×

Киберқылмыс: интернет алаяқтығынан қалай сақтанамыз?

Кең етек алған киберқылмыспен күрес

Киберқылмыс: интернет алаяқтығынан қалай сақтанамыз?

Елімізде ғаламтор алаяқтығының саны жыл санап күрт өсуде. Замана көшімен бірге өкінішке қарай осындай келеңсіз жайттар да жиі белең алып отыр. Жалпы, алаяқтардың арбауына талай адамның түсіп, қалтасындағы соңғы тиынын қағып бергенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Осындай арам пиғылды адамдардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеген дұрыс? Жұртшылық неліктен қарапайым деген қауіпсіздік шараларын сақтамайды? Ішкі істер органдарының қызметкерлерлері қоғамның дертіне айналған интернет алаяқтықтың алдын алуда қандай іс-шараларды іске асыруда? Qaz365.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Ең алдымен бұл уақытпен бірге көшетін қылмыстың түрі екенін анықтап алғанымыз жөн. Сала мамандары оны киберқылмыс деп атайды. Жаңа технологиялар мен оның ішінде әсіресе осы ғаламтордың мүмкіндіктерін өздерінің теріс пиғылдары, қылмыстық іс-әрекеттері үшін пайдаланатын алаяқтардың да әдіс-тәсілдері уақытпен бірге шыңдала түсуде. Былайша айтқанда алаяқтар да құр қарап отырған жоқ. Интернетті барынша оңтайлы пайдалану мақсатында заман талабына сай болуға ұмтылуда. Соның салдарынан небір құйтырқы әрекеттерге куә болып жүрген жайымыз бар.

«Халықты алдау мақсатында әртүрлі әдістерді ойлап табады. Осындай жолда кәдімгідей ізденеді деуге де болады. Бүгінгі таңдағы алаяқтықтың ең кең етек алып кеткен түрі – белгілі бір банктің қауіпсіздік қызметінің маманы болып қоңырау шалады. Қазақстанның түрлі байланыс операторларынан, әлеуметтік желілерден, атап айтсақ «уатсап» желісінен де хабарласатын болып алған. Мынау арнайы бағдарламалар бар. Орысша айтқанда «подмена номера» дейді. Қазіргі алаяқтар міне осындай дүниелерді ұршықтай үйіріп алған ғой. Ғаламтор арқылы қоңырау шалады, қысқасы. Ал ондай технологиялардың бір кесірі – хабарласушыны, яғни алаяқ азаматтарды ұстау қиынның қиыны. Мысалы, сіз маған қоңырау шалсаңыз, сіздің қай жерден хабарласқаныңызды, қайда тұрғаныңызды анықтау оп-оңай дүние. Ал жоғарыда айтақан бағдарламалар ішкі істер органдарының қызметкерлерінің іздестіру жұмыстарына кәдімгідей кедергісін келтіреді. Және бір айта кетерлігі, соңғы үш-төрт жылда тіркелген осы тектес алаяқтық оқиғаларының барлығы шетел азаматтарымен байланысты болып отыр. Дәлірек айтсақ, ондай қоңыраулар көршілес мемлекеттерден келіп түсуде. Атын атап, түсін түстеп айтар болсақ, дені Ресей мен Украина елімен байланысты фактілер тіркелуде. Астана мен Нұрсұлтанды шатастырып алып, өтірік біздің азаматтардың атын жамылып алып, қарапайым жұртты қармағына түсіріп, арам пиғылдарын іске асырып кетуде. Ютуб желісінде де мұндай оқиғалар өріп жүр, оны өздеріңіз де білетін шығарсыздар» , – дейді Жетісу облысы ПД Криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Мәди Бағдатұлы.

Интернет алаяқтық халықаралық сипат алып барады

Ішкі істер органдарының мамандары біраз дүниені алға тартып отыр. Бұл жерде кәдімгі қылмыстық топтың да иісі шығады екен. Мәселен, көршілес елдің алаяқтары өзге мемлекеттің азаматтарын алдап-арбауда біраз машықтанып алған десе де болады. Олар осы Қазақстаннан сыбайлас тауып, интернет алаяқтықтың неше атасын сәтімен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі алаяқтарды заман талабына сай іс-әрекет етеді деуіміз тегін емес. Өздеріңіз де ойлап көріңіздерші, өзің шетелде отырып алып, арам жолмен тапқан қомақты қаржыны қалай қалтаңа басуың мүмкін? Олар мұнда да ең соңғы үлгідегі технологиялардың, тәсілдердің «игілігін» көруде. Алданған адамдардың ақшасын шетелге осындағы сыбайластарының көмегімен шығарып отырады екен. Бұл жерде биткойн, криптовалюта деген дүниелердің көмегіне жүгінетінін айтып өткеніміз жөн.

Жетісу облысындағы арам пиғылды осындай операциялардың жолын кесуде қажырлы қызмет атқарып отырған Криминалды полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде тағы мынадай оқиғалар жиілеп кеткен.

«Қазір алаяқтықтың кең тараған түрінің бірі – байланыс операторларының атын жамылып іске асырылатын қылмыстық-құйтырқы іс-әрекеттер. Сізге  «Актив» немесе «Билайн» орталығынан хабарласып тұрған болады. Сөйтіп, сіздің жеке симкартаңыз бен нөміріңіздің пайдалану уақыты аяқталғандығын желеу етіп, әңгімеге тартады. Енді бір нөмірін 10-15 жылдай ұстап жүрген азаматтардың одан айырылғысы келмейтіні де түсінікті емес пе? Содан басталады. Қазір сізге код жібереміз, соны айта қойыңыз дейді алаяқ. Ал сол кодты айттыңыз ба, бітті дей беріңіз. Өйткені арам пиғылды алаяқтар сол жеке код арқылы сіздің барлық шоттарыңызды басқару мүмкіндігіне ие болып алады», - деп отыр сала маманы М. Бағдат.

Иә, жеке өзіміздің басымызға қатысты да осындай жағдай болған. Алайда, Құдай оңдап сұраған кодтарын бермей, алаяқтардың арбауынан аман қалып едік. Өкінішке қарай, барлығының бірдей жолы бола бермейді. Бұл ретте, әсіресе жасы егде тартқан адамдар, оның ішінде зейнеткерлер осындай келеңсіз жағдайларға тап болып, зиян шегіп жатады. Сала мамандары сондай-ақ соңғы уақыттың жүзінде кең етек алып отырған алаяқтық оқиғаларының қатарына әлеуметтік желілерді, «Колеса.кз», «Крыша.кз» секілді арнайы приложениелермен байланысты фактілерді де жатқызуда. Қазір барлығымыз да алып-сатуға арналған біршама платформаларды пайдаланамыз. Алаяқтар бұл жерде де өздерінің арам пиғылдарын асырып кетіп жатыр. Жарнамаға әлдеқандай бір бұйымдар мен заттарды қояды. Тегін ірімшіктің әңгімесі естеріңізде шығар? Әлдебір затты арзан бағалап, сатамын деп хабарландыру жариялайды. Сөйтіп оған қызыққан қарапайым жандар алдын-ала төлем жасап жібереді де, артынан сан соғып қалады. Өйткені, жеме-жемге келгенде не тауар, не ақша жоқ болып шығады. Бір банк арқылы бөліп төлеймін деп те алаяқтардың қармағына түсіп жатқандар жетерлік. Ол қалай? Мысалы, алаяқтар киім сататын дүкені бар жеке кәсіпкердің «ИП-сын» жалға алады. Түптеп келгенде бұл да заңсыз әрекет болып есептеледі. Алайда, кей кәсіпкерлер тек табысты ойлап, бұған да көз жұма салатыны жасырын емес. Осылайша теріс пиғылдылар жаңағы «ИП-ны» күніне не айына ақшасын төлеп отырамыз деп келісіп, өздерінің дегендерін жүзеге асырып кетуде. Сауданың түрі әр-алуан. Ұялы телефон, смартфон, мопеттер... Алаяқтар бұл жерде де озық технологиялардың «игілігіне» жүгінеді ғой. Таргет дейді. Тауарды сатудың тиімді тәсілін қолданып, «инстаграмм» секілді әлеуметтік желілерді сауданың платформасына айналдырып алған. Алдымен әлем желісіне адамдарды топырлатып жинап алады. Сосын жаңағы тауардың астына «Каспий» банк арқылы бөліп төлеу мүмкіндігі бар деген секілді жазба қалдырады. Бітті. Ойында ештеңе жоқ сатып алушылар қармаққа ілінді дей беріңіз. Осыдан кейін алаяқтар өзі жалға алған «ИП-сының» «Каспий» шоттарын тіркеп қояды. Ал бөліп төлеу операциясы рәсімделген соң автоматты түрде несиеге айналып шыға келеді. Сөйтіп, кибер қылмыскерлер сол ақшаны жалға алған «ИП» арқылы өздерінің шоттарына аударып алады. Мұнда да зардап шегетін тек қана қарапайым адам немесе тұтынушы. Айналып келгенде не тауар, не ақша жоқ. Абстракция болған смартфонына не басқа бір затына рәсімделген несиесін ғана төлеуге мәжбүр болып қала береді. Бүгінде әдемі пәтерлер, су жаңа автокөліктер деген секілді дүниелердің барлығы алаяқтардың құралына айналған. Сондықтан ішкі істер органдарының мамандары азаматтарды сақ болуға шақырады. Алдымен көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстамай тұрып ешқандай алдын ала төлем жасамаңыз дейді олар.

Жетісу облысы ПД Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері киберқылмыстың алдын алу мақсатында шұғыл әрекеттерге баруда. Қоғамдық орындарда халықпен кездесулер өткізіп, алаяқтықтан сақтанудың жолдарын үйретеді.

          Киберқылмыстың алдын-алу жолында

«Алаяқтықтың тіркеу санатын біршама төмендету мақсатында біршама жұмыстар жүргізіледі. Полиция қызметкерлері, учаскілік полиция инспекторлары буклеттер таратады. Осы Талдықорған қаласы мен оған қарасты 10 шағын-ауданның аумағындағы адам ең көп жүретін, шоғырланған жерлерді аралаймыз. Ол ең алдымен осы жақтағы ірі деген сауда орындары, базарлар мен тағысын тағы сондай орындар. Алаяқтықтың алдын алуға арналған арнайы түсіндірмелік буклеттер дайындадық. Оның ішінде арнайы кьюар коды бар. Сол арқылы ішіне өтсеңіз барлығы тайға таңба басқандай анық көрсетілген: киберқылмыстың қандай түрлері бар, алаяқтарды қалай анықтауға болады, олардан қайтып сақтану керек, сондай оқиғаға тап болған жағдайда қалай әрекет ету керек деген секілді дүниелердің барлығы көрсетілген, түсіндірілген. Киберқылмыстың алдын-алу мен онымен күрес жолындағы тағы бір ауқымды шара БАҚ арқылы жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, жергілікті «Жетісу» телеарнасы арқылы тікелей эфирде біздің мамандар алаяқтықтың түрлері туралы баяндама жасап, одан сақтанудың тәсілдерін түсіндіруде. Мұның сыртында осы тақырыпты арқтау еткен түрлі брифингтер мен жиындарды да жиі өткізіп отырмыз. Одан кейін киберқылмыстың профилактикасы ретінде Талдықорған қаласы мен оған қарасты барлық ықшам-аудандарының адам көп жүретін жерлерінде, көшелердің бойындағы лэд-экрандардан алаяқтық туралы бейнероликтер көрсетілуде. Қала маңынан да шығып тұрамыз. Ауылды жерлердегі ағайынның басы қосылатын жиындарда да түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Жаңа айтылған буклеттерді таратамыз, азаматтардың сауалдарына жауап беріп, барынша алаяқтықтан сақтануға шақырамыз», – дейді сала мамандары.

Талдықорған қаласы мен оның 10 ықшам-аудандарының барлығында осы алаяқтық қылмыстың алдын-алуға үндейтін баннерлер ілінген. Бұл да Криминалды полиция басқармасы қызметкерлерінің ұйытқы болуымен жүзеге асырылып жатқан шаралардың бір парасы. Бұл ретте жергілікті әкімдіктің де атсалысып жатқанын айтып өткен жөн. Шаһардағы банкоматтардың алдына шағын полицейлердің суреттері орналастырылған. Дегенмен ең бірінші жауапкершілік әрбір азаматтың өзінен басталады дейді полиция қызметкерлері. «Сақтықта қорлық жоқ» деген.

«Әлдебір банктерден, содан кейін «Актив» немесе «Билайн» орталығынан ешқашан сіздің байланыс операторыңыздың мерзімін ұзарту керек еді деген секілді өтірік желеулермен қоңырау шалмайды. Сіздің жеке шотыңызды бұзғалы жатыр деп бакн қызметкерінің хабарасуы да екіталай. Тіпті, қауіпсіздік комитетінен не полициядан едік деп азаматтарды үрейлендіріп, арбайды. Мұндай ситуацияға тап болсаңыз, бірден тұтқаны қойып 102 нөміріне қоңырау шалып немесе өзіңіздің картаңызға жауапты колл-центрге хабарласқаныңыз жөн», – дейді сала маманы.

Жетісу облыстық ПД Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері сәуір және мамыр айларында денсаулық сақтау мекемелері мен білім беру ошақтарын да аралады. Ондағы мақсат – жастардың интернет алаяқтығынан сақтану иммунитетін қалыптастыру жұмыстарын жүргізу болатын. Сала қызметкерлері осы екі ай мерзімінің ішінде Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орындарын, орта және арнаулы білім беретін мекемелердің тәлімгерлерімен жүздесіп, түсіндірме шараларын жүргізді. Бұл өте ауқымды шара бүкіл Жетісу облысын қамтыды. Криминалды полиция қызметкерлері аймақтағы барлық колледждер мен арнаулы оқу орындарын түгел аралап шықты. Арнайы іс-шараның назарынан мектептер де тысқары қалған жоқ. Полиция қызметкерлері облыстағы мектептердің ұстаздары мен оқушыларына киберқылмыстың қандай түрлері болатынын, одан қалай сақтанудың амалдарын айтып берді. Сондай-ақ қылмыс пен оған сай жазаның да барын түсіндірген болатын. Бұдан бөлек әр жұма сайын жамағат жиналатын ірі мешіттерде де осы тектес шаралар өткізілуде.

Бүгінгі қоғамның дертіне айналған киберқылмыспен немесе қарапайым тілмен айтқанда интернет алаяқтықпен күресте ішкі істер органдары жедел қимылдауда. Қысқасы, полиция қызметкерлері заман талабына сай құйтырқы әрекеттерге баратын қылмыскерлерден қалып-қалмаудың қарекетін қылуда. Әйтсе де, ең басты жауапкершілік әрбір азаматтың өзінде екені анық. Арам пиғылды жандардың жамандығынан сақ болу маңызды.         

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →