×

«70%-ы алдын ала сездіреді»: баланы өзіне қол салуға не итермелейді

Бала неліктен суицидке барады және оның алдын алу жолдары қандай?

«70%-ы алдын ала сездіреді»: баланы өзіне қол салуға не итермелейді
Фото: lidanews.by

Кейінгі кезде жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары көбейіп кетті. Жақында Алматыда екі оқушы тұрғын үй шатырынан сегізінші қабаттан құлап қаза тапты. Мамандар оқушылардың өз-өзіне қол салу себептерін ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуімен, зорлық-зомбылық, психикалық ауытқушылық, күйзеліспен байланыстырады. Бала неліктен суицидке барады және оның алдын алу жолдары қандай? Qaz365.kz тілшісі аталмыш мәселе бойынша психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарманмен сұхбаттасып көрді.

– Алматыда екі оқушы сегізінші қабаттан секіріп кетті. Бұл бірінші жағдай емес. Сіз маман ретінде осы оқиға бойынша балалардың осындай әрекетке баруына не себеп болуы мүмкін деп ойлайсыз?  

– Бұл оқиғаға қатысты ресми түрде суицид болғаны туралы ақпарат шықты, бірақ суицидке не түрткі болғаны туралы ресми ақпарат шыққан жоқ. Жалпы, суицид - аутоагрессияның ең соңғы сатысы. Ал аутоагрессия деген қарапайым сөзбен айтқанда өз-өзіңе зиян әрекет жасау. Жасөспірімдер суицид жасамас бұрын өзінің денесін тілу, денесіне зақым келтіру түрінде аутоагрессия жасайды. Бұл жерде мақсат — өмірден өту емес, керісінше өмірді сезіну. Жан дүниесі құлазыған бала тіпті өмір сүріп, не сүрмей жатқанын түсінбей қалады, сондай кезде денесіне зақым келтіріп, денесін ауырту арқылы тірі екенін сезінеді. Жасөспірімдер арасында демонстративті суицид де көп жасалады. Бұл жағдайда да бала өмірмен қош айтысқысы келмейді, бірақ өзіне ұнамайтын қазіргі күйімен қоштасқысы келеді. Өзіне қол жұмсар кезде ата-анасы құтқарып қалғанын, өзімен сөйлескенін, назар аударғанын қалайды. Бала бірден бұл қадамға бармайды. Алдымен өз ойымен өзі арпалысып, тұйықталып, еңсесі түсіп кетеді. Осы кезеңде ересектер тарапынан оның бойындағы өзгерісті ешкім байқамаса, суицид туралы ой әрекетке көшеді. Бала іштей қай жерде, қандай жағдайда өмірден озатынын жоспарлайды. Мұндай жағдайда “Енді қиналмаймын, қиналып жүретін күндерім аяқталуына аз қалды” деген ой туындап, эмоциялық тұрғыда көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Көп ата-ана осы өтпелі кезеңге мән бермей қалады. Суицид жасайтындардың 70%-ы бұл туралы ашық түрде, астарлы түрде, әзіл түрінде болсын айтады. Өкініштісі, көбі бұл сөздерге мән бермей қалады.

Мұндай қадамға үйде қорлық, кемсіту, эмоциялық қысым көрген, шектен тыс талап қойылған балалар көп барады. Ата-аналар балаларының қарны тоқ, киімі бүтін болса болды деп санайды, бірақ бала ең алдымен ата-анасынан махаббат, жылулық алуы керек. Осы сезім жетіспеген бала ондай күйді ішімдіктен, есірткіден алуға көшеді. Маскүнем, нашақор болу да – бейсаналы суицидке жатады.

– Қазір неше түрлі мобильдік қосымшалар шықты ғой. Соны балалар көп пайдаланады. Неше түрлі ойындар бар. Бұған қазіргі технологиялардың әсері бар ма?

– Дәріні шамадан тыс қабылдаса, тамақты шамадан тыс көп ішсе — уға айналады. Бұл жерде де интернет, мобильдік ойындар шектен тыс көп қолданса — у. Ата-анасы тарапынан эмоциялық түрде қарны тойған бала өмірге қауіп төндіретін ойынға әуес болмайды. Аптасына бір рет, тым болмағанда екі аптада бір рет балаңыздан оны ренжітіп алған жоқсыз ба, көңілі тоқ па екенін сұрап отырыңыз. Қандай ойындарға әуес екенін байқап көріңіз. Мысалы, тек атыспақ ойын ойнаса — бейсаналы түрде кімді атқысы келеді, кімге ашулы, кімге ызалы, кімді жазалағысы келеді? Сұрап көріңіз. Ойынның ішінде терезеден секіру тапсырмасы берілсе, бала өмірде терезеден секіріп кетсе — бұл ненің белгісі? Ойын мен шынайы өмірді ажырата алмайтын баланы міндетті түрде психолог, психиатр маманға апару керек. Ата-анасы баласы осындай күйге жеткенше мән бермегені ме?

– Қазіргі заманда балаларды суицидке итермелейтін қандай өткір факторлар бар? 

– Балаға шамасынан тыс көп жүк артуға болмайды. Мысалы, тауыққа қыран бол десеңіз — ол қыран бола алмайды, бірақ тауықтың да өз ерекшелігі, өз артықшылығы бар. Балаңызды бар болмысымен қабылдап үйреніңіз. Ата-анасы тарапынан шектен тыс талап қойылған, шектен тыс үміт артылған, шектен тыс кемсітілген, қорланған бала ата-анасына сөз қайтара алмайды, оларды ұра алмайды, бірақ сол қатал ата анасын миының ішіне кіргізіп алып, үнемі іштей дау-дамайда жүреді, күндердің бір күнінде «іштегі» ата-анасын өлтірем деп, өзін қалай өлтіріп алғанын білмей қалады. 
Мынадай жағдайдағы адамдар суицидке бейім: жасөспірім кезеңдегі бала, маскүнем, нашақор, түрмеде жазасын өтеуші, шизофрения, ойынқұмар, күйзелісте жүрген адам, жақынын жоғалтқан адам, мазохист, өмірдің мәнін жоғалтқан адам, экстремалды спорт түрін жақсы көретін адам, буллингке ұшыраған адам, өзін қабылдай алмай жүрген адам.

–  Суицидті алдын-алудың жолдары қандай деп ойлайсыз?

– Ата-анасынан өзі қалағандай махаббат ала алмаған баланың бойында дефомин — бақыт, қуаныш гормоны өте аз бөлінеді, сол себепті ол бұл гормонды сырттан алуға тырысады, яғни ішімдікке әуестік, есірткі шегу, ойын ойнау түріндегі аутоагрессиядан бастап ең соңғы шегі - аяқталған суицидке дейін барады. Мұндай жағдай болмас үшін сәби өмірге келген сәттен бастап даму кезеңдері дұрыс өтуіне, жан жарасын барынша аз алуға әрекет ету керек. Тәулік бойы баланың қасында болудың қажеті жоқ, бірақ бір тәулікте балаңыздың жанында жарты сағат болсаңыз да, 1 сағат болсаңыз да онымен бірге болған уақытты сапалы өткізу, әңгімелесу керек.

Еске сала кетейік, елімізде мектеп оқушыларының және әскери қызметкерлердің суицидке барған оқиғалары жиі тарайды. 19 шілде күні Ақмола облысының Ақкөл ауданында 15 жастағы жасөспірім қыз өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған. 22 қыркүйекке қараған түні Алматыдағы Достық даңғылында тұрғын үй кешендерінің бірінің жоғарғы қабатынан ҰҚК Шекара академиясының курсанты құлап, қаза тапты. Ал бүгін Алматы қаласында тағы бір қайғылы оқиға орын алды: бұл жолы 18 жастағы жігіт биік ғимараттан секіріп, мерт болды.

Жалпы кейінгі кезде елде суицид мәселесі қоғамда өткір талқылануда. Балалар ғана емес, ересектердің де, әскерилердің де өз-өзіне қол жұмсауы күнделікті жаңалық ретінде тарап, сарапшылар дабыл қағуда.

– Сұқбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Бұл жерде тек бөбектер үйі туралы айтылып отыр
Іште жатқанда пайда болған кемістік салдарынан науқастың табаны зақымданған
Оның өнерін көрген оқырмандар ыстық ықыластарын білдіріп жатыр

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →