Акцияның аясында тұрғындар дәрігерлерден тегін консультация алды
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық ауруханасында жұмсақ тіндердің ісіктері мен тірек-қимыл аппаратының саркомалары туралы Ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Акцияның аясында тұрғындар жұмсақ тіндер мен сүйектердің патологиялары бойынша дәрігерлерден тегін консультация алды. Сонымен қатар Саркома қатерлі ісігіне күдікті немесе денесінде ұзақ уақыт бойы жазылмай жүрген жаралары бар науқастар арнайы тексеруден өтті.
«Саркома – сүйек тканінің қатерлігі ісігі. Бұл ауру адамда пайда бола бастағанда, өте тез немесе айлап қатерлі ісікке айналады. Көп жағдайларда темекі шегу, экологиясы ластанған аймақта тұру, химия өнеркәсібі өндірістерінде жұмыс жасаудан пайда болады. Негізгі белгілеріне денсаулықтың күрт нашарлауы, дене қызуының көтерілуі, терінің қызаруы және ісінуі жатады. Ісік өскен сайын ауырсыну белгілері де үдей түседі. Яғни, бастың ауырып, айналуы және тез шаршап, энергияның болмауы, тәбеттің қашуы, шамадан тыс салмақтың түсуі қосылады. Бұл ауру көбіне жас жеткіншектерде пайда болатын көрінеді. Өйткені, саркома – сүйек пен бұлшықет тінінде пайда болады. Ал, бұл уақытта балаларда дәнекер ұлпа құрылымдарының белсенді дамуы жүріп жатады»,- дейді Қазығұрт аудандық Онколог дәрігер Бахытжан Намазбаев.
Айта кетсек, саркома - бұлшықеттер мен сүйектерде дамитын қатерлі ісіктердің бір түрі. Бұл – өте сирек кездесетін қатерлі ісік. Қазақстанның онкопатология құрылымында ол тек 2-2,5%-ын ғана алады. Саркоманы емдеу өте маңызды, себебі бұл – күрделі патология. Өйткені үлкен мөлшерге жеткенге дейін ол адамға көптеген қолайсыздықтар әкелуі мүмкін. Бұл тіндерге өте терең енетін кейбір ісіктер болуы мүмкін.