Қызылшаны денеге шыққан бөртпе арқылы білуге болады
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі дәрігері Ғалия Нұрмаханбет қызылша вирусы қалай жұғатынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, қызылша – вирустық инфекция. Қызылшаны денеге шыққан бөртпе арқылы білуге болады. Бұл ауру өте жұқпалы, ауа арқылы таралады және бірнеше аптаға созылады. Қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған адам, әсіресе қызылшаға қарсы екпе алмаған және бұл аурумен ауырып көрмеген адам 100% дерлік жұқтыруы мүмкін.
«Қызылша вирусы өте құбылмалы келеді, тіпті қызылшамен ауырған науқаспен тікелей байланыста болмай-ақ, онымен бір үйде тұрсаң да жұғады. Вирус тез өледі. Бұл вирусты тұрмыстық заттар, ойыншықтар, киім-кешек арқылы жұқтыру мүмкін емес. Ауру негізінен үш кезеңнен тұрады: катаральды, бөртпе кезеңі және пигментация кезеңі. Алғашқы үш 3-5 күнде қызылшаның белгілері көрінеді. Ағзаны ұйқы басып, тез шаршайды және дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы – науқастың аузында тістердің түбінде ерекше бөртпе пайда болады. Дақтар қызарып тұрады. Мұндай дақтар ерте бастан диагноз қойып, ауырған адамды немесе баланы ертерек оқшаулауға мүмкіндік береді. Қызылша жұқтырған балаларда жөтел жиілеп, дене қызуы біртіндеп 40 градусқа жетуі мүмкін»,- дейді Ғалия Нұрмаханбет.
Айта кетейік, ауруханаға тек қана аурудың ауыр түрімен ауырған және асқыну белгілері бар науқастар ғана жатқызылады. Қызылшаның өршитін кезеңінде кішкентай балаларды адамдар көп жиналатын жерлерге апармаған дұрыс. Қызылша бөртпесі бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады, бетке, мойын аймағына және кеудеге таралады.