×

«Мәселе тек қомақты ақшамен шешіледі»: Халық пен кәсіпкерлердің Көлсайдағы дауы неге тығырыққа тіреліп тұр

Бұл дауға не себеп болды?

«Мәселе тек қомақты ақшамен шешіледі»: Халық пен кәсіпкерлердің Көлсайдағы дауы неге тығырыққа тіреліп тұр
Ашық дереккөздерден

Алматы облысы Көлсай көліндегі мәселе бойынша жергілікті халық пен кәсіпкерлер өзара келісе алмай, даудың түйіні шешілмей тұр. Бір қарасаң, екі тараптың да аргументінің салмағы бар. Бірі көл мен жердің, экологияның ахуалын алға тартса, екіншісі мемлекет билігі жиі айта беретін туризмнің тізгінін ұстағандар.

Бұл дауға не себеп болды? Әрі оны реттеудің неге жолы табылмай тұр? Жергілікті халықты кәсіпкерлермен тірестіріп қойған биліктегі кімдер? Qaz365.kz тілшісі осы мәселеге үңіліп көрді.

Халық неге наразы?

Саты ауылының тұрғындары «Көлсайдағы қонақ үйлерде кәріз жүйесі жоқ, су жерге ағып жатыр» деп дабыл қағады. Олардың сөзінше, ұлттық парк аумағындағы шұрайлы жерлер жекенің қолына өтіп, кәсіпкерлер жаппай қонақүй мен дәмхана тұрғызған. Таулы аймақтағы демалыс орындарында кәріз жүйесі жоқ. Қонақ үйден далаға арнайы тартылған құбырға қарағанда, кәріз суы бірінші рет емес, ұзақ уақыттан бері тоқтаусыз ағып жатқан көрінеді. Саты ауылының өре түрегелуіне түрткі болған да осы мәселе.

Былтыр желтоқсанның 17-і күні бұл деректі Саты ауылдық округінің әкімі Батанов бастап, учаскелік полиция, табиғат инспекторы ауыл тұрғындарымен бірлесіп, қонақ үй орналасқан 9 орам 23 телімді  тексерген. Видеода көрсетілген мәліметтер расталған. Ережеге сәйкес кәріз сулары құбырға жиналып, арнайы көліктің көмегімен шығарылуы керек. Алайда кәріз суы құбыр арқылы Көлсай өзеніне қарай жайылғаны анықталған. Комиссия мәліметтерді Кеген аудандық полиция басқармасына жолдаған. Сол тұста Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі де бұл ақпаратты растап, тиісті тексерулер жүргізу үшін облыстық Экология департаментіне жолданғанын хабарлаған еді.

«Дәрет, кір суы, түрлі зат бар. Таза, мөлдіреген суға ағызып отыр.Ол суды ішкен адам да, мал да ауру болады. Бұл ертең ағып кетуі де мүмкін, мына жер. Негізі үй салынуға тыйым салынған жер. Мына егілмелі тас, ертең астына су кете береді, мына жердің табиғаты бұзылады», - дейді жергілікті тұрғындардың бірі Ұлан Есікбай.

«Үніміз Ақордаға жетсе дейміз»»

«Ендігі жерде бұлай қоя алмаймыз» деген сатылықтар бұл мәселенің Ақордаға жеткенін қалайтынын бұған дейін айтқан.

«Қонақ үйлер салынған жерінің де заңдылығы күмәнді. Тура көлдің жағасында егіліп тұрған беткейге салынған. Бұл аумақ сейсмоқауіпті. Аздаған жер сілкінісінің өзіне егіліп кетуі мүмкін. Оған қарамастан қонақйүдің кәріз суын жерасты арқылы төгіп келген, бұл жердің егілуіне одан ары ықпал етеді. Сондықтан осы және басқа да  қонақүйлердің заңды тұрғанын анықтау және өзенге кәріз суын төгу мәселесі бойынша республикалық деңгейде комиссия құрылғанын сұраймыз. Мұндай «инвесторлардың» табиғатқа пайдасынан зияны көп болып тұр. Бұл мәселеге бұқаралық ақпарат құралдары назар аударып, билікке үніміз жетсе», – дейді тұрғындар.

