×

«Жаса, жайна, Қазақстан!»: Түркістанда Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті

Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, өңір тұрғындарын құттықтады

«Жаса, жайна, Қазақстан!»: Түркістанда Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанда Республика күніне арналған «Жаса, жайна, Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы өтті. «Тұлғалар» прологымен ашылған мерекелік кеште ұлттық мерекенің мән-мазмұны жан-жақты айшықталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, өңір тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Еліміз үшін бұл мерекенің ерекше тарихи мәні бар. Мемлекет Басшысының Ұлытауда өткен құрылтайдағы шешімінен кейін Республика күні ұлттық мерекесін жаңа мазмұнда атап өтудеміз. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздеріне жол ашты. Біз егемендік жылдары қиындықтар мен сын-қатерлерді бірге еңсердік. Таяуда Президентіміз Түркістан өңіріне жасаған сапарында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Облыстың рухани, мәдени тынысымен және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. Қолға алынған жұмыстарды жоғары бағалады. Соның ішінде Түркістанның таза әрі көрікті қалаға айналғанын атап өтті. Бұл – бәріміздің ортақ жемісіміз. Өңір жұртшылығы туған жерге және қоршаған ортаға құрметпен қарауды парызы екенін ұғынды. Осы ретте, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының рөлі орасан екенін жеткізгім келеді. Түркі әлемінің астанасы, қасиетті Түркістан шаһары Президенттің бастамасымен енді жаңа статусқа ие болуда. Баршаңызды тағы да Республика күнімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, молшылық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгілік болсын! – деді облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы.

Салтанатты жиында облыстағы бірқатар адамдардың еңбегі еленді. Ұлық мерекеге орай облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан белсенді тұлғалар ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені, «Парасат» ордені, «Құрмет» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Шапағат» медалі, «Қазақсаттың еңбек сіңірген ұстазы» атағы сынды мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекет басшысы «еңбекқор адам», «кәсіби маман» бейнесіне баса мән беруде. Шынайы, адал еңбегімен қоғамға сыйлы болған үлгілі тұлғалар мемлекетіміздің құрметіне бөленіп, елдің мақтанышына айналып келеді. 

Облыстың дамуында барлық салалар бойынша оң көрсеткіштер бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі 9 айда 3,7 трлн.теңгеге жетті. Біз негізгі басымдықты жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттап отырмыз. Сол мақсатта Сауран ауданында 100 гектар аумаққа «шағын өнеркәсіп парк» жобасын жүзеге асырдық. Бүгінгі таңда, паркте 10 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, 8 ірі жоба іске қосылды. Биылғы 9 айда облысымызға 822 млрд.теңге инвестиция тартылды. Өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артты. Ауыл шаруашылығында 747,3 млрд. теңгені құрайтын өнім өндіріліп, Түркістан облысы республикада көшбасшы орында. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етумақсатында 26 жоба іске қосылып, 194 жұмыс орны ашылды. Облыста ақ алтынның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды.

Әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. «Конгреесс холл» көпсалалы кешенінде өткен кешті Жандос Өсербаев мен Аяжан Ештаева тізгіндеді. Мерекелік жиында республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауының бірінші орын иегері маңғыстаулық Луиза Нұрқуатова, «Voice of Turan» Халықаралық ән байқауының Гран-при иегері Cюзанна Мелконян және ІІ орын иегері Самир Елчиев, қазақ эстрдасының жарық жұлдызы Ғазизхан Шекербеков, Айзада Асылхан, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері, «Фараб» би ансамблі, саксофон, баян, виолончель аспабында орындаушылар, «Жаңа леп» ұжымының әншілері, «Самғау» би ансамблі мен «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →