Оңалтуға бағытталған шара көп
22 наурыз күні Ресейдегі Crocus City Hall концерт залында ірі теракт болды. Кейінгі деректерге сүйенсек, 360 адам зардап шегіп, 143 адам қазап тапқан. Араға бір күн салып, күдікті ретінде Тәжікстанның екі азаматы ұсталды. Осы жағдайдан соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен жиналыс өткізді. Халықтың амандығын сақтау, терроризмге қарсы күрес жүргізуге қатысты шаралар жасалатыны айтылған еді. Осы ретте тілшіміз жыл басынан бері терроризммен күреске бағытталған шараларға қатысты мемлекеттік сатып алуларға шолу дайындады.
Оңалтуға бағытталған шара көп
«Терроризм» кілтсөзі бойынша порталда 1000-нан астам хабарландыру шықты. Оның ішінде 2024 қаржылық жылға жоспарланғаны – әзірге 77 хабарландыру. Алдымен жыл басында жарияланып, орындалған тапсырыстардан бастайық. Жыл басында «Қызылорда облысының дін істері басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі түрмеде жазасын өтеп жатқандарды оңалтуға қатысты жұмыс жүргізбек болып, байқау жариялаған. Дегенмен өтінім бергендер саны екеуден аз болғандықтан, өтпей қалыпты. Әйтсе де, терроризм мен экстремизмге қарсы иммунитетті қалай қалыптастыруды ұсынғанын қарап көрелік. Құжаттарын шолып шықтық. Техникалық спецификациясында оңалту жүргізетін 6 білікті маман жазасын өтеп жатқан 30 адаммен жалпы саны 200 жеке кездесу өткізу керек делінген. Ал топтық кездесуде – 5 адамнан. Сонымен бірге спорттық, шығармашылық іс-шаралар өткізіп, ынталандыру сыйлығын беру де жоспарланыпты. Түзету мекемесінің кітапханасы қорын кемінде 50 кітаппен толықтыру деген де шарт бар. Осы мақсатта бюджеттен 2 744 642.86 теңге бөлінбек болған.
Скриншот goszakup.kz сайтынан алынды
Қаңтарда Батыс Қазақстан облысына тиесілі Ақжайық ауданының Ішкі саясат бөлімі 8 миллион теңгеге байқау жариялаған. Аудан тұрғындарының бойына терроризм мен экстремизмге қарсы иммунитетті қалай қалыптастыруды жоспарлап отыр? Құжатқа үңілейік. 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында ай сайын өткізіліп тұруға тиіс іс-шаралар толық жазылған. Оның ішінде ауданның барлық 18 ауылына барып, жеке және жалпы кездесулер өткізу бар. Осы мақсатта маман тартылады, шығындары өтеледі. Деструктив діни ағым мүшелерін анықтаудың жолы ретінде ауданның ішкі саясат бөлімі дөңгелек үстелді ұсынған. Құжатта ол былай берілген: Діндар әйелдер арасында қазақ халқының салт-дәстүр, мәдениеті, тарихы қамтылған (7-ден кем емес) дөңгелек үстел мен сұхбат ұйымдастыру және өткізу. Келесі іс-шара – үлестіретін материалдар. Діни экстремизм идеологиясының алдын алу жөніндегі ақпараттық үлестірмелі материалдарды (10 мың данадан кем емес) басып шығарып, қоғамдық орындарда жыл бойы таратылады екен. Қағаз шығынан бөлек, бұдан әлдебір нәтиже бола ма, жоқ па белгісіз. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат беріп отыру үшін SMM және IT-маман тартылады екен. Аудиториясы көп парақшаларға пост шығаратын да жоспар бар. Тікелей эфирлер, бейнероликтер жасау да осы мамандарға жүктеледі. Ал жыл соңында атқарылған істер БАҚ-та жарияланады деседі. Жалпы саны 5 мақала шығару жоспарланған. Бұл байқауға үш өтінім келіп түскен. Жеңімпаз болған «Ақиқат»
ҚҚ барлық тапсырманы 7,9 миллион теңгеге істеуге келіскен.
Скриншот goszakup.kz сайтынан алынды
Дәл осындай мақсат көзделетін хабарландыру жетіп артылады. Әр облыс осындай мазмұндағы байқауларын жариялаған. Талаптары да ұқсас. Айырмашылығы — сомасында. Мысалы Ақмола облысының Ерейментау ауданының Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жыл бойы жүргізілетін жұмыстарға 1 525 000 теңге бөлген. Бірақ мұндағы ерекшелік — дәстүрлі дінді ұстанбайтындарды анықтап, жасалған тізім бойынша оңайту жұмысын жүргізіледі делінгенінде. Орысша және арабша жақсы білетін сарапшы маман тартылып, сол жеке кездесу өткізеді. Одан бөлек, халыққа ақпарат беру мақсатында сабақ ұйымдастырылады. Шарттар осындай. Дегенмен бір өтінім беруші ғана табылғандықтан, байқау өтпей қалған.
Жезқазғанның қарқыны қатты
Мазмұндас хабарландырулардың ішіндегі ең көлемділерін тізбектеп, талдап көрелік. Мысалы Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі жыл басында байқау жариялаған. Жоспарланған сома — 8 миллион теңге. Өтінімдер арасынан жеңімпаз болған «AQNIET ақпараттық-насихатау және оңалту орталығы» ҚҚ қызмет үшін 7,7 миллион теңге ұсынған. Техникалық сипаттамаларына қарасақ, атқаратын іс-шаралар легі мынадай: әлеуметтік желі, мессенжер, электрон БАҚ арқылы ақпарат беріп отыру, ресми аккаунтта 4 байқау өткізіп, ақшалай не бағалы сыйлық беру, жергілікті БАҚ-та айына 2 мақала шығарып отыру, буклеттер шығару, барлық мектепті қамтып, ол жерде кездесулер жасап, трениң форматында өткізу, сыйлықтар беру. Ал енді радикал топқа еріп кетуі мүмкін азаматтарды анықтау үшін мекеме «ең проблемалы санатқа» жататындар тізіп шықпақшы. Белгі ретінде мынадай топты назарға алады екен:
Бұдан қала берді мешіт жамағаты арасында садақ атудан жарыс өткізіп, 200 мың теңге жүлде қорын белгілеген. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы видео байқау ұйымдастырылатынын, жүлде қоры кемінде 500 мың теңге болатынын көрсеткен. Шарттардың ішінде 2 бейнематериал жасау, әлеуметтік желіде жариялау, үлестіретін материалдар шығару, теологтармен кездесу деген де бөлімдер бар.
Жезқазған қаласының Ішкі саясат бөлімі бұл мақсатта 18 520 000 теңге бөлген. Нендей ерекшеліктері бар екен? Құжатқа қарасақ, экстремисттік діни ағымдар идеологиясының ықпалына түскендерді оңалту үшін арнайы мамандар тартып, оларға жалақы мен қаламақы тағайындайды. Айына кемі 20 адаммен 25 кездесу өткізу жоспарланған. Жыл бойғы жұмыс нәтижесі ретінде кемінде 15 пайызының «бетін бері қарату» мақсаты қойылып отыр. Семинарлар, топтық кездесулер, Наурыз, Құрбан айт, Ораза айы, Мәуліт мерекесі аясында ауқымды іс-шаралар өткізіледі делінген. Жұмыстарды әлеуметтік желіге салып отыру керек, ол мақсатта таргет қолдануға болатыны жазылған. Қажет болған жағдайда экстремистік діни топтардың идеологиясына түскен мұқтаж азаматтарға, оның ішінде сотталғандарға материалдық көмек көрсету де қарастырылған. Сондай-ақ, Жезқазған қаласы аумағында орналасқан түзету мекемесіндегі сотталған азаматтарға Қазақстан және әлем тарихынан топтық дәрістер өткізілуге тиіс. Осы жұмыстың бәрін бұған дейінгі атап өткен байқауды ұтқан «AQNIET ақпараттық-насихатау және оңалту орталығы» ҚҚ атқарады деген келісім жасалған. Бірлестік қызмет көрсету үшін жоспарланған сомадан 520 мың теңге аз ұсынған.
Ұлытау облысы күреске шындап кіріскенге ұқсайды. Себебі қаражаты ауқымды әрі байқауды көп жариялаған аймақтың бірі болып отыр. Жоғарыда 18 миллион теңгеге іс-шара өткізуді мойнына алған Ішкі саясат бөлімі бұдан бөлек тағы 6 миллион теңгелік хабарландыру жариялаған. Атауы мынадай: Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін белгілі теологтардың мақсатты топтармен кездесулерін ұйымдастыру қызметтері. Осы жеке байқаудың шарттарын қарадық. Мұнда қалаға арнайы маманның кеміне 2 күннен, бір жылда 10 рет келетіні жазылған. Оның барлық шығын көтеріледі. Таргет топпен кездесіп, сұхбаттасады. Кездесу түрмеде де өткізіледі делінген. Дегенмен белгіленген уақытта өтінім бергендер саны жеткіліксіз болып, өтпей қалған. Алдағы уақытта қайтадан жариялатын болса керек.
Сомасы жөніен көзге түскен келесі хабарландыруды Теректі ауданының Ішкі саясат бөлімі жариялаған. Олар бұл мақсатта 6,5 миллион теңге бөлген. Байқау жеңімпазы «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры 5 850 000 теңгеге келіскен. Талаптары мен шарттары алдыңғыларға ұқсас. Оңалтуды қажет ететін азаматтар мен дін ұстанатындар арасында түрлі сайыс жоспары айларға бөлінген. Олардың ішінде білім сайысы, спорттық жарыстар, діни мерекелерді атап өту сияқы бөлімдер бар.
Семинар мен кездесулерден бөлек қандай хабарландырулар бар?
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шымкент қаласының Әділет департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесі 7 834 821 теңгеге хабарландыру жариялаған. Мұндағы мақсат — Тұрғын емес ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу (ғимаратты терроризмге қарсы қорғау жұмыстары). Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы «Нұршуақ» балабақшасы ғимаратты терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру үшін паспорт жасататынан хабарлаған. Мұндай құжат алдағы уақытта көп ғимаратқа жасалып не қайта қаралуы мүмкін. Себебі терракт кезінде эвакуация жоспары тыңғылықты жасалуға тиіс. Білім бөліміне қарасты мекеме бұл мақсатта бюджеттен 100 мың теңге бөлінді деп көрсеткен.
Ең қымбат лот: 50 миллион теңгеге көркем фильм түсіріледі
Қаңтардан бергі жарияланған байқаулардың көшін әзірге «Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастап тұр. Жақында ғана жарияланған, ашық байқау. Бюджеттен бөлінген сома — 51 718 750 теңге. Бұл қаражат видеоөнімдерге ғана бөлініп отыр. Атап айтқанда, деструктивті діни ағымдардың қоғамға зияны туралы 1-2 минуттық ролик пен 1-1,5 сағаттық көркем фильм түсіріледі екен. Материалдарға сапалы авторлық туындылар пайдаланылуы керек. 10-15 локацияда әртістер тарта отырып түсіріледі деседі. Көркем фильмнен қысқа роликтер жасалып, әлеуметтік желілерде таратылады. Дайын болған соң 60 шақты адам мен кемінде 5 интернет-портал және кемінде 1 телеарна шақырылып, кинотеатрдан көрсетіледі делінген. Наурыздың 20-сына салынған хабарландыруға қатысты өтінімдер сәуірдің 1-16 аралығында қабылданады. Фильмді кинотеатрдан 25 желтоқсанға дейін көріп қалармыз. Бағасын да сол кезде береміз.
Скриншот goszakup.kz сайтынан алынды
Мұндай хабарландыру Ресейдегі терактіге дейін де көптеп жарияланатын. Президент тапсырма берген соң тіпті көбеюі мүмкін. Әйтсе де, бюджет қаражатының сансыз семинарлар мен түрлі байқауға кеткенінен гөрі жағдайға қарай нақты зерттеу жасалып, әр аймақтың ерекшелігіне қарай іс-шаралар жасалса, құба-құп.