×

Хирург-офтальмолог: Бір көзден 16, екіншісінен 12 линза алып шықтық

Линза тағудың пайдасы мен зиян тұсы қандай

Хирург-офтальмолог: Бір көзден 16, екіншісінен 12 линза алып шықтық
Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде көзіне ота жасатушылар көбейген. Естуімізше, бұған көзге линза тағу құбылысы себеп болады екен көбіне. Осы ретте хирург-офтальмолог Азиз Убайдуллаевпен сұхбат құруды жөн көрдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

–  Қазір көзілдірік тағудың орнын линзамен алмастырған жандар бар, линзаның пайдасы – сырт келбеттің әдемілігін арттырады. Алайда оның зиян жағы да бар ма?

 – Біз осы тұста алдымен кімдерге линза жазып беретінімізге тоқталсақ. Кейбір адамдардың екі көзі екі түрлі көруі мүмкін. Бір көзі -1 болса, екіншісі -5 деген сияқты. Ол адамдар көзілдірік кие алмайды, себебі екі көздің көру қабілетінің айырмашылығы өте үлкен болғандықтан, екі көзі екі түрлі көзілдірік кисе, бірден басы айналып, құлайды. Міне, осындайда біз ол адамдарға линза жазып береміз. Ол адам екі көзіне екі түрлі линза тағып, рахаттанып жүре алады. Бұл – бір. Екіншіден, спортшыларға көзәйнек тағу қолайсыз. Олар үнемі қимыл-қозғалыста болады, алысады-жұлысады, көзәйнегі кедергі жасайды, оны тіпті жиі сындырып та алады. Міне, соларға да линза – таптырмас құрал. Бұл линзаның ауадай қажет жақтары.

Ал енді минус жағына келсек, қазіргі біздің беріп жатқан, адамдардың жаппай тұтынып жүргені – ауа өткізетін линзалар. Сондықтан оны таққанда да көз демалады.

– Ауа өткізеді екен деп оны түнде шешпей ұйықтауға бола ма? Жалпы, түнде шешіп жатуды ұмытып кетіп, соның кесірінен сіздерге көз ауруымен шағымданып келгендер болды ма?

– Алайда мәселе гигиеналық жағдайды сақтауға келгенде өкінішке орай, түнде жатарда оны шешуді ұмытып кететін жандар да кездеседі. Менің жеке тәжірибемде бір науқас болды, ота жасау барысында бір көзінен 16, екіншісінен 12 линза шығарып алдық. Өзі таққан линзасын жоғалтып ала беріп, ақыр соңында дәрігерге жүгінген ғой.

Азиз Убайдуллаев, хирург-офтальмолог
Азиз Убайдуллаев, хирург-офтальмолог

– Қалай ол сонша, 16 линзаның көзінде тұрғанын сезбеген, солай болуы мүмкін бе өзі? 

– Мүмкін боп тұр ғой. Әлбетте, көзіне тіреліп ауырады. Бірақ ондайда көп адамдар «солай болуы заңды, қанша дегенмен көзде линза тұр ғой», - деп ойлайды. Ішінде бұрынғы біреуі тұр деп ойламайды, оны бір жерде түсіріп алдым, таппай қалдым деп ойлайды да, жүре береді. Енді мына науқас солай немқұрайлы қарап жүре-жүре, соңында шегінерге жер қалмағанда бізге келген ғой. Ақыр соңы көзінен сонша линзаны алып шыққанда барып, көзі шайдай ашылды. Міне, осындай жағдайда көзге ауа бармай қалады да, ол жерде жаңадан тамыр пайда болады. Сондықтан ұзақ уақыт, үздіксіз линза тағуға болмайды.

– Көп рахмет! Көз жайлы көп нәрсе біліп қалдық.

Қызық ақпарат: Көздің салмағы небары 7-8ақ грамм. Бірақ атқаратын функциясы өте ауқымды. Ол көрген нәрсесінің бәрін аз ғана секундтарда миға қаншама ақпарат беріп үлгеретін өте оперативті мүше.

Адам орта есеппен әрбір 4 секунд сайын көзін жыпылықтатады (минутына 15 рет), жыпылықтату ұзақтығы – 0,5секунд. Сонда 12 сағаттың 25 минуты көз жыпылықтатуға жұмсалады екен.

Адам жақсы көретін жанға қарағанда, көзінің қарашығы 45 пайызға үлкейеді екен.

Теория бойынша дені сау көз 10 миллион түсті ажырата алады. Бір ғана сұр түстің өзінің 500-ге жуық реңін таниды.

Орташа есеппен адам бүкіл өмірінде 24 миллион түрлі бейнені көреді екен.

Адам көзбен емес, мимен көреді. Яғни, зағиптық – мидың проблемасы.

Көз мидың 65 пайыз қорын жұмсайды. Адам денесінде осынша қор жұмсайтын басқа мүше жоқ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →