×

«Құрбан айтта қой бағасы арзандайды»: алматылық саудагерлер нарықтағы сұраныс пен баға туралы айтты

Қазір базарда құрбандық шалу үшін мал іздеп жүрген халықтың қарасы қалың

«Құрбан айтта қой бағасы арзандайды»: алматылық саудагерлер нарықтағы сұраныс пен баға туралы айтты
Фото: Qaz365.kz

Биыл Құрбан айттың бірінші күні 16-шы маусым жексенбіге түсіп тұр. Құрбан айтта жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбандық шалу кімдерге міндет екенін айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мүфтият ұсынған деректерге сәйкес, ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп.

Осы орайда қазір базарда құрбандық шалу үшін мал іздеп жүрген халықтың қарасы қалың. Qaz365.kz тілшісі де мұсылмандар үшін айтулы мереке қарсаңында Наурызбай ауданындағы «Тау Самалы» мал базарына барып, мән-жайға қанық болып келдік. 

Он жылдан бері мал саудасымен айналысып жүрген Иса Телеуов қойларын негізінен Ұзынағаштан, Меркі және Отардан алып келеді екен. Құрбан айтқа орай ол да алақанын ысқылап, қызу саудаға дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде 200-дей бас қойды даярлап қойған. Айтуынша, қойдың бағасы оның жасына, салмағаны байланысты 40 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін өсе береді екен.

«Негізі құрбандыққа малды бір жастан асқан соң шалады деп еститінбіз. Денесі ірі болса, алты айдан асқан соң да шала береді. Бағасына келсек, ең кішісі 40 мың теңгеден басталады. Үлкендері салмағына қарай 120 мың теңгеге дейін барады. 40 мың деп жатқанымыз сол алты айлықтан басталатын қойлар. Бір жастан асқаны 60 мыңның шамасы болады», – дейді сатушы.

Фото: Qaz365.kz

Имамдар құрбандық шалуда пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болатынын алға тартады. Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сол малдың етінен бала-шағасы, ағайын-туысы, көршілері дәм татып, сондай-ақ мұқтаж жандарға таратылады. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі деп саналады. Сондықтан да жағдайы жеткен мұсылман қауым қасиетті күндері малдың жақсысын қайырға, садақаға, зекетке беруге асығады. Былтыр кейіпкеріміздің өзі ғана 200-ден астам қой сатса, биыл да сол межеден кем түспейміз деп отыр. 

«Былтыр шамамен 200-ден аса қой саттық. Өзіміз де жыл сайын құрбандық шаламыз. Баяғы бір ағамыз «саудада береке бар» деп айтып еді, содан бері осы саладамыз. Биыл да сол межеден асып қалар деп ойлаймын», – дейді Иса Телеуов.

Бұл күндері құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті, азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп. Бірақ шамасы жеткендердің өзі кейде арнайы барып құрбандық шалуға уақыт таппай жатады. Өзге де себептер болуы мүмкін. Сондықтан осы жайттарды ескере отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Онлайн құрбандық шалу бағасы 72 мың теңгеден басталады.

Иса Телеуовтен базарда сатылып жатқан қойлардың бағасын сұрап көрдік. Ол қойдың ең қымбаты әрі салмақтысы 140 мың теңгеден сатылып жатқанын атап өтті.

«Бұл қойдың келісі 40 мыңның үстінде. Шамамен 120-130 мың теңге аралығында болады. Бұл қойды жас отбасы алып қойды. Бірінші айт күні сойдырамын деді. 135 мың теңгеге сатып алды. Бұл ең қымбат қой. Сырға, құжатының бәрі бар. Ауру-сырқаукы жоқ. Құрбан айтқа дейін базарға әкеліп аламыз. Айтта сатамыз. 6-7 мыңнан сойып береді. Құрбан айтта адам көп болғандықтан 10 мың теңгеге дейін сойып береді. Бас-сирағын ұйытып береді», – дейді сатушы.

Фото: Qaz365.kz

Бұрын құрбан айт кезінде мал сойдырған адамдап ішек-қарындарын алмай, тастап кететін. Сол турасында сатушыдан сұрап білдік.

«Негізі көпшілік қауым алып кетеді. Жемейтін кісілер осы жақтағы апаларға беріп кетеді. Бірақ қоқысқа ешкім тастап кетпейді», – дейді ол.

Закира Сәтбаеваның базарда мал сатқанына 20 жылға жуық уақыт болған. Өзі мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ берген екен.

«Шымкент жақтың тумасымын. Дәлірек айтсам, Бәйдібек ауданынан боламыз. Тоқсаныншы жылдары жұмыс табылмай саудаға келдік. Мамандығым – бастауыш пәнінің мұғалімі. Шаяндағы Мұхтар Әуезов мектебінде жұмыс істегенмін. Аллаға шүкір, осы базарға келгелі жаман болып жатқан жоқпыз. Келін алып, қыз ұзатып, көлік алып жүрміз. Бұл өзі өте берекелі базар», – дейді сатушы әйел.

Фото: Qaz365.kz

Закира ханым қойлардың қандай бағада сатылып жатқанына тоқталып, түсіндіріп берді.

«Бұл қара қой 100 мың теңге тұрады. 45 келі салмағы бар. Екі жасар ісек. Ұрғашы қойлар да бар. Жаңағы қой еділбай қойдың тұқымы», – дейді ол.

Өткен жылы 300 бас қой сатқанын және қандай қойды сатып алуға сұраныс көп екеніне тоқталып өтті.

«Мына қойларды құрбандықтың бірінші күні сатамыз. Негізі барлығы саудаға байланысты. Мен қазір осынша қой сатамын деп алдын ала айта алмаймын. Мысалы, былтыр екі қорадан 300 бас қой саттым. Малды Қордай, Айдарлы, Ақши деген сияқты жергілікті жерлерден әкелеміз. Қошқарды 80 мыңға саттық мысалы. Кейбір адам қошқарда иіс болады дейді, сондықтан ұрғашы мал сатып алады. Негізі бәрі ниетке байланысты ғой, көктемнен шыққан қошқарда иіс болмайды. Адамдар қалтасына қарайды, ұрғашы, тоқты, қошқар ала береді. Көбіне құрбандықты жағдайы бар адам шалады. Бірақ ақшасын бір-екі ай жинап, мал алатындар да бар. Мысалы 2022 жылы бір жігіт келді, қолында жиған-терген кәдімгі тиыны бар екен. Маған "ниет етіп келіп едім, бірақ ақшам кішкене жетпей тұр" деді. Сол кезде 40 мың теңге жинапты, мен бердім», – дейді Закира Сәтбаева.

Фото: Qaz365.kz

Оның айтуынша, құрбан айт мейрамында мал бағасы арзандай түседі.

«Биылғы бағаны айтатын болсам, ең қымбат қой 90 мың тұрады. Бұл жерде 70 мыңға да, 80 мыңға да ұрғашы мен қошқар бар. Ал бір жасар малдар 35-50 мың теңгенің аралығында, бір жарым жасарлар 50-60 мың, екі жасар малдар 60 мың теңгеден басталады. Жұрт құрбан айтта мал қымбаттайды деп ойлайды. Біз мал санын көбейтеміз, керісінше, арзандайды», – дейді ол.

Фото: Qaz365.kz

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →