×

«Бір адамның сөзі үшін жүз адам сандалып жүрміз»: Түркістан өңірінде салынған дамбыға неге «салынбаған» деген айдар тағылды

«Дамбы жоқ» деген шындыққа жанаспайды

«Бір адамның сөзі үшін жүз адам сандалып жүрміз»: Түркістан өңірінде салынған дамбыға неге «салынбаған» деген айдар тағылды
Фото: Qaz365.kz

Қоғамда мемлекеттен миллиардттап шыққан жобалардың бүгінгі жайын індете зерттеп әлемжеліге жар сала жазатын белсенділер бар. Соның бірі таяуда Түркістан өңірінде «2,2 млрд теңге бөлініп салынған дамбы жарамсыз болып қалды» деп айды аспанға бір-ақ шығарған. Осы пост өңірде біршама дау туғызып, іске Антикор да кіріскен деседі.

Әйтсе де, Түркістан өңірі билігінің өз айтары бар екен. Олар бар дамбыны сөзбен жоқ қылғандарға өз аргументін келтіреді. Qaz365.kz тілшісі Түркістан өңіріне арнайы барып, Шошқакөлдегі бөгет жайымен танысып қайтты.

Әңгіменің әлқиссасы

Әңгіменің әлқиссасы әлеуметтік желідегі жазбада басталды. Мұндай посттар әдеттегідей, жүздеген лайк, пікір жинап, қоғамды жалт қаратқан. Түркістан өңірін түртпектеп қалғысы келетіндерге бұл жазба – іздегенге сұраған болды. 

«2,5 метрлік мына дамбыны көріп тұрсыздар ма? Көрмесеңіз – құжат бойынша бұл жер 40 шақырымға созылатын сол дамбы. 2021 жылдың соңында Түркістан облысы осы мақсатта 2,2 млрд теңге жұмсаған. Құрылымды бір рет қана тексерген, ал 2022 жылы оны су шайып кетті. Содан бері дамбы жарамсыз. Енді бәрін құрдымға кетіру үшін кепіл уақыты қашан бітеді деп күтіп отыр», - деп жазылды шулы жазбада.

Антикор сол тұста аталған мәселе тексерілетіні жөнінде ақпарат таратқан еді.


Әкімдік не деп жауап берді

Әкімдік аталған жазбаны жауапсыз қалдырған жоқ. Шошқакөлдегі бөгеуші-қорғаныс бөгеті пен суды реттейтін құрылымды салудағы мақсат – көктемде жиналатын қарғын суды Шошқакөлге бағыттау екенін хабарлады. Сол мақсатқа сай көлге жауапты «Тұран Су» мекемесінің мәліметінше, қазіргі таңда көлге 455 м3 су жиналған (жалпы көлдің сыйымдылығы 500 млн м3) әрі ол өзінің міндетін жауапта толыққанды атқарып отырғаны жазылады.

«Көктемде су тасығанда Шошқакөлге маңайдағы бүкіл қарғын су ағып барады. Маңайға 50-ден 100 сантиметрге дейінгі су жайылады. Жазда су буланып, сүзгіден өтіп, ол орында жекелеген көлшіктер қалады. Бөгеттің бөгеуші-қорғаныс ұзындығы 38 шақырым, ал биіктігі 0,5-тен 2,5 метрге дейін», - делінген жауапта.

2023 жылдың 23 қарашасында Түркістан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне «Әділдік жолы» бірлестігі филиалының бастығынан аталған бөгетті салу кезінде заңбұзушылықтар болғаны жөнінде өтініш келіп түскен. Келесі күні материалдар антикордан облыстық мемлекеттік ішкі аудит қызметіне жөнелтілген. Алайда былтыр желтоқсанда ауа райы жағдайына байланысты (38 шақырымды тексеру мүмкін болмаған) тексеру тоқтатылған. Десе де, әкімдік көктемде тексеріс қайта басталғанын хабарлайды. Заң бұзылғаны анықталған жағдайда Антикор қызметі тиісті процессуалдық шешім қабылдайды.

«Біз ақымақ болғанымыз ба?»

Бұл дауда кімнің ұстанымы түзу, кімнің айтқаны дұрыс? Qaz365.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап алу үшін Түркістан өңіріне арнайы барған. «ЮЖ Қазагропром» ЖШС директоры, 55 жылдық өтілі бар инженер-гидротехникӨмірбек Болысбекұлы жағдайды былай түсіндіреді:

«2 млрд теңгеге жасайтын компанияны іздестіру, таспен бекіту, үш түрлі құрылым салу – қазіргі жағдайда ол 2 млрд теңге емес, 4-5 млрд теңгенің шаруасы. 2022 жылы арматура, бетонның бәрі 25-30 пайызға қымбаттап кетті. Есептік көрсеткіш жыл сайын 8 пайызға қымбаттайды. Соны есептесек, 5 млрд теңге шығып кетеді. Көп еңбек, жоба жасадым, бірақ сол үшін алғыс алған емеспін. Бір адам жазып жібереді де, жүз адам жүреміз осылай шулап. Осы жобаны жасаған кездегі 30-40 адамның шешімі, қолы бар. Техникалық, экологиялық мемлекеттік сараптама бар. Сонда бәріміз ақымақ болғанымыз ба? Бір адам үшін бәріміз сандалып жүрміз! Жасым 74-те. «Маман жоқ» деп мені осында шақырып алған».

Өмірбек Болысбекұлы осы жобаны жобалаушы. Бүгінгі таңда бұл жердегі суды жайылымға да пайдалануға боладыдейді. Егінге де, жайылымға да осы пайдалы. Расында да, маңайдың бәрі көгеріп тұр. Осы судың арқасында жазға дейін көгеріп тұрады. Өмірбек Болысбекұлы Шошқакөлге дамбы салып болғаннан кейін сол кездегі әкім Шөкеев мырза «қандай экологиялық фон өзгерді?» деп сұрапты. Бұрын қандай еді, бүгін қандай болғанын ол экологтар зерттеуі керек, әйтпегенде көзге көрінбейді дейді.

«Стратегиялық қала салып жатырмыз – ал қасымызда батпақ. Бұл тапсырма кімнен шыққанын білмеймін, мен жобалаушы ретінде облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасы бойынша үш мың га жерді аралап көру, зерттеу маған да оңай болған жоқ. Шілдеде су тартылғанда жүрдік. Бұл жерде жергілікті тұрғындар көмектеспесе адасып кетесің. Мына су тартылғанда, бізде жылдық булану деңгейі 1,2 метрге дейін барады. Мына судың бір метрі кетеді де, екі жарым-үш метрі қалады. Биыл ғана көл 500 млн м3 толды. Мұның айналасына жасыл белдеу етіп, сексеуіл егіп жатыр. Босатылған орынға сексеуіл егіледі».

«Мына жерде тұрған бөгетті қорғамасақ, ертең толқын әсерімен быт-шыт болады. Мына жерде арық жел бағытымен параллель қазылған. Бұл арықтарды жыл сайын шолып, тазартып тұру керек», - дейді ол.

Өмірбек Болысбекұлы дамбының беті бір-ақ метр, ал жердің рельефі толқынды екенін атап өтеді. Биіктік бір жерде жарты метр, бір жерде үш метрге дейін барады. Өмірбек Болысбекұлының айтуынша, мұның «озерно-болотная система» деген аты да жаман. Бұл орын басқаша құрылса, жұрттың демалатын орнына да айналдыруға болады.

«Осыны істедім деп мақтанбаймын, процес болғаннан кейін қанша маманды жалдадым!? Оңай тірлік емес. 53 мың га жермен жұмыс істеп, соның бәрін ретке келтіру оңай емес. Жобаға бір жыл, құрылысына бір жарым жыл кетті. Біздің жұмысымызды жобалық ұйым тексерген. Солар қате жоқ деп сараптама берді. Олар тәуелсіз ұйым. Осындай шу шықса, шетте қала береді. Жүрген біз! «Дамбы жоқ» дейді. 0,5 метрді көрсетіп. Шындық болу керек. 

Бұған дейін де Түркістан облысында су қоймасын салғанбыз. Алматыдан келген телевидение соны да шулатып жазғаны бар. Сол кезде осындай дәлелсіз әңгімемен халықты дүрліктіргені үшін олар заң алдында жауап беруі тиіс дегенмін. Әкімдікте оны ары қарай қолға алатындар бар шығар!? Үндемей отыра беруге болмайды ғой. Бұл облыстың меншігі, мүлкі ғой. Өз мүлкіне, меншігіне біреу тиісіп жатса, қарап отыруға болмайды ғой. Мұндай тоқтату керек! Шулатқысы келгендерге «мен тірімін ғой, телефонмен хабарлассаң, бәрін айтамын ғой саған» деймін. Жазам десе жазатын проблемаларды көрсетіп берер едім», - дейді Өмірбек Болысбекұлы.

«Дамбы жоқ» деген шындыққа жанаспайды

Өңірдегі техникалық қадағалау қызметіне жауапты Лесбек Сұлтанқұловтың айтуынша, құрылыс біткеннен кейін дамбы облысқа өтеді де, мұны бір шаруашылықтарға өткізу керек. Ары қарай күтіп-бапталуының бәрі де соларға өткізіледі. Күтіп-бапталмаса әрине дамбы бүліне береді. Жауын-шашын жерде үлкен көліктер із қалдырады, небір техникалар жүреді. Ауылдағылар шөп орады. Жазда мұнда көп қиындық жоқ. 

«Әр адамға өз ойына келгенін жаза беруге болмайды ғой. Заңмен қадағалануы керек. Дұрыс ақпарат берілу керек. Сонша еңбекті халыққа дұрыс болсын деген ниет. Облыс бастады, мердігерлер белгіленіп, ақша бөлінді. Кейін соның бәрін жоққа шығарған дұрыс болмайды. Ол дұрыс емес. Дамбыны бас аяғына дейін көріп шығыңыз. Тексерулер жүріп жатыр. Бәрін көрсетіп шықтық. Әлі де көрсетеміз. Кем-кетіктер болып жатса, келісімшарт бойынша жөндейді. Бірақ түбегейлі дамбы жоқ деген шындыққа жанаспайды», - дейді ол.

Бұрын батпақ болып жататын

Отырар ауданының тұрғыны, су шаруашылығының маманыӘбдіхалық Нұрмағаханұлы тура өзі басып тұрған жер шаруа қожалығының жері екенін айтады. Дамбыны соқпай тұрып, қарғын су сай-саймен теміржолдың астынан өтіп, Сырдарияға құйып кететін. Мынадай жайылым болмайтындейді. Осының арқасында 30 мың га үстінде жайылым жерге су келіп, мал тойынып, халықтың игілігіне жарап жатыр. 

«Мұның елге пайдасы мол. Бұрын көктемде су ағып кететін. Қыркүйекке дейін батпақ болып жататын. Көктемде балықтар, құстар өліп жататын. Мұндай деңгейге көл өмірі толған емес. Қатты тасқынның кезінде ғана толатын. Қазір қолдан жасалған дамбының арқасында еш проблема жоқ», - деп растайды ол сөзді.

Сауран және Отырар ауданы аралығында орналасқан Шошқакөл енді ғана ел игілігіне жарап жатқанда жоқ жерден жік шықты деп есептейді түркістандағылар. Ақпараттың рас-өтірігі тексерілмей жарияланғаны үшін тиісті шара қабылдауға да бекініп отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →