×

Диана Рахимова: Жасанды интеллект арқылы балалардың сөздік қорын дамытамыз

Жаңа платформа сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған

Диана Рахимова: Жасанды интеллект арқылы балалардың сөздік қорын дамытамыз

Ерте жастағы бала дамуының индексі – танымдық, дене, әлеуметтік-эмоционалдық және оқу мен санау дағдысы бойынша есептеледі. Qaz365.kz тілшісі ата-аналар үшін әлеуметтік қолжетімді жаңа жоба жайлы жас ғалымның өзінен сұрап көрді.

«Ақпараттық технологиялар дамыған уақытта смартфонсыз тамақ ішпейтін, гаджеттен бас алмайтын балалар саны артты. Салдарынан балалардың сөйлеу қабілеті кеш дамуда. Алайда сол заманауи технологияның тиімділігін пайдаланып, мәселені шешуге болады», – дейді Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, PhD  Диана Рахимова.

Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің мәліметіне сүйенсек, ерте жастағы бала дамуының пайыздық көрсеткіші 36-59 ай жасындағы балалардың 85,5%-ын құрайды. 98,3% – дене дамуы саласында, 97,2% – танымдық дамыту саласында, ал 82,1% – әлеуметтік-эмоциялық дамыту саласын көрсетіп отыр. Жас ғалым Диана Рахимованың айтуынша, сандық технологияны тиімді пайдалансақ, балаларға келетін қауіп жоқ.

Отбасымдағы қиындық үлкен жоба жасауыма түрткі болды

«2010 жылдан бастап, қазақтілді цифразациялау саласында жұмыс істеп келемін. Бұл менің алғашқы жобам емес, бұған дейін аударма, іздеу жүйелеріне жасанды интеллектті баулу бойынша зерттеу жүргізумен айналыстым. Тек ғылыми бағытта ғана емес, осы сала бойынша мамандарды дайындау үшін факультетімізде «Есептеуші лингвистика» деген магистратура бағдарламасын аштық. Қазір бағдарламаның әзірлеушісі әрі кординаторы болып жұмыс істеймін. Бұл жобамен айналысуыма отбасымда орын алған 5-6 жыл бұрынғы жағдай әсер етті. Баламның сөйлеу қабілетінің дамуында үлкен қиындықтарға тап болдық. Ол кезде қазақ тіліндегі сандық пайдалы ресурстар мүлдем болмады. Мамандар тапшы. Осы мәселені шешу үшін қазіргі технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, білім алып, сол жүйені өзіміз жасай алатынымызға көзім жетті», – дейді ғалым.

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі сөйлеу қабілеті нашар балалар саны 2010 жылы 2 мың, 2020 жылы 4 мың, ал 2023 жылы 6 мыңнан асқан. Бұл ресми тіркелген балалардың көрсеткіші. Әлі тіркеуде тұрмаған, тексерілмеген балаларды ескерсек, бұл есеп шамамен 2-3 есеге артады.

Жасанды интеллект технологиясы негізінде сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған оқыту әдістері мен электрондық ресурстарды  зерттеу және әзірлеу жобасының жетекшісі Диана Рахимова платформа тек мектеп жасына дейінгі балаларды ғана емес, сонымен қатар аутизм, даун синдромы бар ерекше балаларды да дамытатынын айтады.

«Біз бұл жобаны жасамас бұрын логопед-дефектолог, педагогтер мен ата-аналардың пікіріне құлақ асып, шағымдарын ескеріп барып дайындадық. Балалар үшін өте қарапайым әрі ыңғайлы формада ең жеңіл методикамен әзірленді. Бағдарламалық қамтамасыз ету мен білім беру ресурстарын талдау кезінде оқыту тілі, жас классификациясы, дауыстық интерфейсті қолдау, оқу материалдарына анимация жасау сынды басты критерийлерге басымдық бердік. Сондай-ақ 1-6 жас аралығындағы балалардың сөйлеу тілін дамытуға бағытталған «Zerek TV»,  «Balakai»,  You Tube желісіндегі танымдық-дамытушы арналар сарапқа алынды. Нәтижесінде қазақ тіліндегі әдістемелік жоқ екені анықталды», – дейді ол.

Бүгінде ютуб арналар мен өз методикасын ұсынатын инстаграм парақшалар көп. Мектепке дейінгі балалар үшін сауат ашу, санау, сурет салумен ғана шектелген мобильді қосымшалар да жоқ емес. Алайда олар баланың сөйлеу қабілетін жақсартуға арналмаған. Мысалы, 2-3 жастағы балалар кемі – 300 сөз, 4-5 жастағылар – 1500, 5 жастан асқан баланың 3000-нан аса сөздік қоры болуы қажет. Жаңа жобаны жасау кезінде ғалым осы мәселені шешуге басымдық бергенін айтады.

«Ақпараттық технология көмегімен балалардың сөйлеу қабілеті дамуы үшін заманауи қызықты методикамен қоғам дертін шешуге тырыстық. Біз ұсынатын визуализация форматы арқылы баланың дыбысты қабылдауы мен сөйлеуіне басымдық беріледі. Электронды жүйедегі нейролингвистикалық сөздік баланың жасын ескере отырып, тақырыптық бағыттар бойынша бөлінді. Мысалы, отбасы бағытында балаға ана, апа деген сөздер түсіндіріледі. Ана – мейрімді, қамқор, нәзік деген сынды сын есімдермен беріледі. Ал бау-бақша бағытында алма көрсетілсе, ол – домалақ, түсі қызыл деген сияқты сипаты айтылады. Баланың сөздік қорын ассоциация тәсілімен жетілдіру жеңілірек болады. Мектеп жасындағы балалар оқи алмайтындықтан, аудио және видео сабақтарды қатар дайындадық. Біздің жоба екі контентке негізделіп, құрастырылды. Бірі  балаларға арналса, екіншісі ата-аналарға қатысты пайдалы кеңестер мен диафрагмалық ақпараттармен қамтылған», – дейді Диана.

Мақсатымыз – пайда табу емес, пайдалы болу

- Жоба – әлеуметтік-қолжетімді. Өзіңіз білесіз, тегін дүниенің құндылығы жоқ. Болашақта платформа ақылы болуы мүмкін бе?

– Бұл жоба Отанымызды, тілімізді  сүйгендіктен, еліміздің патриоты ретінде ғылымға қосқан аз ғана үлесіміз деп білемін. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жалпы республика жұртшылығы үшін қолжетімді болсын дегенді ғана мақсат еттік. Алдағы уақытта  Appstore Android cияқты үлкен платформаға шығаруға дайындық жүргізудеміз.  Болашақта сұраныс көбейсе, жүйені толықтыру не қандай да бір өзгерістер енгізу керек болса, оны да жасауға дайынбыз. Бұл қазақ тіліндегі сөйлеу қабілетін дамытатын алғашқы балалар жобасы. Мақсатымыз – пайда табу емес, пайдалы болу. Себебі тек ата-аналарға ғана емес, логопед-дефектолог мамандардың да жұмысын жеңілдетеді. Видеосабақпен дайындалатын балада, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерімізде нәтиже айтарлықтай жоғары болады деп айта аламын.

– СДВГ балалар үшін бұл жоба қаншалықты қызық болмақ?

– Баланың көпшілігі қазір телефонда отырады. Ақпаратқа қызығушылығын ашу үшін ойын түріндегі методикамен ақпарат беру керек. Әр баланың жасына байланысты ойындар бар. 2-3 жастағыларға фигураларды көрсету арқылы сөйлеуін, зейінін ұстау тұруды мақсат етсек, 4-5 жасар баланың гипербелсенділігіне қарай компоненттерді жинау, анимациялық ойындар көрсетілуі керек. Бұл жоба былтыр күзде ғана басталды. Жұмыс істеп жатқанымызға бірнеше ай ғана болды. Осыған байланысты болашақта балаларды жалықтырып алмас үшін қызықты ойындарды кіргізгелі отырмыз.

– Бүгінде балаларда  қабылдау процесінің бұзылысы жиіледі. Сіздің методика сенсорикаға қалай әсер етеді?

– Бала тілінің тез дамуына сенсорика мен моториканың әсері орасан зор. Қалам ұстау, сурет салу, мозайкаларды құрастыру, дидактикалық  жұмыстар бойынша тапсырмалар бар. Біздің жобамыз тікелей видеосабақтармен өтетіндіктен, бала оны қайталап көру арқылы нәтижеге жете алады. Алайда тек бір рет қана емес, жүйелі түрде сабақты көруі қажет.

– Бұл жоба  дислексик балаларға қандай көмек бере алады?         

– Негізгі бағытымыз 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қамтиды. Біздің жоба дислексия мәселесін түбегейлі шешеді деп айта алмаймын, бірақ тілін дамытуға фонетикалық тұрғыдан дыбысты қалай сезу керек, қалай дұрыс айту керек деген мәселеде көмегін тигізеді. Болашақта  машиналық есептеуді қосып, зерттеу жүргізбекпіз. Яғни балалардың буынды, дыбыстарды кедергісіз айтуына ықпал етіп, оң әсерін береді. Біздің платформамен дайындалған бала мектеп жасына келгенде, бұл проблемамен ұшыраспайды.

– Стартап жобаны жасау барысында қандай ресурстық кедергіні байқадыңыз?

– Өте маңызды сұрақ. Жобаны дайындау барысында қазақтілді әдеби материалдардың тапшылығы білінді. Бұл тек балаларға ғана емес, сондай-ақ электронды ашық зерттеуге арналған қазақтілді ресурстардың жоқ екенін көрсетеді. Оның ішінде балалар дауысты тану, дыбыстарды есту жағынан қазақтілді балалардың тілдік даму корпусы мүлде жоқ. Қазір осыған байланысты кішкентай балалардың даусымен аудиожазбаларды жинау арқылы корпус дайындаудамыз. Осылайша ғылыми жоба 200-300 сағаттық өңделген, тазаланған, мәтіндік ресурстар жағынан байытылған корпусты құрастырып шығады. Бұл жоба жас ғалымдарға арналған байқау аясында мемлекет гранты есебінен қаржыланатындықтан, демеушілік жағынан мәселе жоқ. Бұл жоба негізінен 40 жасқа дейінгі ұстаздар, магистрлер мен студент  жастарды ғылымға қызықтыратын, жаңалық ашатын, ізденіске апаратын үлкен бастама дегім келеді. Себебі осы арқылы ресурстық қиындықтарды шешудеміз. Керісінше бұл мәселе жобаның қолжетімділігін арттыра түседі деп сенемін.

– Платформада диафрагмаға арналған қандай жаттығулар бар?

– Бала тілінің дұрыс шығуына, дыбыстарды қатесіз айтуына диафрагмалық жұмыс өте қажет. Арнайы логопед мамандармен бірге жұмыс істегенде ғана нәтиже береді. Біз өз тарапымыздан оны ұсыныс ретінде ата-аналарға бере аламыз. Себебі бала мұны тек отбасы мүшелерінің қадағалауымен жасауы қажет. Және алдағы уақытта осыған байланысты ойындарды да көбірек қосатын боламыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →