×

Көз алыстан көруді ұмытып қалуы мүмкін

Жылай алсаңыз, көзіңіз сау деген сөз

Көз алыстан көруді ұмытып қалуы мүмкін
Фото: profile

Үрей тудырғымыз келмейді, алайда бүгінде Жер шарында 65 миллионға жуық адам катаракта дертінің салдарынан су қараңғы болып қалған. Одан да жаманы 800 млн тұрғынның өзіне көзілдірік сатып алуға жағдайы келмейді. Бұл ДСҰ-ның берген ресми мәліметі. Енді соның ішінде өз еліміз, нақтырақ айтқанда Түркістан облысында жағдай қалай? Кейінгі кездері түркістандықтар арасында көзі қызарып, іріңдеп басталатын тұмауға ұқсас бір вирустық ару тараған. Қала берді, конъюнктивит пен кератит сияқты көз аурулары да асқынып тұр. Бақша жасындағы балалар арасында көзілдірік киетіндер де  көбейген. Сондықтан осы ретте біз көз дәрігерлерімен сұхбаттасуды жөн көрдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Думан Алдажанов, офтальмолог-дәрігер: Жылай алсаңыз, көзіңіз сау деген сөз

– Соңғы кездері Түркістанда көзі қысарып, қышып, ірің ағатын ауру көбейген. Сіздерге сондай белгілермен адамдар қаншалықты жиі жүгінеді? Оларға қандай диагноз қойып жатсыздар? Қоғам үшін қауіпті ме ол?

 – Соңғы бір айдың өзінде менің қабылдауыма 572 адам келіпті. Оның ішінде 110-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. 37-і - жасөспірімдер 138-і - ересек адамдар болса қалғаны алдын ала тексеруден өтуге келгендер. Ал енді, сіз айтқан белгілерге келсек, қазір тұмау көбіне осындай белгілерден басталып жатыр. Немесе керісінше, тұмау боп, содан дұрыс емделмесе, асқыну салдары біреуге құлаққа, бірі көзге әсер етіп жатыр. Әсіресе, балалардың құлағынан бұлақ ағып, көздері іріңдеу құбылысы жиі байқалуда. Бұған бір жағы біздің бейжайлығымыз, «әй, тұмау ғой, өзі қайтады» деген қазақы немқұрайлылығымыз да әсер етуде. Алайда көз ойнайтын мүше емес. Біз адамдар ақпараттың 80 пайызын көз арқылы аламыз. Осыдан-ақ көздің адам ағзасындағы маңызын түсіну қиын емес шығар. Сондықтан мейлі бала, мейлі ересек адам болсын дереу көз іріңдеп, жас аға бастаса, дереу дәрігерге жүгінгені жөн. Себебі солай жүріп-жүріп, бір күні конъюнктивит боп шыға келуі бек мүмкін.

Кейінгі кездері менің алдыма көру қабілеті нашарлаған адамдар жиі келетін болып жүр. Әсіресе, солардың арасында жасөспірімдер көп. Яғни, көз аурулары жасарып кетті. Бұрын адамдар қартайғанда бір-ақ көзәйнек кисе, қазір керісінше, қартайса да кітап оқитын ата-әжелер көп те, керісінше, жап-жас, тіпті әлі мектепке барып та үлгермеген балалар арасында көзәйнектілерді жиі ұшыратамыз. Өзіңіз де біліп тұрған шығарсыз, мұның бірден-бір себебі – смартфон. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін бәріміз қазір телефонға телміреміз де отырамыз. Ең жаманы балаларды оған үйретіп жатқан да өзіміз, «жыламай тыныш отырсыншы осы» деп қолдарына ұстата саламыз. Қала берді өзіміз де таң атқаннан кеш батқанша компьютерден көз алмай жұмыс істейміз. Яғни, үнемі тек жақыннан көреміз де, алысқа ұзап шықпаймыз, көзіміз біртіндеп алыстан көруді ұмытып бара жатыр. Былайша айтқанда, көзге артық салмақ салып жатырмыз.

Думан Алдажанов, офтальмолог-дәрігер
Думан Алдажанов, офтальмолог-дәрігер

– «Құрғақ көз» синдромы дегенді естідім. Ол қаншалықты қауіпті? Көз қалай құрғап кетеді сонда?

– Бізге сондай-ақ көзімнен жас тоқтамайды немесе керісінше көзінің құрғап кеткенін айтып шағымданатындар көп. Жалпы, негізі көзден жас шығу, жылау деген – қалыпты құбылыс әрі көздің сау екенін көрсететін бірден-бір дәлел. Түсінікті болу үшін жылау деген процестің өзін аздап талдай  кетейін, эмоцияның мұрын арқылы жүзеге асып, көзден ағып кететін түрін біз жылау дейміз. Жас келе сол көз бен мұрын арасындағы каналдар тарылып не түрлі ауруларға байланысты бітеліп қалады. Соның кесірінен мұрынға жиналған су көзден жас боп түспейді де, жиналып қала береді. Қазақта сөз бар ғой, «ақпай тұрған көл сасиды» деген. Дәл сол сияқты жиналған жастың өзі айналасына түрлі инфекция жинайды. Бұл жерде біз көздің жасын қалпына келтіретін тамшылар береміз, болмаса жаттығулар жасатамыз, оған да жазылмаса, онда мұрыннан қосымша канал ашып, яғни, мұрын қуысын тесетін арнайы операция жасаймыз.

– Түркістандықтар көздеріне қаншалықта мән береді? Ауырса, дереу жүгіне ме? Ұсынған дәрілерді қолдана ма?

– Бізде жағдай былай: адамдар қабылдауға көзі ауыра сала келмейді, біраз асқындырып, алдымен өз беттерінше ем қолданып барып, оған бой бермесе ғана келіп жатады көбіне, өкінішке орай. Біз оларға мейлінше көбірек препараттар жазып береміз. Бірақ науқастар не істейді? Он дәрі жазсаң, соның ішінен теріп-теріп, ең арзан дегендерін алып, сонымен шектеледі. Жарайды, бұл – ақшаға келіп тірелетін жағы. Ал екінші жағы да бар, «мынаның бәрінің не керегі бар?» деп өз бетінше шешім шығарып, қалаған дәрісін ала салады. Бірақ ол өзі маман болмағандықтан, керісінше керек емес дәріні алып, керегін алмай қоюы мүмкін ғой. Сондықтан қазір мен адамдарға бір-екі ғана дәрі жазатын болдым. Өйткені олардың бәрібір көп дәріні алмайтынына, алса да соңына дейін қолданбайтынына көзім жетті. Бұдан шығатын тағы бір нәрсе – салғырттық. Адамдар тек ауруы қозған кезде сол ауырсынуды басу үшін ғана дәрі-дәрмек қолданып, кейін оны тастап кетеді. Ниетінің өзі – емделіп, жазылу емес. Бірақ, қайтадан сол ауруы бас көтерсе, кім кінәлі, дәрігерлер біз кінәлі боп шыға келеміз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →