×

Сәл ғана сақтық үлкен қауіптің алдын алады - Ринат Тазабеков

ТЖД департаментінің маңызды міндеті

Сәл ғана сақтық үлкен қауіптің алдын алады - Ринат Тазабеков

Түрлі табиғи апаттармен күрес және олардың алдын-алу аса маңызды міндет. Өрт пен судан, өзге де апаттардан сақтануда төтенше жағдайлар департаменті мен сала мамандарының еңбегі ерен. Азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін қорғауда аталмыш саланың мамандары қалтқысыз қызмет етуде. Осы орайда біз Жетісу облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ринат Тазабековпен біраз мәселенің төңірегінде Qaz365.kz тілшісі сұқбат құрды.

Бұл сұқбаттан сіздер табиғи-техногендік қауіп түрлері, тұрмыстық төтенше жағдайлардың түрімен және олардан қалай сақтану туралы, түрлі апаттармен күресте ерлік көрсеткен бүгінгі күннің батырларымен танысасыздар.

- Ринат Талғатұлы, сіздердің басқарманың жұмысында заманауи технологиялардың алар орны айрықша деп есептйміз. Қауіпті де маңызды қызметтеріңізді алға жылжытатын жаңа технологиялардың, техникалардың игілігін көріп жатқандарыңыз анық. Материалдық базаларыңыз, жалпы басқарма паркі қаншалықты жаңаруда? Заман ағымынан қалмай отырған шығарсыздар деп ойлаймыз...

- Иә, әрине, біздің жауапты да қауіпті қызметті технологиялардың көмегінсіз елестету мүмкін емес. Біздің еңбеккерлер жұмыс барысында түрлі апаттармен күресте үнемі техникаларға арқа сүйейді. Мысал үшін, бүгінде біздегі өрт сөндіру паркінде 150 техника бар (тиістілік нормасы бойынша 173), олардың ішінде 79 данасы негізгі, 13 дана арнайы және 58 данасы көмекші мақсаттағы дүниелер. Көмекші дегеніміз, жұмыс барысында қажет болған жағдайда қосалқы құрал ретінде пайдаланылатын техникалардың түрі. Жалпы қазіргі таңда техникамен жабдықталу көрсеткіші 86,7% құрайды. Бұл да шектік көрсеткіш емес, әрине. Облыстық әкімдіктің қолдауымен біздің техникалық парк жыл сайын  жаңартылуда. Алдағы уақытта осы жергілікті әкімдіктің қолдауымен біраз қажетті дүниелерді түгендеп аламыз деген жоспар бар. Әрине, өзге салалар секілді біздің басқарма жұмысы да уақыт талабына сай жауап беріп, әрекет етуге тырысады. Ал бұл үшін сөзсіз, заманауи технологиялар аса маңызды. Уақыт талабына сай дамып, міне сондай техника мен технологиялардың игілігін көріп отырмыз.

- Ринат Талғатұлы, Жетісу облысы бойынша дәл қазір қандай табиғи-техногендік қауіп түрлері бар? Бізде орман-тоғай, су айдындары да аз емес дегендей...

- Өте орынды мәселені көтеріп отырсыз. Алдымен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың түрі мен тегіне тоқталып өтсек: Жетісу аумағының жер бедері күрделі және әр түрлі - шамамен 30% таулы аймақты алып жатыр, қалғаны ойпаттар, жазықтар, үстірттер мен биіктіктерден тұрады. Негізінен облыстың климаты континенталды, жазық бөліктің климатының ерекшеліктері ауа температурасының үлкен тәуліктік және жылдық ауытқуына қарай, суық қыс, ұзақ ыстық және құрғақ жаз сипатты келеді. Бұл ретте ерекше сақтықты талап ететін мезгіл әрине, қыс уақыты. Бұл кезеңде қардың түсуі, қар көшкіні, дауылды жел және ауа температурасының күрт төмендеуі секілді дүниелер түрлі төтенше жағдайларға әкеледі.                               Тағы бір қауіпті шақ – көктем мезгілі. Бұл кезеңде су тасқыны аймақтарымен күресеміз. Қардың, мұздықтардың және жауын-шашынның қатты еруіне байланысты өзендердегі су деңгейінің өзгеруі қаупі туындайды. Ал осының салдарынан су айдындарының бірнеше есе артуы кәдік. Температуралық фонның күрт көтерілуіне, жауын-шашынның көп түсуіне және қардың қарқынды еруіне байланысты тұрғын үй аулалары мен тұрғын үйлерді су басу қаупін де ұмытпауымыз керек. Бұл да ең маңызды әрі әбжіл қимылдаудың талап ететін жағдай.

Жыл мезгілінің барлық кезеңіне тән тағы бір апатты айтып өтпеске болмас. Жетісу облысының аумағы ауық-ауық табиғи өрттерден зардап шегеді. Бұл жерде біз ең бірінші кезекте орман, дала өрттерін айтып отырмыз. Табиғи өрт ошақтарының пайда болатын кезеңі негізінен наурыздың соңғы онкүндігі мен сәуірдің бірінші жартысына тұспа-тұс. Ал облыстағы ормандардың қатты өртеніп, жалынның құшағына оранатын қауіпті кезеңі шілде-тамыз айларында. Күзеге салым, әсіресе, қыркүйек айында жеке өрт ошақтары пайда болуы кәдік. Мұндай қауіпті кезең шамамен 4-5 аптаға созылады. Жаз бен күз мезгілі өткен соң өрт қаупі бар маусым ақырындап тәмамдала бастайды.

Сондай-ақ, жаз мезгілінде қарқынды және ұзаққа созылатын нөсер, қардың еруі мен таулы мұздық көлдердің жарылуы нәтижесінде де қауіпті кезең болады. Дәл осы шақта ТЖД қызметкерлері сел қаупі бар өзендерді ерекше қадағалауға алады. Сонымен қатар, көктем мен жазда көлбеу ағыны, топырақтың батпақтануы, сейсмикалық дүмпулер және басқа процестер кезінде сырғыма қаупі де болады. Ел арасында «апат айтып келмейді» дейтін сөз бар ғой, біздің басқарманың қызметкерлері осындай табиғи-техногендік қауіп түрлерін анықтап, солармен күресіп, мүмкіндігінше алдын-алуға бар күш-жігерін жұмсауда. Мұның сыртында, облыс аймағы эпизоотияға, эпифитотия мен жұқпалы ауруларға да бейім.

- Тұрмыстық төтенше жағдайларға да тоқталып өтсек. Өкінішке қарай, айдың-күннің аманында газ-балон жарылып, көпқабатты үйлерден өрт шығу жағдайлары жиі орын алып жатады.  Мұның арты қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады...

- Иә, өкінішке қарай, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың орын алып тұратынын мойындау керек. Бұл бізде ғана емес, жалпы ел бойынша жиі болып тұраты нкелеңсіздіктер. Олардың шығу себебі алуан түрлі. Факторлары да аз емес. Техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға облыс аумағындағы өндірістік және тұрмыстық өрттерді, жарылыстар, газ-ауа қоспасының жарылуын, өнеркәсіптік объектілердегі апаттар, көлік және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріндегі аварияларды жатқызамыз. Сондай-ақ, бұл санаттағы қауіпті жағдайлардың бір парасы гидротехникалық құрылыстарының бүлінуі сияқты техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен де байланысты. Мұндағы басты мәселе әрине, апаттың алдын алу мен әрбір азаматтың сақтық шараларын есте сақтауы. ТЖД қызметінің басты миссиясы да осымен байланысты. Жалпы, біздің жұмыстың үлкен бөлігі де осы апаттың алдын-алуға бағытталады. Осы мақсатта біздің мамандар, аудан-қалалардағы қызметкерлеріміз жергілікті елді-мекендердің тұрғындарымен, жеке сектордағы азаматтарға барып, арнайы үнпарақтарын таратады. Қазір күз мезгілі, енді аз уақытта күн суытып, жылыту маусымы да жақындайды ғой. Біздің қызметкерлер осы кезеңде белсенді жұмысқа кіріседі. Ауыл, аудан орталықтары мен қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігінің ережелерін, талаптарын түсіндіретін, апаттын алдын-алу үшін қандай шарттарды орындау керектігін соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіретін ақпараттық парақшалар беріледі. Әрине, «апат айтып келмейді» кейде қанша сақ болсаң да, қанша жерден сақтық шараларын қолдансаң да бір сондай қауіпті төтенше жағдай орын алып қалуы мүмкін. Ең бастысы біз азаматтарды тұрмыстық төтенше жағдайларға әкелетін дүниелерде жауапкершілікке шақырамыз. Барлығы өз қолымызда, сәл ғана сақтық үлкен қауіптің алдын алады. Әрбір азамат қандайда бір әрекетке барғанда оның өзіне ғана емес, өзгелерге де қауіпті болуы мүмкін екенін ұмытауы тиіс.

- Сіздердің қызметтегі техникалар мен технологиялардың маңызы туралы айттық. Cол сияқты адам факторы да айрықша маңызға ие деп есептейміз. Қауіпті де маңызды қызметтеріңізде ерекше ерлігімен дараланған азаматтардың аз еместігі анық. Өйткені, ТЖД деген ұғымның өзі қауіп-қатермен егіз ұғым деуге болады. Сіздерде Мемлекеттік награда алған қызметкерлер жетерлік, дегенмен есімдерін ерекше айтып өтетіндей азаматтарға тоқталсаңыз.

- Әрине, мұндай азаматтар біздің департаментте аз емес. Біз олармен мақтанамыз десек те болады. Жалпы, ТЖД қызметкерлерінің әрқайсысы мақтануға тұрарлық жандар десек мұның еш сөкеттігі болмас. Себебі, қауіп-қатерге толы жұмыстағы әрбір маман қара күнделікті функционалдық міндеттерін атқару барысында басын қатерге тігеді. Түрлі апаттарда бірінші жететін біздің қызметкерлер. Өрт пен суда, басқа да жағдайларда ТЖД қызметкерлері еш ойланбастан өзінің өмірін бәйгеге тігеді десе те болады. Сондықтан, бөліп-жарып, алаламай айтар болсақ, біздегі барлық қызметкер ең үлкен наградаларға, мақтау-марапаттарға лайық жандар. Иә, әрине, белгілі-бір жағдайда ерен ерлігімен, көзсіз батырлығымен көзге түсетін қызметкерлерді ерекше айтуға болады. Солардың қатарында Әлішер Баймұханбеттің есімін айтып кетпесеке болмас. Біздің департаменттің қызметкері жедел-құтқару жасағының қатарында Абай облысындағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарына атсалысты. Әлішер Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ еліміздегі су тасқыны кезеңіндегі көрсеткен батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен мемлекеттік наградамен марапатталды. Сонымен қатар, Әлішер жасақтағы әріптестерімен бірлесіп Аягөз өзені арқылы 400-ге жуық адам мен 1500 келі азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асырды. Елді-мекеннен 90 шақырым қашықтықта орналасқан шаруа қожалығынан 4 адамды  эвакуациялауда жанқиярлығымен көзге түсті. Бүкіл еліміз үшін аса ауыр осындай күндерде Әлішердей қызметкерлер күн-түн демей, уақытпен санаспай қалтқысыз жұмыс істеді.

- Ринат Талғатұлы, полициямен бірлесіп рұқсат етілмеген және тиым салынған орындарда патрульдеу мен рейдтік іс-шаралар өткізіп жүрсіздер. Жыл басынан бері 55 мың шара жүргізіліп, құқық бұзған 12 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.  Жалпы, полициямен бірлескен осындай жұмыстарыңыз жемісті секілді...

- Жыл басынан бері Жетісу облысының су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ӘҚБтК 412 бабы бойынша 42 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Сөз соңында азаматтарға айтарыңыз!

- Барынша қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Қандай да бір іс-әрекетке барардың алдында оның салдарын есте сақтау маңызды. Себебі, одан келер қауіп жеке сіздің өзіңізге ғана емес, айналаңызға, ал ең бастысы жақындарыңыздың денсаулығы мен өміріне үлкен зиянын тигізуі мүмкін.

- Ринат Талғатұлы, әңгімеңізге көп рахмет, қауіпті де маңызды жұмыстарыңыз алға баса берсін!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →