Дәрігердің сөзінше диабетті уақытында анықтамау немесе емделмеудің соңы жақсы болмайды
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі дәрігері Ғалия Нұрмаханбет Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында қант диабетімен ауыратындардың жартысына жуығы өз дерті туралы ештеңе білмейтінін айтты.
Халықаралық қант диабеті федерациясының есептеулеріне сәйкес, Қазақстанда 735 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады екен. Дәрігердің сөзінше диабетті уақытында анықтамау немесе емделмеудің соңы жақсы болмайды. Маман аурудың алдын алу үшін қалыпты диетаны қосу қажет екендігін ескертті.
«Қант диабеті жас талғамайтын ауру. Әйтседе бұл сырқат егде адамдар арасында көп кездеседі, оның басты себебі организмді қоректендіретін қан тамырларының, әсіресе ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің азаюы. Қант диабетінің кең таралуына – ұйқы безінің қабынуы,зақымдануы және ісіктердің пайда болуы да әсер етеді. Емделмеген жағдайда коматоздық жағдайға және өлімге алып келеді. Қант диабеті ауруының алдын алу үшін дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану қажет. Сонымен қатар, газдалған сусындарды, десерттерді, қант қосылған еритін сусындарды, фаст-фудты және тұзды тағамдарды тұтынуды доғару керек», –дейді Ғалия Нұрмаханбет.
Дәрігердің айтуынша, науқас өзін-өзі бақылап және дәрігердің ұсыныстарын орындау арқылы ауруды асқындырмайды. Бұдан бөлек, дұрыс тамақтану жүйесін қосып қалыпты физикалық белсенділікті бақылауда ұстағаны жөн. Салмақты бақылау – бұл қант диабетінің ғана емес, гипертониялық аурулардың, инсульттің, инфаркттың алдын алады. Қант диабетін ерте анықтау үшін кемінде жылына бір рет қант деңгейін тексеріп отыру қажет.