×

«Дәрі-дәрмектің иісі қатты ұнады». Дана Әбілқасым өзінің кардиолог болуының себебін түсіндірді

Елімізде жүрек-тамыр жүйесі аурулар көбейген

«Дәрі-дәрмектің иісі қатты ұнады». Дана Әбілқасым өзінің кардиолог болуының себебін түсіндірді

Саламатты ұлт қалыптастыру үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу қажет.  Елімізде жүрек-тамыр жүйесі аурулары көбейген. Жыл сайын аталған аурудан Қазақстанда 40 мыңға жуық адам қайтыс болады. Осы ретте білікті кардиолог мамандар көптеп керек. Болашағынан үміт күттіретін жас кардиолог-дәрігер Дана Әнуарқызымен әңгімелескен болатынбыз, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Дана алдымен медицина жолына түсуіңіздің себебін білсек...

– Менің  отбасымда бұл игі кәсіптің өкілдері жоқ. Бірақ мен әрқашан медицинаға қызығатынмын. Бала кезімде анам екеуіміз емханаға тексерілу үшін барғанымыз есімде, маған емхананың ішкі аурасы, дәрі-дәрмектің иісі қатты ұнады. Оның үстіне, менің сүйікті атам бала кезінен көп ауырып, ауруханаға жиі баратын. Оған тамырына ине салу үшін жиі медициналық қызметкерлерді шақыруға тура келетін. Бұл жағдайды көргенде, бала кезімнен-ақ ауру адамдарды емдеуге және көмектесуге деген ұмтылыс пайда болды.

Мен мамандығымды таңдағаныма өкінбеймін. Мен дәрігердің жұмысын адамгершілік жағынан да, психологиялық жағынан да қиын деп санаймын. Сондықтан ұзақ және жауапкершілікпен оқуға кез келген адам дайын емес екенін де білемін.

Клиникалық ауруларды зерттей жүріп, кардиология саласына қызығушылық таныта бастадым. «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу» институтына грантқа түстім, оған бір күн де өкінген жоқпын. Бізде өте жоғары білімді мұғалімдер болды, олар бізге бәрін үйретуге тырысты.

– Біздің білуімізше, қазір докторантурада оқиды екенсіз. Одан кейінгі жоспарыңыз қандай?

– Менің докторлық диссертациям да кардиологияға қатысты. Біздің елімізде адам ағзасының донорлығы үлкен  мәселе тудыруда. Түсінемін, біз қазақтар негізінен иманды халықпыз, адам өлгеннен кейін де басқа адамдарды құтқара алатынын әлі толық түсінбей келеміз. Қазіргі уақытта елімізде жүрек жеткіліксіздігінің терминальді сатысында жүрек трансплантациясын қажет ететін науқастар өте көп. Ал докторантураны аяқтағаннан соң, осы тақырыпқа тереңірек үңілгім келеді. Әрине, менің алға қойған жоспарларым көп, оны әзірге айтуға ерте деп ойлаймын. 10 жылдан кейін менен  сұхбат алатын болсаңыз, сол  уақытта  мен өзімнің барлық мақсаттарым мен міндеттерімнің орындалғаны туралы айтып беретін боламын.

–  Қазіргі таңда елімізде жүрек-қантамыр жүйесінен болатын өлім көрсеткіші бірінші орында екен. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бірнеше жыл бұрын миокард инфарктісі тек қарт адамдарда кездеседі деп ойласақ, қазір 25 жастағы жігіттер де кездесіп жатады. Бұл дегеніңіз, жастардың салауатты өмір сүру салтын дұрыс пайдаланбай, қимыл-қозғалыстың жоқтығында деп ойлаймын.  

Тағы бір маңызды нәрсе – тамақтану. Көптеген фастфудтар мен газдалған сусындар, әрине, қан тамырларға кері әсерін тигізеді. Ал электронды темекі мен энергетикалық сусындар жастардың денсаулығына нұқсан келтіруде. Қазір техника ғасырында ешкім артта қалғысы келмейді. Жастар жеке өсу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады.  Күнде ауыр жұмыс істейді, тынығуға уақыт бөлмейді, шөлді басатын зиянды сусындарды ішеді. Ал энергетикалық сусындардың құрамы өте күмәнді. Нәтижесінде кенеттен жүректің тоқтауына алып келеді.

– Бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

– Әрине, әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Дұрыс тамақтануды бастау арқылы сіз өз денсаулығыңыздың 50% жақсарта аласыз. Спортпен айналысу- кез келген адам өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек. Бәлкім, бұл әдеттерді бала кезінен бастап сіңіру керек шығар. Әрине, күнделікті өмірге ұмтыла отырып, біз кейде өзімізді ұмытып кетеміз. Берілген тапсырманы аяқтаймын, сосын өзіме қамқорлық жасаймын деп ойлаймыз, бірақ нәтижесінде бұл нәрселер ешқашан аяқталмайды.

– Қазіргі таңда  өмірлік мамандығын таңдау жолында, дәрігер боламын деп жүрген  жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Мамандық таңдау сіздің болашақ өміріңізді анықтайды. Қазір адамдарды бақылап отырып, көпшіліктің өз жолында емес екенін көресіз. Біз көбінесе ата-анамыздың таңдаған мамандығымен таңдау аламыз, өйткені біз өзіміз әлі тым жаспыз, өмірден не қалайтынымызды білмейміз. Бірақ мен қандай да бір мамандықпен өміріңізді байланыстырмас бұрын барлық жақсы және жаман жақтарын ойланып, таразылау керектігі туралы кеңес бергім келеді. Менің ойымша, ата-аналар өз балаларына қысым жасамауы керек, керісінше, баланың бар дағдылары мен таланттарын дамытуы керек.

Ал дәрігер мамандығын таңдағандарға айтарым, сіз керемет жансыз. Бұл сізге үнемі оқуға, ойлауға, ізденуге тура келетінін түсінетіндігіңізді білдіреді. Бұл шын мәнінде керемет, өйткені ізденімпаз ақыл – біздің артықшылығымыз. Сіз ең ғажайып, асыл және әдемі мамандықтардың бірін таңдадыңыз. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – адамдардың өмірін сақтап қалу деп сөзімді аяқтағым келеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →