Атеросклерозбен ауыратын көптеген адамдарда ешқандай белгілер байқалмайды
Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауруханада «Атеросклероз» ауруының дамуы жөнінде кездесу өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ордабасы ауданына қарасты Қараспан БМСК, Бөржар МСАК орталығының жалпы тәжірибелі дәрігерлері емханаға келген емделушілерге атеросклероздың белгілері мен симптомдарын айтты. Сонымен қатар, атеросклероз салдарынан қолқаның жұқарған жерлері қалталанып кеңіп, басқа мүшелердің қан тамырларын бекітіп тастайтындығы түсіндірілді. Жалпы атеросклероз - қан тамырларының ішкі бетіне холестериннің сіңіп, жиналып, түйін тәрізді шоғырланып қалуы. Холестерин сіңіп қалған орын бастапқы кезде сары жолақ дақ түрінде болса, келе-келе қатайған түйінге айналады. Бұл түйіндер бір-біріне қосылады. Соның салдарынан тамырдың ішкі қабатында жаралар пайда болады, кальций тұздары шөгіп, тамыры қатаяды, қан өтуі қиындайды.
Атеросклерозбен ауыратын көптеген адамдарда ешқандай белгілер байқалмайды, әсіресе олардың ауруы жеңіл формада болса. Бірақ артериялардың тарылуы мен қатаюы қанның дененің белгілі бір аймақтарына жетуіне мүмкіндік бермесе, бұл жерлерде симптомдар пайда болуы мүмкін. Атеросклероздың жиі кездесетін белгілері жүректе, мида, аяқ-қолдарда және бүйректе қан ағымы шектелген кезде пайда болады. Атеросклероз артериялардың ішкі қабығының зақымдануынан туындауы мүмкін екендігі туралы дәлелдер бар, онда түйіндер әдетте бекіп, өседі. Еркектерде атеросклероз қаупі 45 жастан кейін артады. Әйелдерде қауіп 55 жастан кейін артады. Атеросклероз - бұл жүрек жеткіліксіздігі, инфаркт немесе инсульт сияқты күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін ауыр жағдай. Бірақ әр адамда ол әр түрлі қарқынмен дамиды. Кейбір адамдарда атеросклероз отыз жасқа дейін тез дамиды.