«Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында шекара қызметкерлеріне дәріс оқылды
Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері шекара қызметкерлеріне семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шардара аудандық орталық ауруханасының нарколог дәрігері Гүлбану Тойтанова жоспардан тыс өткізілген кездесуде «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында шекара қызметкерлеріне дәріс оқып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуде жастардың санасын улаған қоғам дерті – нашақорлық әрі аутодеструктивті мінез-құлықтың салдары жайында қызметкерлермен ой-пікір алмасты.
«Нашақорлық – ғасыр дерті, оны қолданған адамның өмірі қысқа әрі мәнсіз өтеді. Оған әуес, тәуелді болған адам өзіне барлық зиян әрекеттерді жинап жүреді. Оның көптеген түрлері болады. Мысалы, біреулер оны темекі ретінде пайдаланса, енді біреулер дәрі түрінде қолданып жатады. Оны қолданған адамдар оған бір-ақ күнде тәуелді болып, өмір сүру уақыты өте тез қысқарады. Оның адам өміріне зардабы көп. Ең біріншіден, өмір жасы қысқарады, екіншіден, айналасындағы адамдарға кесірін тигізеді. Адами жағынан келгенде өз ортасында сыйы кетеді, жүрген жерінде береке болмайды, көптеген жақын адамдарынан айырылып жатады. Сондықтан да өміріңізге, ең жарқын жастық шағыңызда деннің саулығын ойлауды осы күннен бастаңыз», – деді дәрігер.
Бүгінде Түркістан облысында нашақорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанымен есірткіге елітіп, тәуелді болып қалушылар аз емес. Бұл орайда өз міндетін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлері қырағылық танытып, есірткі саудасының алдын алуда. Есірткіге қарсы күресті бәсеңдетпеген тәртіп сақшылар қала тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.