Кәсіпкер: «Біз биліктегілерге бұрын да ескерткенбіз»

Осы мәселе жөнінде Алматы облысында тағы да үлкен жиын болып, оған ауыл тұрғындары, сондағы кәсіпкерлер де қатысты. Қонақ үй иелерінің бірі, кәсіпкер Марат Жүргенбаев өз уәжін айтады. Ол осы мәселенің көтерілгеніне тіпті дұрыс деп есептейді.

«Біріншіден, біз бір-ақ күнде келіп, осы жерге қонақүйлерді салып алғанымыз жоқ. Бұл Ұлттық парктің өзінің белгілеген жері. Әу баста бұл жерде салуға қарсы болғанбыз. «Бұл жерге салмайық, осы жерде парк жасайық, автотұрақ тұрған жерге қонақүй салайық» дедік. «Жоқ, біз Үкіметке дейін дәл осы жерде салынады деп көрсетіп қойдық, осында саласыңдар» деген ол Ұлттық парктің өзінің шешімі. Бұл бір», - дейді ол.

Екіншіден кәсіпкер, дәл осы залдың ішіне кезінде премьер-министр, екі министр, облыс әкімі келіп, үлкен жиын өткенін еске алады. Жүргенбаевтың өзі 67 млн теңгеге жоба жасаған. Көлден бері қарай 1,5 шақырым жерден жер алған. Жоба биліктегілерге әбден ұнаса керек.

«Бұрынғы премьер-министр осы жерде отырып, «қандай керемет салып жатырсыздар» деп қуанды.  «Сендерде қандай мәселе бар?» деп сұрады. Сол кезде екі министрдің көзінше «жол бар, жарықты өзіміз тартып алармыз, ертең бәрін салғанда бұл жерде канализация деген үлкен мәселе туындайтынын» ескерттік. Олар «дүние жүзінде қандай тәжірибелер бар?» дейді. Біз оларға «дүние жүзіндегі тәжірибелер біздің Алматы облысына жарамайды» дедік, өйткені Грузияда, Швейцарияда кәріз құбырынан шыққан су әбден тазартылып, оны кәдімгі көлге құюға рұқсат етіледі. Мен Экология министріне «мен осы жерге шет елдердегідей отчистной сооружениені қоям, сіздер ертең кәріз құбырынан келіп, тазартылған суды көлге құюға рұқсат етесіздер ме?» деп сұрадым. Олар «бізде шектейтін заң жоқ, әлбетте береміз» деді», - деп еске алады өткен күндерді кәсіпкер.

Жүргенбаевтың айтуынша, Көлсайға бұрын жылына 20 мың адам келсе, қазір 200 мыңнан асып жығылады.

«Егер тура осылай немқұрайлы қарайтын болсақ, 10 жылда Сатымен қосып, осы жердің бәрі, кешіріңіздер, боқтың астында қалады» деп ескерткенбіз. Мұны тек Үкімет үлкен қаржы бөліп немесе шетелден инвестиция тартып жасайтын дүние. Міне, содан бері инвесторларды шақырудан шаршаған жоқпыз. Аудан әкімдерінің бәрі біледі. Биыл бір Түркияның азаматы табылып еді. Осындай мәселе туындап еді (сатылықтардың наразылығы), олар да қазір қорқып жатыр», - дейді ол.

Кәсіпкерлер де Жібек жолынан бастап Сатыға дейінгі канализацияның бәрі де далаға шығарылуы керек деп есептейді. Туризмді дамыту үшін мәселені жұмыла көтеруге шақыраы. Жібек жолынан Сатыға дейін 150 қонақүй бар болса да, олар бірігіп, қымбат болғандықтан үлкен кәріз жүйесін, тазартатын құрылымды жасай алмайтынын айтады.

Кәсіпкерлер сонымен қатар, Көлсай жер сілкінуден пайда болғандықтан, біз беріктігі әлсіз жерде тұрмыз деп есептейді. Шөгінді жыл сайын жақындап келе жатыр. Сол үшін олар Ресейдің мамандарын тартқан. Естулерінше, шөгіндіні тоқтата алатын материалдар бар. Олар тоқтата алмаса, «бәрібір бұл жерден кетеміз» дейді.

«Баталовтың батасы»

Екінші кәсіпкер Қанат Өскенов 2022 жылы облыс әкімі болған Амандық Баталов «қонақүй сал» деп ұсыныс жасағанын еске алады. Кәсіпкер сол кезде әкімге жерді ауыл шаруашылығы мақсатынан туристік мақсатта аудару керектігін ескерткен. Баталов құзырлы органдарға тапсырма берген. Уәде бергеннен кейін Өскенов 2,5 млн доллар салып, екі жарым айдың ішінде 8 үйді, мейрамхана салған.

«Содан бері енді маған жердің құжатын бермей жатыр. Облыс әкімі жер басқармасына қоңырау шалып, «сотқа бер» деп, бірінші сотта жеңіліп, 500 мың теңге айыппұл төледім. Облыс әкімі ГАСК-қа тапсырма беріп, «заңсыз құрылыс» деп танып, тағы сотқа бер дейді. Облыс әкіміне кіргенде «сіздің мақсатыңыз не? Жер жекеменшік. Демалатын орын болмаса, ауыл шаруашылығы жеріне мал қора салып тастаймын. Одан басқа ештеңе жоқ» дедім.

Менде қазір өтініш: Қасым-Жомарт Кемелұлы елде туризмді дамыту керек деп жатыр. Біз қалай дамытамыз? 25 жыл бұрын жерді сатып алғанмын. Осы жерді дамытайын деп қаншама ақшаны құйып жатырмын. Жердің нысаналы мақсатын ауыстырып беру – әкімнің міндеті. Бірақ әкім ауыстармай жатыр», - дейді ол.

Кәсіпкер қонақүйге су мен жарықты тартқан. Интернет қосқан. Бар жағдайды жасағанымен, канализация жоқ. Септик, сүзгі бар. Бірақ бұл жерге үлкен жұмыс, үлкен қаражат керек. Әкімдіктегілерден кәсіпкер көмек сұрамайды. «Кедергі болмасаңдар» деп өтінеді.

«Мен құрылысты бастағанда облыс әкімі, Ұлттық парк директорының бәрі болды. Ешкім қарсы болған емес. Аудан әкіміне дейін келді. Тұрғындар болмады. Сатының адамдары жұмыс істеп жатыр. Мен оларға 200-300 мың теңгеден ақша төлеймін. Мұнда ешқашан су болмаған. 28 млн теңге салып, суды бері көтердім. Оның бәрі жұмыс. Әрине, ауылмен жұмыс істеу керек. Әкім «ақша керек» деп қоңырау шалады. Мен әлі жұмысты бастаған жоқпын. 200 адамға дейінгі бассейн салмақ едім, егер керек болмаса, жауып тастаймын», - дейді ол.

Әкімдіктегілер неге сүттен ақ, судан таза?

Жиынға келген Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы үш гектар жер белгіленіп, жобалау жұмыстары жүргізіліп, болашақта кәріз жүйесі, сүзгі алаңын қойылатынын айтады. Жобалауға миллион теңге бөлініп, құжаттама жасалған. Енді сол құжаттамаға сәйкес 760 миллион теңге керек.

Әлбетте, әкімдіктегілер «осындай шаруа қолға алынады» дегенімен, сенім жоқ. Бұл жерде бюджеттен немесе ірі инвестордан үлкен қаражат керек. Ол шаруа қолға алынбайынша, жергілікті халық пен кәсіпкерлердің текетіресі ушыға бермек.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Кеше, 17:28

Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Техникалық қадағалаушы анықталған соң, жұмыс кестесі бекітіледі
Салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған
Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →