Қазіргі уақытта Жәния Уранқаеваның үкімет ғимаратына кіруге рұқсаты жоқ
Үкіметтің баспасөз қызметі оны аккредитациядан айырып, желтоқсанға дейін Үкімет ғимаратына кіруге шектеу қойған. Журналист бұл шешімге шағым білдірмек, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мұны цензура деп есептеймін»
Press.kz сайтының тілшісі Жәния Ұранқаеваға биыл желтоқсанның аяғына дейін Астанадағы үкімет үйіне кіруге шектеу қойған. Тілшінің өзі 6 қыркүйекте үкіметтің баспасөз қызметінің басшысы Мақсат Төлегенов Press.kz басшысын шақырып, Ұранқаеваға қойылған шектеу туралы хатты тапсырған.
«27 тамызда үкімет отырысына барғанда баспасөз орталығын үшінші қабаттан екінші қабатқа көшіргенін білдік. Үкімет отырысы өтетін және спикерлер жүретін үшінші қабатқа көтерілуге тыйым салды. Ақпарат құралдары енді үкіметтің баспасөз орталығында ғана жұмыс істейтін болыпты. Төлегеновтен мұндай ереже қайда жазылғанын көрсетуді сұрадым. Бірақ көрсетпеді, бұл ережелер қызмет бабында пайдалануға арналған, ашық деректе жоқ деп жауап берді», - дейді Ұранқаева.
Журналист мұны цензура деп есептейді. Ол бұл шешімге шағым түсіруге ниетті.
Үкіметтің баспасөз қызметі олардың ғимараты «аса маңызды мемлекеттік объект» деп, «қызметкерлер мен келушілерге арнайы бекітілген ережелер бар» деді. Журналист «сол ережелерді бұзып, бірнеше рет айтылған ескертуді елемегені үшін» үкімет үйіне кіре алмайды.
Әр мекеме өз ережесін шығарып алса не болады
Бұдан бір күн бұрын Азатттық журналисі депутат Нартай Аралбайұлынан журналистерге қойылатын осындай шектеу жайлы пікірін сұраған.
«Жалпы тиісті ережені қабылдағаннан кейін ведомство өкілдері бұған жауапты болуы керек деп санаймыз. Бұл жерде бір ғана сұрақ бар: құрметті журналистермен бұл мәселе қаншалықты талқыға түсті? Ережені бұзу дегеннің ішіне не кіреді? Осы ең маңызды сұрақ қой. Әр мекеме өзіндік ереже бұзу тәртібін енгізіп алатын болса, онда өзіне қолайлы емес, өздеріне өткір сұрақ қоятын, халықтың мұңын жеткізетін журналистерді шектеп тастамай ма деген үлкен сұрақ бар», - дейді Нартай Аралбайұлы.
Депутат «бұл тәртіпке қатысты әлі еш журналист шектелген жоқ қой» деп уәж келтірген. Келесі күні үкімет Жәния Ұранқаеваны аккредитациядан айырды.
Медиамаманның пайымы
Медиамаман Гүлмира Біржанова журналистерді аккредиттеу қағидаларынан «журналисті тұрақты аккредиттеуден айыру үшін екі және одан да көп рет аккредитация тәртібін бұзу» негіз бола алатынына назар аударады.
«Бұл жағдайда Жәния екі апта ішінде аккредиттеу ережелерін бірнеше рет бұзуы керек еді және бұл соған сәйкес рәсімделуі керек еді. Естеріңізге сала кетейік, ережелер 20.08.2024 жылы күшіне енген. Менің білуімше, мұндай "бірнеше рет ескертулер" дұрыс рәсімделмеген. Сонымен қатар, негіздеме белгіленген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде журналистің аккредиттеуден айырылғаны туралы БАҚ-қа себептерін көрсете отырып хабарлау қажет. Бұл оның ішкі ережелеріне сілтеме емес (ол мәтінді көрмеген), бірақ Жәния бұзған нормаларды көрсетеді», - дейді ол.
Қазіргі уақытта Жәния Уранқаеваның үкімет ғимаратына кіруге рұқсаты жоқ, іс жүзінде заңды негіздерсіз аккредиттеуден айырылған.