×

Қазақтың ураны: күнгейі мен көлеңкесі

Дүние жүзінде өндірілетін уранның үштен екісі Қазақстандағы кен орындарына тиесілі

Қазақтың ураны: күнгейі мен көлеңкесі
pexels.com

Бейбіт әрі экологиялық таза энергияның көзі деп есептелетін атом электр станциялары ядролық отын ретінде уранды пайдаланады. Дүние жүзінде өндірілетін уранның үштен екісі Қазақстандағы кен орындарына тиесілі. Сондықтан АЭС салынса, шикізат жағынан еш мәселе жоқ деуге болар еді. Әйтсе де, ядролық энергетиканың өзіне тән ерекшелігі бар. Елімізде өндірілетін уранды сатудан түсетін табыс қалай бөлінетіні де көпшілікті қызықтырары сөзсіз.  

Байытылған уран. Ол не? 

Ядролық энергетикаға қажетті шикізат – уран қазба орнынан өндіріп алудан бастап, реакторда жағылатын отынға айналғанға дейін арнайы өңдеуден, күрделі өндірістік процестерден өтеді. АЭС-те әрбір гигаватт энергияны алу үшін жүздеген тонна уран пайдаланылады, бірақ ол табиғи емес, байытылған уран. Байытылған уран арнайы зауыттарда алынады. АЭС-ке арналған уран отыны 4,5 грамдық таблетка түрінде болады.    

Жалпы табиғатта уранның бірнеше изотопы бар: U 238, U 235,  U 234.  АЭС-тердегі реакторларда негізінен U235 изотопы қолданылады. Бірақ, табиғи урандағы 235 изотопының үлесі бар болғаны 0,7%. Сондықтан, ғалымдар оны көбейтудің әдісін тапқан: табиғи урандағы қажетті изотоптың құрамын өзгерту  уранды байыту деп аталады. Бір килограмм төмен  байытылған уран алу үшін 9-10 килограмм табиғи уран кені қажет. Төмен байытылған уран (2-5% -дық) АЭС-тегі ядролық реакторларда  қолданылады, ал жоғары байытылған уран (20 пайыздық) атом сүңгуір қайықтарына, ғарыш аппараттарына қажет.

Қазақстанда уранды кім және қандай көлемде өндіреді?

Жаһандық нарықта соңғы жылы табиғи уран бағасы 60% -ға өскен, бұл еліміз үшін жақсы мүмкіндік дейді сарапшылар. Елімізде табиғи уранды өндірумен тек «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясына кіретін кәсіпорындар айналысады.

Бұл әлемдегі ең ірі компания. Компания қызметі уран мен оның қосылыстарын, сирек кездесетін металлдарды барлаудан бастап, АЭС-ке арналған ядролық отын өндіруге дейінгі үлкен тізбекті қамтиды. Ұлттық компания құрамына 26 кен орнында жұмыс істейтін 14 уран өндіруші кәсіпорын кіреді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-на  барлығын қосқанда 36 еншілес және тәуелді кәсіпорын қарайды.  

Алайда оның екеуі ғана «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-не бағынышты. Олар екі уран кен орнында жұмыс істейді. Қалған 12 кәсіпорында шетелдіктердің үлесі басым, бұл канадалық Cameco, қытайлық China General Nuclear (CGN), ресейлік «Росатом», француздық Orano, жапондық Sumitomo, Kansai және Marubeni компаниялары.

2023 жылы Қазақстанда 21,1 мың тонна уран өндірілген. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының үлесіне – 11,1 мың тонна немесе бүкіл шикізаттың 53% -ы тиесілі. Бәрін қосқанда,  Қазақстан 2023 жылы әлемдегі бүкіл уранның 39 пайызын өндірген. Былайша айтқанда, Қазақстанда өндірілген уранның көлемі ОПЕК-ке мүше барлық 19 елде, Сауд Арабиясы мен Ресейді қоса алғандағы өндірілген шикізатпен бірдей.

Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» – әлемде уран өндірісі көлемі бойынша №1 компания. 1997 жылы құрылған ұлттық компаниямыз қазір нарықтағы бағаға да әсер ете алады дейді сарапшылар.

2023 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» өзіне қарасты және оның еншілес һәм серіктес кәсіпорындары 17 уран кен орынын пайдалануға құқылы болды, ол жерлердегі кен қоры 319 мың тонна UME екен (қазба құрамындағы уран мөлшерінің көрсеткіші). Одан бөлек, бірлескен кәсіпорындар 9 кен орны мен учаскелерде жұмыс істейді, олардағы уран қоры – 247,9  мың тонна UME.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ және оның серіктес компаниялары қазіргі уақытта еліміздегі Мыңқұдық, Семізбай, Иіркөл, Инкай, Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын, Қанжуған, Мойынқұм, Заречное, Буденовское, Хорасан, т.б. кен орындарында уран өндіріп жатыр. 

Уран өндірілгенмен, бізде байытылмайды   

Reuters мәліметтеріне қарағанда, Ресей уранды байыту жағынан әлем бойынша жетекші орын алады. Мәселен, 2023 жылы АҚШ-тағы ядролық реакторларға жеткізілген байытылған уранның 27%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі.  

Қазақстан да байытылған уранды Ресейден сатып алады. Ресейдің Ангарск қаласында «Уран  байыту орталығы» АҚ (ЦОУ) бар, «Қазатомөнеркәсіп» осы кәсіпорынға табиғи уран сатады да, байытылған уранды сатып алады. 2023 жылы осындай қызметтің құны 40,6 млрд теңге болған (2022 жылы – 13,3 млрд теңге).  

Себебі, Ұлттық компания құрамында уранды байыту зауыты  жоқ. Бұл  «Қазатомөнеркәсіптің» өндірістік тізбегіндегі жалғыз кемшін тұс. 2007 жылы құрылған ресейлік-қазақстандық «Халықаралық уран байыту орталығы» акционерлік қоғамының 50% акциясы осы компанияға тиесілі болатын, алайда 2020 жылы ол өз үлесін серіктесі – ресейлік  «ТВЭЛ» АҚ-на сатып жіберген. Мәміленің құны – 6,2 млрд рубль немесе 100 млн доллар деп бағаланды. Қазір ол осы кәсіпорынның бір акциясына ғана ие.   

2023 жылы «Қазатомөнеркәсіп» табиғи уран өнімін 9 елдегі 23 клиентке сатқан. Ұлттық компания клиенттерінің географиясы жылдан-жылға кеңейіп келеді деп жазады Petrocouncil.kz. Осы уақытқа дейін уран өнімі негізінен Ресей арқылы тасымалданып келсе, қазір Батыс елдеріне Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Қара теңіз арқылы жеткізіледі. Ал Қытайға Алашанькоу теміржол станциясы арқылы тасымалданады.

Удай қымбат уран

немесе табыс қалай бөлінеді  

Қазір уран тотығының 1 фунты 80 доллар тұрады. Алдағы уақытта ол тек қымбаттай бермек, өйткені климат өзгерісі жағдайында бүкіл әлем елдері декарбонизацияға бет бұрды. 2050 жылға қарай әлемде парник газдарының мөлшерін нөлге жеткізу көзделгені белгілі. Әсіресе, жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты энергияға сұраныс барған сайын арта түсуде. Мәселен, жуырда Microsoft өзінің ЖИ технологияларын қуатпен қамтамасыз ету үшін Три-Майл-Айлендтегі тоқтап қалған АЭС-ті қайта іске қосу жөнінде мәміле жасасты. Сол себепті АЭС барда уран өнеркәсібінің келешегі зор.  

Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемде 439 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Қуаты 395,4 гигаватт. Оған қоса, 64 атом реакторы салынып жатыр.

Әлемдік энергия өндірісіндегі атом қуатының үлесі 2023 жылы 9% болды, яғни 2,6 млн ГВт электр энергиясын өндірді. Атом энергетикасының қуаты бойынша АҚШ алда келеді, екінші орында Франция (61,3 ГВт), 3-орында Қытай (54,3 ГВт).  

Энергияға сұраныс табиғи уранға сұраныс та өсе беретінін көрсетіп отыр. Әлемдегі уран қоры бойынша 2-орын алатын Қазақстан бұл саладағы басты ойыншының бірі болып қала бермек.

ҰАК-тың жылдық есебіне қарағанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ураннан түскен табыс 1,4 триллион теңге болған, 2022 жылмен салыстырғанда 43% -ға артқан (2022 жылы – 1 трлн теңге). Оның ішінде табиғи уран сатудың үлесі – 85%  немесе 1,2 трлн теңге. Орташа алғанда,  холдинг 1 кг уранды 65,3 теңгеге сатқан. Бірлескен және қауымдасқан кәсіпорындардағы табыстың үлесі 98,3 млрд теңгені құраған. «Қазатомөнеркәсіптің» өзі 2023 жылы акционерлеріне 201 млрд теңге көлемінде дивиденд төлепті (2022 жылы – 227,3 млрд теңге) .

Холдинг өз қызметкерлеріне ақы төлеуге 2023 жылы 61,8 млрд теңге жұмсаған. Компанияның өндірістік персоналының орташа айлық жалақысы өткен жылы 21%-ға өскен, яғни  547,8 мың теңге болды. Компанияда 21,5 мың адам жұмыс істейді (kazatomprom.kz).

Компанияның таза табысы өткен жылы 580,3 млрд теңге болды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23%-ға көп (472,9 млрд теңге). Сарапшылар Ұлттық компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне қарағанда, алдағы уақытта өз акционерлеріне жақсы табыс әкелетінін айтады. Қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның 63%  акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі, 12% – Қаржы министрлігіне тиесілі, 25 пайызы еркін айналымда. KASE мәліметіне сәйкес, оның 24,3% -ның иесі Citibank NA – New York (АҚШ).    

Көңілге кірбің түсіретін жайт, Қазақстанда өндірілетін уранның тең жартысы шетелдік компанияларға тиесілі екендігі. Ең ірі екі жоба да шетелдіктермен бірлесіп іске асырылады.  Мысалы, «Будёновское»  ЖШС,  «Заречное» АҚ, «Ақбастау» АҚ сияқты кәсіпорындар акциясының тең жартысы «Росатом» компаниясына тиесілі. «Семізбай-U» ЖШС, «Орталық» ЖШС акцияларының 49%-ын қытайдың CGN компаниясы иеленген, т.б. Табыс та соған сәйкес бөлінетіні белгілі. Өз жеріміздің байлығын өзіміз иеленгенге не жетсін дейсіз мұндайда.   

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →