×

Алматы кітапханаларына 40 жыл: креативті жобалар кімдерге арналған?

Бүгінде мәдени астанада қала әкімдігіне қарасты 28 кітапхана бар

Алматы кітапханаларына 40 жыл: креативті жобалар кімдерге арналған?
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

2030 жылға дейін шаһарда 20 жаңа кітапхана ашылмақ. Кітапхана тапшылығы байқалатын қаланың шалғай аудандарына басымдық берілетін болады. Одан бөлек саябақтарда, скверлер мен сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттарын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазір көпшілік аппарат арқылы кофені өз бетінше дайындап, алып кетіп жүрсе, алдағы уақытта автоматтандырылған аппараттан кітапты тегін алып, оқыған кітабын қайта кітапханаға тапсыруға мүмкіндік туады. Дәл осындай креативті жоба алғаш рет Алматы қаласында жүзеге аспақ. Биыл Алматы кітапханаларының құрылғанына 40 жыл толуына байланысты Мәдениет басқармасы БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырып, осы саладағы жетістіктерге кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, бүгінде мәдени астанада қала әкімдігіне қарасты 28 кітапхана бар. Оның  үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Оқырмандар үшін барлық кітапханаларда қолайлы жағдай жасалған. Яғни кітап қоры үнемі жаңартылады, тегін wi-fi мен компьютерлер, жаңа жұмыс үстелдері, дивандар мен пуфиктер сынды жиһаздармен толық жабдықталған.

Сонымен қатар мұнда көру қабілеті нашар немесе зағип оқырмандар үшін Брайль пернетақталары да орнатылған. Аталмыш жүйенің қозғалмалы нүктелері арқылы ерекше оқырмандар кітап мәтінін саусақпен сезіп, оңай оқи алады. Ол үшін кез келген кітаптағы мәтінді арнайы құрылғы арқылы сканерлеп, компьютер экранына үлкейте алады. Сондай-ақ мәтінді құлаққаппен аудио ретінде тыңдауға да қолжетімділік бар.

«Қаламыздағы зағиптар қоғамымен, сондай-ақ түрлі инклюзивті ұйымдармен тығыз ынтымақтастық байланыстамыз. Ал балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру үшін тегін тіл үйірмелерін, геймификация элементтері бар түрлі іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып келеміз. Одан бөлек өнер жұлдыздары мен жазушыларды қонаққа шақырып, әдеби кештерді тұрақты өткіземіз. Күні бүгінге дейін қалалық кітапханалардың 95%-ы толық жаңғыртудан өтіп, 140-тан астам тегін үйірмелер жұмыс істеп тұр. Бұл балалар мен ересектер үшін жан-жақты даму орталығына айналды десек, артық айтқандығымыз емес. Себебі соның нәтижесінде қалалық кітапханаларға оқырмандар жыл сайын кемі 3 миллион рет келіп-кетеді», – дейді Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.

Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры 1 300 000 данадан асады. Оның 18%-ы толығымен цифрландырылған. Ал кітаптар каталогы ОКЖ сайтында орналастырылғандықтан, барлығына бірдей қолжетімді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметі тестілеуден өткізілуде.

Баспасөз туры барысында журналистер кітапхана қызметкерлерімен сөйлесіп, түрлі филиалдарға барды, қорда сақталған басылымдармен толық танысты. Шара кезінде №10 кітапхана меңгерушісі Надежда Тен халықаралық ынтымақтастық аясындағы жобалар туралы кеңінен айтып берді.

Айта кетейік, Алматы кітапханашылары биыл Швейцария, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Грузияның жетекші кітапханаларында біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты.

«Қала басшысы мен Мәдениет басқармасы біздің саламызды дамытуға қатысты мәселелерге айтарлықтай көңіл бөледі. Әсіресе қызметкерлердің біліктілігін арттыру, қолайлы жағдай жасау мәселесі оң  шешім тауып келеді. Біз алғаш рет әлемнің жетекші білім беру орталықтары мен кітапханаларында оқып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алдық. Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтіп, Старфилд, Намсан сияқты әйгілі кітапханаларға, сондай-ақ университеттер мен балалар кітапханаларына баруым – ерекше әсерге бөледі. Оқу аяқталған соң, әріптестерімізбен бірге алған жаңа білімімізді өзара саралап, сұхбат құрдық. Шетелде алған біліміміз бен жаңа идеяларымызды әкімдік өз кезегінде қалалық кітапханаларға енгізе бастады. Бұл расында керемет нәтиже деп білемін», – дейді ол.

Еске сала кетейік, қазір қалалық кітапханаларда автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе іске қосылды. Бұл бірқатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мәселен, оқырман билетін электрондық түрде шығарып беру, оқырман сұраныстарын өңдеу, қажетті әдебиеттерді іріктеу, тапсырыс беру, резервтеу, кітаптарды автоматтандырылған режимде беру және қайтару, кітапханалық-ақпараттық технологияларды кешенді автоматтандыру жүйесі әлдеқайда тиімділік әкеліп отыр.

Алматы шаһарындағы кітапханалардың мерейлі мерейтой қарсаңындағы креативті жобалары әлі талай оқырмандарды қуанта береді деп сенеміз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →