың мүмкіндігін анықтауға көмектесетін жақсы дидактикалық материалдар болса, диагностиканы бір немесе бірнеше сағаттарда оңай анықтауға болады. Логопедиялық оқу-әдістемелігі, сюжеттік картиналар, медициналық заттардан спирт, қолғап, шпатель, мақтаға оралған таяқша керек болады. Баланың жас ерекшелігіне сай методикалық ойындар ойнатылады. Мысалы, 1 жастағы бала кем дегенде 20-25 сөз білуі керек, ал 2 жастағының деңгейі – 200 сөз, яғни  2-3 сөйлем құрай алатындай болса, 3 жастағы бала кемі – 1000 сөз біліп, тақпақты жатқа айтуы керек.

3-қағида. Тұрақтылық

Ата-аналар балаларының бірден сөйлеп, аяққа тұрып кеткенін қалайды. Бала жатырға эмбрион күйінде түсіп, 9 ай 12 күнде жетіледі. Енді туылған баланың бірден отырып, жүріп, не секіріп кетпейтіні сияқты, ерекше қажеттілігі бар баланың дамуында асықпау керек. Баланың назарын аудару үшін «зейінді шоғырландыру» әдісін пайдаланған жөн.  Бұл мінез-құлқында бұзылыстары бар, аутизмнің ең күрделі түрімен ауыратын өз әлеміндегі жас өскіннің қабылдау процесін жақсарта түседі.

4-қағида. Артикуляциялық жаттығу

Инклюзивті білім беруде көптеген педагогтер баланың тіл кемістігінен сабақты ұзақ түсіндіруі керек болады. Егер ата-ана балаларымен үй жағдайдында артикуляциялық жаттығу жасататын болса, бұл проблеманың шешімі де жеңілдей түседі. Мәселен, балалар көбіне р, ш, с, л, ж әріптерін айтуға қиналатындықтан, тіл ұшы, тіласты, жақасты бұлшықеттерінің әлсіздігіне байланысты логомассажды да қолдауға болады. Нейрогимнастика мен артикуляциялық жаттығулар баланың дұрыс сөйлеп кетуі үшін сіз қалаған нәтижені бермеуі мүмкін. Сол себепті көбіне логопедиялық массаж тілдегі спазмдарды кетіріп, тіл ұшына қан жүгіртеді. Бұл баланың дыбыстарды анық айтуына көмектеседі.

5-қағида. Маман жаңа технологиямен жұмыс істеуі қажет

Көбіне балалар туылған кезде гипоксиямен ауырады. Миға оттегі жетіспеушілігінен тіл кемшілігінің бұзылыстары пайда болады. Салдарынан сөйлеу жүйесін басқаратын жүйке талшығы қызметі тоқтайды. Оны тірілту үшін арнайы логопедиялық аппараттарды қолдану керек. Осылайша түзету жұмыстары барысында аз уақыттың ішінде-ақ ата-ана қалаған оң нәтижені көре болады. Көптеген мамандар осы сала бойынша тыныс алуды жақсарту бойынша жұмыс істейді.  Сондай-ақ ұсақ қол моторикасы да керемет нәтиже береді. Ал бұл логоневрозды кетіреді.  

6-қағида. Төзімділік     

Баланың денсаулығының ең ауыр деген жағдайында да, ең алдымен, ата-ана үмітін үзіп, сынып кетпеуі керек. Ата-ананың ішкі хәлі дұрыс болса, баласының да денсаулығы жақсара түседі. Себебі 24 сағат қасында болатын маман емес, өздері. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды әлеуметтендірудің оңтайлы жолын, әрдайым баласының жанынан табылатын, оған қандай методиканың тиімді екенін, заңнамамызға нендей өзгерістер мен толықтырулар жетіспей тұрған шикі тұстарын жіліктеп тұрып түсіндіріп беретін ерекше баланың ата-анасынан артық кім айта алсын. Ендеше, инклюзивті мектептен балаңыз қалыпты балалар баратын білім ошағында білім алсын десеңіз, үй жағдайында кешенді әрі тұрақты жұмыс істеңіз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →