×

Нұргүл Қазанбайқызы: «Қуыс кеуде» ұрпақ тәрбиелемес үшін дәстүрді насихаттайтын ұйымдар керек

«Жастар қазақы болмысынан аттап кете алмайды»

Нұргүл Қазанбайқызы: «Қуыс кеуде» ұрпақ тәрбиелемес үшін дәстүрді насихаттайтын ұйымдар керек
Фото: әлеуметтік желіден

Өркениет заманында дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дейтіндер көбейді. Біздің түсініміздегі тәлім-тәрбие жайындағы таным қандай? Дәстүрлі тәрбие жайлы сөз болғанда этнопедагогика еске түседі. Рухани өлшемдерге кіретін дәл осы халық ұғымындағы тәрбие сан тараудың шешімі іспеттес. Бірақ ұмыт қалған салт жайында не білеміз? Жаһандану кезеңінде бұл үрдісті жаңғыртудың маңызы бар ма? Осы және өзге де қазақтың болмысын ашатын әдет-ғұрыптар жайында Әлихан Бөкейхан университетінің филология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Нұргүл Қазанбайзынан сұрап көрдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Салт-дәстүрді терең зерттеп жүрген маман ретінде бұл саланың жетістігі мен кемшілігіне тоқталсаңыз?

Жалпы алғанда, халықтық педагогика – даналық педагогикасы, тәрбиенің ең басты өзегін қарастыратын ғылым. Халықтық педагогиканың жетістігі – біздің ұлтымыздың ұрпақтарын тәрбиелеудегі орны ерекше. Қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылда өскен ұрпақтар ауылдың үлкен әже-аталардың аталы сөздерін арқау етіп, отбасынан бастау алатын адамгершілік, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халық әндерін, шешендік, нақыл сөздерді, айтыс үлгілерін бойларына сіңіру арқылы уәдеге берік болу, аманатқа қиянат жасамау, үлкендердің алдын кесіп өтпеу т.б сияқты қазақи тәрбиені ұстанып өсетіні сөзсіз.

«Жастар қазақы болмысынан аттап кете алмайды»

Дәстүрлі тәрбиені көріп өскен ұрпақ қор болмайды. Олардың бойынан адалдық, шынайылық, еңбекқорлық көрінеді. Өркениет дамыған қазіргідей уақытта жастар заманауилықты ұстанғысы келеді. Бірақ қазақы болмысынан аттап кете алмайды. Себебі ол ата-бабаның қанымен келген, тегіне енген рухани құндылық. Тамырынан ажырауы қиын. Кішкентай кезден бастап, балаларды бесікке бөлеп, анасы мен әжесінің «Әлди» әнін айтатыны да сондықтан. Ал, қазір өкінішке қарай, қалалық жерлерде сәбиіне ыңылдап, ән айтпақ тұрмақ, бесікті қолданулары сиреді. Сандық жүйедегі тербелмелерге салады. Ал одан баланың тілі кеш шығады, мазасыздығы артады, дамуын тежейді.

Ғасырлардан аманат боп жеткен құнды жәдігеріміз бесіктің күні бүгінге дейін сақталуы тегін емес. Себебі небір дана, ұлтқа қызмет еткен тұлғалар дәл осы дәстүрлі тәрбиемен өсті. Қанша заман ауысса да, қандай технология дамыса да, күретамырымыздан ажырамауымыз керек. Себебі бұл біздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға, тарихи жәдігерлерімізге аманатпен қарауымызға, ауызбіршілігіміздің артуына алып келеді.

Халықтық педагогиканың ең бір жетістігі ретінде айтарым: салт-дәстүріміздің маңыздылығын дұрыс түсініп, саналарына сіңіре білген ұрпақтарымыз намысты, қажыр-қайраттары мықты, адами құнды қасиеттерді бойларына сіңіре білген, еңбексүйгіштік, отбасының намысы мен елін қорғай білетін аталы сөзге тоқтап, халықтың тіл, сөз құдіретін бағалай білетін ұрпақтарымызды қалыптастыру.

Заман ағымына қарай қазір салт-дәстүрлеріміздің ұмыт болуына байланысты қазақы уәж, қазақы ұстаным, ұлттық қасиеттеріміз өзгеріске түсті. Мысалы, ат қою, сәйгүлікке ат қою, көше аты, елді-мекенге атау беру, отбасы мен неке, ұл мен қыздың өнегелі тəрбиесі, бала мен ата-ананың қарым-қатынасындағы ұлттық тәрбиенің әлсіреуі байқалады. Бұл ойландырарлық өзекті мәселе.

Жаһандану дәуірінде ұлттық сананы қалай қалыптастырамыз?

Орынды сауал. Жаһандану дәуірінде ұлттық сананың қалыптасуы үшін үкімет тарапынан идеологиялық ұлттық мүддеге бағытталған бағдарлама қажет. Ұлт болып ұйысып қана, кешегі ата-бабамыздан аманат боп жеткен құндылықтарымыз бен жәдігерлерімізді сақтап қала аламыз. Соңғы уақытта Мемлекет басшысы Жолдауларында осы мәселеге ден қойып, Парламент отырысында да жиі көтеріліп жүр. Нәтиже болады деп сенеміз. Ұлттың қаймағы болған жанашырларымыз болса, елдігімізге нұқсан келмейді. Ұлттық сананы қалыптастыратын да – сол озық ойлы, танымдары терең азаматтар. Бұл бір ортақ міндет болғандықтан, бірлесіп отырып, шешімін табатынымызға үміт артамын. Әр қазақтың бойында ұлтына деген мақтаныш сезімі кернейтін жүрек болса, ол халықтың асқақтығына алып келеді. Түбінде сол биіктікке жетеміз де. Өзі аз халықты сынаумен, мінеумен, бір-бірімізден кемшілік іздеуден опа таппаймыз. Қазақтың қанында бар қасиет – мақтап отырып барып, көтермелеу арқылы жетістікке жетеді. Ерекшелігіміз де осы да шығар?..

Күнделікті өмірімізде әдет-ғұрыптарымыз жұтылып барады. Мерекелеріміз атаулы күндерде ғана тойланады. Өмір салтымызға енуі үшін не жетпейді деп ойлайсыз?

Халқымыздың бойында ғасырлар бойы жинақталған қасиеттердің айнасы іспеттес болған наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптар – бір бүтіннің бірін-бірі толықтырып тұратын екі жартысы секілді. Себебі әдет-ғұрып – халықтың өмір салтына сай әрекет-амалы болса, салт-дәстүр – ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Міне, бүгінгі күні осы әдет-ғұрыптарымыз әр кезең сайын жойылып бара жатқандай көрінеді. Исі қазақты мұңайтатын дүние. Азаттықты аңсап, бойындағы күшін сарп еткен кешегі батыр ұл-қыздарымыздың көксегені – сол қазақ деген ұлттың мамыражай күн кешіп, дәстүрімен, әдет-ғұрпыменен өзгелерге өнеге көрсетуі емес пе еді?.. Арнаулы мерекелерде ғана қазақылығымыз еске түсіп, тақия мен комзол кигеннен, 3-4 сағатқа жасанды образ жасағаннан нағыз қазақ боламыз ба? Біз кімді алдағымыз келеді? Егемендік деген бізге оңай келмеді. Оның қадірін білу үшін майданда соғысқан, атылған қазақ болудың қажеті жоқ. Жаныңмен, бүтін жүрегіңмен қазақ екеніңді сезінуің керек. Тек сол ғана болмысымыздан ажыратпайды, дәстүрімізді ұмыттырмайды, құндылықтарымызды жоғалттырмайды.

Ата-әжелер мектебін құру керек

Ата-бабамыз атап өткен көнеден келе жатқан мерекелеріміз тек атаулы күндері ғана тойлануда. Келешекте осы үрдісті қолға алмасақ, мүлдем ұмыт болу қауіпі бар. Болашақ өскелең ұрпаққа қазірден бастап, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды бойына сіңіріп өсіру, тілі мен дінін үйрету біздің мақсатымызға айналуы тиіс. Әдет-ғұрыптарымызды мүлдем жоғалтып алмас үшін ата-әжелер мектебін қалыптастыру керек. Мысалы, қыз бала, ер бала  келін тәрбиесі т.б. Бұл отбасылық құндылықтар бір жолға қойылмай, отбасы деген шағын мемлекеттегі кедергілердің бір шешім табуы, тату-тәтті тұруы қиын нәрсе...

Бұрындары бақилық болған отбасының шаңырағында аста-төк ас берілмей, көршінің  үйі дәм ұсынған деседі. Бұған қатысты тартыстар да көп. Осы жайында не айтасыз?

Иә, қайтыс болған адамның отбасында ас берілмей, көршінің  үйі дәм әзірлеу үрдісі ауылдық жерлерде, әсіресе оңтүстік өңірде сақталған. Бұл-қазақтың ынтымағын білдіреді. Қайғы жұтып отырған шаңырақта тамақтың иісін шығармауында да үлкен мән бар екендігін білуіміз керек. Дінімізде де осы нәрсе айтылады. Бірақ соңғы уақытта бұған қатысты тартысты мәселе көбейген. Қалай болғанда да, басқа түскен қиындықты еңсеруге жасалған қазақтың осы бір ғұрпынан шынайы жанашырлықты, ауызбіршілікті көруге болады.

Пандемиядан кейін тойларда бата беру, тілек айту дәстүрлері айтарлықтай қысқарды. Мұны дәстүрдің тозығына жатқызуға бола ма?

Той дәстүрі әлі де жалғасын тауып жатыр және қазақтың дәстүрлерін насихаттауда бата-тілектің маңызды рөл атқаратынын білесіздер. Коронавирустың салдарынан елде ғана емес, әлемде өзгерістер орын алды. Қазір бәрі бұрынғыдай болмайтыны анық. Себебі жұрт та арзан ойын-күлкіден, қыдырыстан шаршады. Қазір – білімділер заманы. Бұрындары жас-жеткіншектер өнер саласына қызығып, танымал әнші, актер болуды армандаса, бүгін IT саласының білгірі атанып, шетелдің ең үздік компанияларында үлкен жалақыға жұмыс істегісі келетіндері қуантады. Бұл – жаңа деңгей. Ал бірақ тойдың өткізілуіне қарсы емеспін. Ағайын-туыстың басын қосатын мерейлі күнде үлкендер бата беріп, тілекші болып жатса, несі жаман?.. Және бұл дәстүрдің тозығына жатпайды.

Салт-дәстүрді бекем ұстанатын ауылдық жерлер ғана. Қалалық отбасыларда мұны қалай жаңғырта аламыз?

Бұл негізінен қалыптасқан стереотип деп ойлаймын. Дәстүрді ұстанатын қалалық жерде де отбасылар бар. Тек олар сирек. Біздің сұрақ мүлде жоқ емес, аз ұстанатын отбасылардың санын қалай арттыра аламыз деген болса, құба-құп.

Шындығында, әдет-ғұрып – заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Дегенмен де ата-бабамыз өсиет етіп қалдырған салт- дәстүрімізді қала немесе ауыл салты деп бөлмей, барлық халық ұстанса, нұр үстіне нұр. Ең біріншіден үйдің үлкендері үнемі алдында отырған ұрпағына күнделікті өмірде айтып, түсіндіріп отыруы қажет. Ол үшін ата-ана өзінің салт-дәстүрін жетік білу керек. «Қуыс кеуде» бала тәрбиелеп алмас үшін салт –дәстүрді насихаттайтын ұйымдардың санын арттыру қажет.

Білім ошақтарында жастарға осыған қатысты қандай жобалар жүзеге асты? Құндылықтарымызды дәріптеуде кенже қалдық деп ойламайсыз ба?

Дәл қазіргі таңда құндылықтарымызды дәріптеуге байланысты «Жүрек», «Сана», «Даму» атты жастар арасында үш бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұндай жобалар, әрине жастарға салт-сана, әдет-ғұрып туралы теориялық ақпарат беріп қана қоймай, жете түсінуге мүмкіндік береді. Руханиятымызды дәріптеу, жәдігерлерімізді сақтау мәселесі – алдымен отбасынан, одан кейін барып білім ошақтарынан бастау алады. Шәкірт, елдің ертеңін тәрбиелеп отырған ілім ордасының ұстазы ретінде салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттауға байланысты жобаларымыздың жыл санап артып жатқанына қуанамын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →