×

Аида Амантайқызы: Синоптик – интроверттерге арналған мамандық

Синоптиктер геофизика, метеорология мен климатология саласы бойынша талдау жасап, атмосферадағы аномалияны оңай анықтай алады

Аида Амантайқызы: Синоптик – интроверттерге арналған мамандық
жеке мұрағаттан

Синоптиктер геофизика, метеорология мен климатология саласы бойынша талдау жасап, атмосферадағы аномалияны оңай анықтай алады. Олар ұсынған болжамдардың негізінде адамдар жоспарын құрады. Себебі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде синоптиктер халық игілігі үшін жұмыс істейді. Әр жасаған болжамы кезінде табиғаттың тылсым күшіне таңданыспен қарайтын инженер-синоптик Аида Амантайқызы ерекше мамандығы жайлы Qaz365.kz тілшісіне айтып берді.

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің метереология мамандығы бойынша бакалавр, магистратураны үздік тәмамдаған. Жер әлемінің жаһанға бейтаныс ашылмаған сырлары оны кішкентайынан қызықтырған көрінеді. Сол себепті де жастайынан география пәнін сүйіп оқыған.

Айтуынша, мектеп табалдырығында жүріп, географиялық карта мен глобусқа қараудан өзгеше әсер алады екен. Оның бұл қадамы бірнеше жылдардан соң, синоптик болуына жол ашты.

«Табиғаттың тосын мінезін де қуана қарсы алуымыз керек. Күн мен түнді, жарық пен қараңғыны қабылдағанымыз сияқты, тек шуақты, жылы күндерді ғана емес, суық пен ызғарды, екпінді желді, көк дауылды, аяз бен боранды жақсы көрмесек те,қалыпты ауа райын қабылдай алуымыз қажет. Бұл – табиғат заңдылығы», – дейді ол.

Сондай-ақ ол синоптиктердің ұзақ мерзімге жасайтын болжамының ең қысқа уақыты жайлы сөз қозғады. 

  «Метеорологиялық құрылғылар дәлдікпен болжам жасауға мүмкіндік береді. Ауа райында әр 3 сағат сайын өзгерістер орын алып тұрады. Синоптиктер болжамы нақты да айқын болуы үшін ұзақмерзімді емес, қысқамерзімді болжамдар жасау тиімді. Себебі келесі күнгі болжамға оның алдыңгы күндегі ақпараттардың да әсері бар. Сол температураның көрсеткіштері құбылыстарды 95-100 пайызға анық көрсетеді. Синоптиктердің ұзақ мерзімге жасайтын болжамының ең қысқа уақыты – 10 күн, ал ұзағы – 6 айға жасалады», – дейді синоптик Аида.

 Синоптик мамандығының қызығы сол, болжамды шетелде отырып та өзге мемлекетке жасай алады. Тек нақты ақпарат көзіне жүгінсе болғаны. Бұл синоптиктердің бақылау жұмысының сәтті жасалуына мүмкіндік береді.

«Біз басқа қалада, елде отырып, болжам жасауымыз қолжетімді. Термометр, барометр құрылғылары температурадағы қысымды өлшеуге мүмкіндік береді. Мысалы, таулы өлке Алматы сияқты мегаполистерде жаңбырдың жиі жауып, найзағайдың ойнауы қалыпты құбылыс. Ал шөлейтті аймақтарда шаң-тозаң, боранның көтерілуі таңғаларлық жағдай емес. Оның үстіне қазіргі жаһандық жылыну қуаңшылыққа, атмосферадағы ауа ағымдарының орналасуына айтарлықтай әсер етеді. Синоптиктер осы құбылыстарға дәлдікпен мониторинг жасайды. Синоптикке қажет қабілеттің бірі – тәуекел ете білу. Аспанда орналасу биіктігіне байланысты 100 түрлі бұлттар бар. Олар ортаңғы және жоғарғы қабат болып жіктеледі. Мыңдаған тоннамен жүріп, көшіп отырады. Синоптиктер табиғатты жан дүниесімен сезіне алады. Себебі бұл – ғылым жолы. Терең ізденісті, үнемі өзіңді жетілдіріп отыруды қажет ететін жұмыс. Гидрология бойынша өзен мен теңіз, топырақ пен су, жел мен қапырықты да арнайы мониторингпен анықтайды. Тіпті табиғаттағы күтпеген қауіпті сезсе, синоптиктер бір-бірімен ақылдасып, бірлесіп ортақ шешім шығарады. Осы салада 35-40 жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі әріптестеріміз бар. Күн сайын жұмысқа көтеріңкі көңіл күйде келеді. Математикалық дәлдік қажет болғанымен, бұл күнделікті бір күнің бір күнге ұқсамайтын шығармашылық жұмыс», – дейді ол.

Синоптик Аида Амантайқызының айтуынша, бұл сала интроверттерге арналған мамандық. Алайда солай бола тұра мониторинг жасау ісі өзге адамдармен емес, болжам жасау арқылы өзін ашуға мүмкіндік береді. Табиғатқа етене жақын болу – синоптиктердің өзгеге ұқсамайтын ерекше болмысын аша түсетін көрінеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →