×

Қоғам белсендісі Елтаңба ауыстыру бюджетке қанша шығын әкелетінін есептеп шығарды

Боқаев жұмсалатын миллиардтарды есептеп, бұл жерде біреулердің мүддесі тұрғанын айтады

Қоғам белсендісі Елтаңба ауыстыру бюджетке қанша шығын әкелетінін есептеп шығарды
Фото: ашық дереккөзден

Қоғам белсендісі Елтаңба ауыстыру бюджетке қанша шығын әкелетінін есептеп шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың айтуынша, Елтаңбаны ауыстыру үшін бюджетке жалпы сомасы 10 млрд теңгеден астам шығын келуі мүмкін.

«Мен қазір облыстық емхана ғимаратының алдында тұрмын. Оның жақтауында біздің Елтаңба тұр. Қазақстанның Елтаңбасы. Өте әдемі. Жақтауға жабысып тұрған, диаметрі 50 сантиметрлік Елтаңбаның біреуі 70 мың теңге тұрады. Одан үлкенірек, мемлекеттік органдарға ілінетін диаметрі 1 метрлік Елтаңба шамамен 140 мың теңге тұрады. Мемлекеттік мекемелердегі, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы біздің шенеуніктердің кабинеттеріндегі, одан бөлек дәл осындай бюджеттік мекемелердің ғимараттарындағы Елтаңбаларды ауыстыру үшін бір жылдың өзінде 7-8 млрд теңге жұмсаймыз. Одан бөлек, біз бланкалардың бәрін, мекемелердің, елшіліктердің ғимарат, қағаздары бәрі Елтаңбамен тұр. Оның бәрін ауыстыруға тағы да 2-3 млрд теңге керек. Бізге дәл қазір осындай шығынның не керегі бар?» - дейді ол әлеуметтік желіге жариялаған видеосында.

Боқаев жұмсалатын миллиардтарды есептеп, бұл жерде біреулердің мүддесі тұрғанын, яғни бәзбіреулер осыдан табыс тапқысы келетін секілді деп болжайды.

«Біздің Елтаңба азаматтардың қабылдауы жағынан ешқашан күрделі болмаған. Енді алады да, бір-ақ күнде күрделі болып шыға келеді. Мен ол жерден совет дәуірінің еш белгісін байқаған емеспін. Мен совет билігінің белгісін біздің елді басқару стилінен байқаймын. Сол себепті мен Елтаңбаны әдемі әрі уақыт талабына сай деп білемін. Бізде ауыл немесе қаланың атауын өзгерту, уақыт белдеуін өзгертуге құмар. Енді міне, мемлекеттік рәміздерге де жетті. Бізде онсыз да проблема мен тапсырма көп. Одан да маңызды мәселелер көп», - дейді Санжар Боқаев.

Еске сала кетейік, 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елтаңбаны өзгерту жайлы пікір білдірген еді.

«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – дейді Мемлекет басшысы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →