×

Барлық адамның құқығы бірдей, алалау жоқ, болмауы да керек

"Тең қоғам десек, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс"

Барлық адамның құқығы бірдей, алалау жоқ, болмауы да керек

Мемлекетіміздің маңызды саясатының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау әрі сондай азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағытта біраз жобаны іске асыруда. Осы орайда, Qaz365.kz тілшісі Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевпен аз-кем тілдесті.

- Ермек Арынханұлы, облыста мүгедектігі бар жандарға ұдайы көңіл бөлінуде. Әңгімемізді ерекше азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жайынан бастасақ?

- Әрине, мұндай топтағы азаматтар үнемі біздің назарда. Мәселен, облыс бойынша бүгінде 19101мүгедектігі бар азамат бар десек, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 3253-ді құрайды. 2024 жылдың 1 маусымына мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарымен 7 942 адам қамтылған болатын. Сондай-ақ, облыста инклюзивті орта құру бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Мысал үшін, жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін өңірдегі 1 119 нысанды осындай мақсатқа бейімдеу жоспарланып отыр. Өткен жылды да жемісті атқардық дей аламын. 2023 жылы облыстық бюджет есебінен 477,4 млн. теңге қаражат бөлініп, 168 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан, қала әкімдерінің мүгедектігі бар тұлғалардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерімен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыс ерекше бақылауға алынған. Бізде былтырдан бастап жергілікті бюджет есебінен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған шағын оңалту бөлімшелері ашыла бастады. Бірінші кезекте Алакөл, Панфилов, Сарқан, Қаратал аудандарында әрқайсысы 30-50 орындық орталық жұмыстарын бастап кетті. Бүгінгі күнге оңалту орталықтары арқылы 110 мүгедектігі бар бала оңалту қызметтерін алып үлгерді. Жалпы, өткен жыл өте жемісті болды. Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 125 орындық орталық құрылды. Бүгінде орталықта 115 балаға қызмет көрсетілуде. Аталған орталық «Қамқорлық»қайырымдылық қорының есебінен 250 млн.теңге көлемінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар 2023 жылы Ақши ауылында орналасқан резиденция ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ерекше қажеттілігі бар балалар демалатын «Жансая» жазғы лагері өз есігін айқара ашты. Биылғы жылы да осындай демалыспен 160 ерекше баланы тегін демалысқа жібермекпіз.

2023 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде алғаш рет Талдықорған қаласында «Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жүріп-тұру құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетілді. Барлығы 435 кресло-арба жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыстар да аяқсыз қалмайды, жалғасын табады. Осы мақсатқа 6,4 млн. теңге бөлінген.

- Тең қоғам десек, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ЦОН) секілді мекемелерде арбаға таңылған азаматтар нәпақасын тауып жүргені көңіл қуантады.

- Иә, біздің елімізде тең қоғам қалыптастыруға көп күш жұмсалуда. Барлық адамның құқығы бірдей, алалау жоқ, болмауы да керек. Жетісу облысындағы жұмыстар жайына тоқталайын. 2022 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Тең қоғам» мүгедектігі бар азаматтарды қолдау орталығы қызмет атқаруда. Аталған орталықта мүгедектігі бар адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және лайықты жұмыс орнын іздестіру, мүгедектігі бар адамдарды қоғамға бейімдеу мақсатында оқыту жұмыстары ұйымдастырылады және басқа да мәселелер бойынша көмек көрсетіледі. Бүгінгі күнге «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығында біраз жұмыстың шеті қайырылды. Бір ғана мысал, мүгедектігі бар жұмыс іздеген 22 азаматтың талап-тілегі тыңдалып, қажетті ақпараттар берілді және жұмысқа орналастырылды. Мекеменің мекен-жайы, байланыс телефоны туралы және қосымша ақпараттар берілді. Барлығы 116 адамға психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, ақпараттық-консультациялық көмек көрсетілді.

- Жетісу өңірі бойынша зағиптар қоғамы секілді үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істейтінін білеміз. Осындай бірлестіктерге жергілікті билік не мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіледі ме? Өйткені, зағиптар қоғамына бір барғанымызда штат мәселесіне байланысты түйткілдердің шетін шығарған еді сондағы азаматтар...

- Сұрағыңыз өте орынды. Біз бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаймыз. Аталған салада қиындықтардың бар екені рас. Оларды біртіндеп еңсеріп те келеміз. Оның бір жолы: зағиптар қоғамының штат мәселесін шешудің бір түрі жұмыс беруші ретінде мемлекет тарапынан жалақысы субсидияланатын «Қоғамдық жұмыстар» жобасына қатысуы. Сонымен қатар, «Қоғамдық жұмыс» жобасы мүгедектігі бар жұмыссыз азаматтарға 12 ай мерзімінде уақытша жұмыспен қамтылуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге «Қоғамдық жұмыстар» жобасы аясында 101 қоғамдық бірлестікке, мемлекеттік емес ұйымдарға 643 жұмыссыз азамат жолданса, оның ішінде 35 зағиптар қоғамына 267 адам жолданды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде байқауда жеңімпаз атанған үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында қаржыландырылады.

- Ермек Арынханұлы, мүгедектігі бар жандармен жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің жағдайы қалай, «Инватакси» жеткілікті ме, жалпы, Жетісу облысы бойынша жарымжан адамдардың өмірімен тығыз байланысты осындай мәселелердің жағдайы қалай?

- Әлеуметтік қызметкер бойынша айтатын болсақ, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар қызметкер болып табылады. Бүгінгі күнге облыс бойынша аудандық, қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде барлығы 342 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Дәл осы сәттегі сандарды сөйлетсек: облыс бойынша үй жағдайында жалғыз басты 1249 қарттарға және 662 мүгедектігі бар балаға қызмет көрсетіледі. Ал жалпы облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1566 орынға арналған 13 мекеме жұмыс істейді. Стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 6 орталықта 69 әлеуметтік қызметкер,  жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 7 күндізгі болу орталықтарында 56 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Келесі жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру, оларды оқыту, біліктілігін арттыру, тестілеу жүйесі енгізіледі және еңбекақылары көтеріледі.

Енді «Инватакси» туралы сұрағыңызға тоқталсам, облыста 15 үкіметтік емес ұйымдардың ұйытқы болуымен арнайы 20 «Инватакси» қызмет көрсетіп отыр. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 11 жаңа «Инватакси» автокөлігі және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының демеушілігімен жабдықталған 3 «Инватакси» автокөлігі алынды. Осының арқасында Жетісу өңіріндегі «Инватакси» саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір артты.

Былтыр, «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, Талдықорғандағы «Облыстық перинаталдық орталық» базасында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығын аштық. Бұл – біздің еліміздегі инновациялық орталық саналады. Онда нейро-ортопедиялық аурулары, оның ішінде церебралды сал ауруы бар 3 жасқа дейінгі балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері қолданылады. Сондай-ақ, биыл Сарқан ауданында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылады. Арнайы мекеме бірден үш аудан - Сарқан, Алакөл, Ақсу аудандарының балаларын оңалтумен айналыспақ.

- Ермек Арынханұлы, әңгімеңізге көп рахмет! Маңызды жұмыстарыңызға табыс тілейміз.

- Сіздерге де алғыс айтамыз!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →