×

Ораза айт 2024: Айт намазының кестесі

Ораза айт – күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы

Ораза айт 2024: Айт намазының кестесі
Фото: kazislam.kz

Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, бес парыздың бірін орындаған жандар Ораза айт күні ауыздарын ашады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ораза айт мейрамы

Ораза айт – күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы. Ораза ұстаған жамағат осы мерекені асыға күтеді.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып өтеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: "Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетінін сұрады. Олар: "Исламнан бұрынғы дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік" - деп жауап берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: "Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Ораза айты".

"Айт" сөзі – "мерекелеу", "хал сұрасу", "бір-бірін қуанту" деген мағынаны білдіреді.

2024 жылы Ораза айт қашан тойланады

Биыл 11 наурызда басталған қасиетті Рамазан айы 9 сәуірде аяқталады. Ал 10 сәуір – Ораза айттың бірінші күні. Осы жылы мейрам аптаның сәрсенбісіне түсіп тұр.

Айт мейрамы үш күн тойланады. Бұл күндері елімізде ресми демалыс жоқ.

Ораза айт намазы

Шариғи мейрамдар жамағатпен оқылатын арнайы намазбен басталады. Бұл намаз "айт намазы" деп аталады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде, яғни күн шыққаннан кейін 45 минут өткен соң мешіттерде оқылады.

Айт намазына ғұсыл алып, әтір себініп, киімнің ең жақсысын киіп, үйден құрма жеп шығады. Мешітке жаяу барып, жаяу қайтады. Үйге басқа жолмен оралады. 

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады.

Егер кімде-кім пітір садақаны беріп үлгермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Биыл пітір садақаның мөлшері – 640 теңге.

2024 жылғы Ораза айты намазының кестесі. Графика: ҚМДБ ресми сайты

Ораза айт қалай тойланады

Айт мейрамы ағайын арасын жақындатады. Өйткені Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, ет асылып, мерекелік дастарқан жайылады. Туған-туысқан, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді.

Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл болсын!" деп жылы лебіздерін білдіреді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.

Ораза айтта ауыз бекітуге бола ма

Хадистерде: "Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын" деп айтылған.

Сондықтан Ораза айттың бірінші күні мұсылмандар ораза күні сияқты сәресін ішпейді, күндіз ауыз ашық болады.

Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күнінен бастап ұстай беруге болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында
Мерекелік шаралар қаланың барлық аудандарында өтті
Іс-шараны Ресей Федерациясы қаржыландырады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →