МӘМС пайдасы халыққа қолжетімсіз болып келген медициналық қызмет түрлерін оңай алуға көмектеседі
Түркістан қаласының тұрғындарына МӘМС жүйесі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы ретте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мен Түркістан қалалық емханасы бірлесіп 100-ге жуық қала тұрғындарына МӘМС жүйесі бойынша кеңес берді. Нәтижесінде
Түркістан қалалық емханасының хирург, офтальмолог, уролог және жалпы тәжірибелік дәрігерлері тұрғындарды жолдамасыз қабылдап, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтерді ақысыз көрсетті. Ал, Қор филиалының мамандары МӘМС жүиесінің маңыздылығы туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Жалпы МӘМС пайдасы халыққа қолжетімсіз болып келген медициналық қызмет түрлерін оңай алуға көмектеседі. Әрбір сақтандырылған адам қажет болған жағдайда өз денсаулығының жай-күйі бойынша МӘМС есебінен үлкен тізбеден барлық қызметтерді ала алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыра-тын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.
Сонымен қатар, МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген өз-өзін жұмыспен қамтушы азаматтар – өздері үшін жарна төлейді. Осылайша, көмекке мұқтаж адамдарға мұқтаждығы төмен азаматтардың есебінен қызмет көрсетіліп, қаржыны тиімді бөлуге мүмкіндік береді.