×

Берекет Кәрібаев: Қазақтың өз ішінде бірлік болмай, бәрі бекер

Елдегі патриоттық ұстанымның негізі мен құрылымы қандай

Берекет Кәрібаев: Қазақтың өз ішінде бірлік болмай, бәрі бекер
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы ел мүддесін ойлайтын отаншыл жастардың санын арттыруды тапсырды. Шынайы патриоттық ұстаным қандай болуы керек? Ұлтшылдық пен ұлтжандылықты жете түсіне алдық па? Осы мәселе төңірегінде ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Берекет Кәрібаевпен тілдескен едік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

- Соңғы уақытта патриоттық тәрбие туралы жиі айтылып жүр. Ұлтжандылардың отансүйгіштігі ұлтаралық араздықты тудырмай ма? Себебі посткеңестік елдерде болып жатқан қақтығыс осы жағдайдан туындаған. Тарихшы ретінде не айтасыз?

- Алдымен ұлтжанды мен ұлтшылдың аражігін ажыратып алуымыз керек. Ұлтжанды елінің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін жете біліп, ел мүддесі үшін жұмыс істейтін адам. Ал ұлтшыл өзінің елі мен жерін, ұлтын басқалардан артық көріп, өзге ұлт өкілдерін төмен санайды.  Жалпы кез келген азамат пен азаматша өз еліндегі заңдарға бағынып өмір сүретіндерді ұлтжанды деп айтар едім. Яғни мемлекеттік жүйенің болғанын қалайды. Мұны айтып отырған себебім – кезінде мемлекетті «халықтың жауы» деп қабылдайтындар да болған. Ал қазір анархиялық жүйе көрініс тауып отыр. Мемлекеттің функциясын қоғамдық ұйымдар атқарып, осылайша елдің ауыр жүгін азайтады. Сөйтіп, қоғам мүшелері өз проблемаларын өздері шешуге араласады. Негізінен, мұндай елдер қатарындағы Еуропа мен Америкадағы қоғамдық ұйымдардың рөлі күшті. Өкінішке қарай кешегі тоталитарлық жүйеден шыққаннан кейін біз соған еліктейміз. Айналып келгенде, барлық ұлттар бірдей. Сандық жағынан бір елде ақын-жазушылар көп, енді бірінде ғылыми жаңалық ашқан ғалымдар басым, ал келесі бір елде «Нобель» сыйлығын алғандар көп, тағы бір елде жаңа технологиялар тез қолданысқа енеді. Солардың ішінде бір елдің отары болғандар, артта қалғандары бар. Соған қарамастан халықтың бәрі бірдей. Сайып келгенде әр халықтың көзі ашық, саналы азаматының арманы – өз елінің әлемдік дамудың алдыңғы қатарында болуы. Ел дамығанда менің тарихым, тілім бай деп жай мақтанатындар бар, енді бірі даурықпамен құр айғай салады. Оларға бірнеше жақтан қарауға болады. Менің түсінігімде ұлтшылдан гөрі, ұлтжанды деген сөз өз елінде Ата Заңының принциптеріне сай өмір сүретін, өзінің заңын құрметтейтін адамды ұлтжанды азамат деп айтамын. Ал оны теріс бағытта қолданып, басқалармен салыстырып, жоғары қою – ұлтшылдыққа апарады. Бұның соңы, сіз айтып отырған қақтығысқа апаруы мүмкін.

- Патриоттық ұстаным полистік, империялық, этностық, мемлекеттік болып жіктеледі. Мұның тұжырымы қандай?

- Кезінде империя болған елдер сол әлеуетін сақтап қала алды. Ол мемлекеттің ішіндегі сол империяны құраушы өкілінің сондағы басқа халықтарға үстемдік жасауы. Ал дұрыс патриоттық ұстаным – әркім өзінің дербес мемлекетінің жоғын жоқтап, сол мемлекеттің мүддесін ойлауға бағытталуы керек. Бірақ бұл өз елін өзгеден артық сүйіп, басқа ұлтты төмен санауға әкелмеуі тиіс.

- Неліктен әлі күнге дейін саналы тәрбие беру мәселесі өзектілігін жоймай келеді?

- Ол дискуссиялы мәселе. Кешегі 90-жылдарға дейінгі статистиканы қарасақ, бүкіл қалаларда қазақ этносының үлес салмағы өте аз болды. Саясаттың бәрі негізгі қалаларда шешіледі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде Алматы сияқты ірі қалаларда жергілікті қазақ халқының саны енді ғана өсіп жатыр. Ұлт ретінде біз енді ғана қалыптасып жатырмыз.  Әрбір қаланы 50 пайызға жаңарттық. Біз қазақтық этностық болып келіп, қалаға бейімделіп, болмысымыздан айырылып қалдық. Қалаға келгендердің бәрі қолынан келгенше тырмысып жан бағып жүр. Осындай жағдайда мемлекет маргиналды топты қолдау керек па, әлде басқасын ба? Айналып келгенде, этнос пен мемлекеттің арасында түсінбеушілік бар. Осыдан соң, тәрбие мәселесі өзектілігін жоймай келеді.

- Ал бұл мәселені президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы түбегейлі шеше ала ма?

- Болашаққа бару үшін ең алдымен алғашқы қадам жасау керек. Ол мың қадам бола ма, он мың бола ма, әлі нақты айта алмаймыз. Бірақ соған қарай бағытымызды айқындап, әрекетімізді тоқтатпауымыз қажет. Рухани жаңғыру кезінде қабылданған бес негізгі тармақтың бірі – латын әліпбиіне көшу болатын. Идея дұрыс. Бірақ нақтылыққа келгенде, қоғамымызда қиындықтар бар. Себебі қазақ этносының өз ішінде бірлік болмай, бәрі бекер.

Уақыт өтсе де тарихтан жоғалмайтын мазмұнды отансүйгіштік деген ұғым санамыздан жойылмау үшін патриоттық ұстанымның негізін, оның принциптерін жастарға, өскелең ұрпаққа жете түсіндіріп, өзгерісті, әр адам өзінен бастауы керек. Дәл қазір Қазақстанға ұлтжанды азаматтар ауадай қажет. Отансүйгіштігімен жай даурығатын емес, мемлекеті үшін бас қатыратын, әлеуеттегі өзекті мәселелерді біржолға қоюға тырысатын нақты істің адамдарын қолдауымыз керек. Оларды көрген, ілесетін жастар да, одан кейінгілер де ұлтшыл емес, ұлтжанды боп, шынайы патриотизмді дәріптей алады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Конгресс заманауи құрылғы ұсынушылар мен кәсіби мамандар арасында алтын көпір болды
Кеше, 17:05

Конгресс заманауи құрылғы ұсынушылар мен кәсіби мамандар арасында алтын көпір болды

Конгрестің мақсаты  – медициналық құрал-жабдықтаруды ұсынушы, жеткізуші тарап пен соны күнделікті өмірде қолданатын кәсіби мамандар арасында алтын көпір болу
Панедемия кезіндегі және одан кейін мәселелерді шешудің жолдары
Желі қолданушылары оған көңіл айтып жатыр
АҚШ басылымы сотта көрсетілген жантүршігерлік кадрларды сипаттаған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →