×

Алматы облысы әкімдігіне 11 млн теңгелік фотоаппараттар не үшін керек

Облыс әкімдігі аталған материалға қатысты жауап берді

Алматы облысы әкімдігіне 11 млн теңгелік фотоаппараттар не үшін керек
Фото: instagram / qumash_kz

5region.kz ақпараттық агенттігі Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік сатып алу сайтында қызықты хабарландыру жариялағаны туралы жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 7kun.kz-ке сілтеме жасап.

Сипаттамада белгілі бір редакция үшін 11 431 250 теңгеге екі фотоаппарат сатып алу туралы айтылған. Әр фотоаппараттың құны салық төлеушілерге 5 715 625 теңгеге түседі.

“Сонымен қатар, Ішкі саясат басқармасының мұндай қымбат техниканы қандай редакция үшін сатып алуды жоспарлап отырғаны нақты белгісіз. Мемлекетке мұндай фотоаппараттың қандай мақсатта қажет болуы мүмкін екендігі де түсініксіз (онымен кино түсірмейді ғой). Мұндай сатып алу әсіресе ел президентінің жақында бюджет қаражатын үнемдеуге шақырған сөздері аясында орынсыз болып көрінеді”, – деп жазады сайт.

Артынша облыс әкімдігі аталған материалға байланысты анықтама таратты.

Онда аталған фотоаппараттардың «Өлке тынысы» ЖШС құрамына кіретін «Огни Алатау» және «Алатау арайы» облыстық газеттері мен аттас сайттары, «Алатау ньюс» сайты мен облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне қажет екені айтылған.

«Өлке тынысы» ЖШС-де 2 фотожурналист, 4 мобилограф жұмыс істейді, олардың күнделікті кәсіби қызметіне заманауи фотоаппараттар қажет. Қазіргі уақытта қолданылатын фотоаппараттар мен жабдықтар заманауи талаптарға сай емес, сонымен қатар амортизациялық тозуы 8 жылдан асады. Фотоаппараттармен бірге жиынтық құрамына кіретін жабдықтар да сатып алынады, бұл жалпы лот сомасына кіреді», – делінген жауапта.

Жабдықтар тізімінде фотоаппараттың өзінен бөлек 3 Nikon NIKKOR обьективі, 8 аккумулятор мен оған арналған ЗУ Watson, Nikon Speedlight SB-5000 шағылыстырушы, 128GB жады картасы, картридер, аспа мен рюкзак көрсетілген. Nikon Z9 Body фотоаппаратының нарықтағы құны pspdf.kz интернет дүкенінде 2 254 000 тг, destore.kz дүкенінде 2 249 990 тг, mir-tehniki.kz дүкенінде 2 249 965 теңге. Әкімшілік анықтамасында көрсетілген 2 600 000 теңгеден 350 000-ға арзандау. Nikon Z9 Body-ды фотографтар жақсы бағалайды. «Қосымша жабдықтармен бірге құны да осы шамалас болып қалуы мүмкін», дейді біз хабарласқан фотографтар.

Алайда осы мәселені көтерген 5region.kz сайты бұл жабдықтар аталған газеттерге жетпеуі мүмкін деген күдік білдірген.

«Сонымен, жоғарыда аталған газеттердің жазылушылары мен оқырмандары шынымен сапалы фотосуреттерден ләззат алады деп үміттенеміз. Миллионға жуық тұратын объективтерге Алматы облысының мәселелері түсіріледі ме, әлде барлық фотосуреттер облыс әкіміне бағытталады ма, мұны жақын арада білетін боламыз», – деп жазады сайт.

Алдағы уақытта «Огни Алатау» және «Алатау арайы» газеттерінің әлде Марат Елеусізұлының суреттері сапалырақ бола ма, біз де назар аударып жүреміз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →