«Қаңтар оқиғасынан» кейін «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті басып алуға оқталды» және «қызмет өкілетін асыра пайдаланды» деген баптар бойынша сотталған ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімов алпыс жасқа толды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мерейтойын түрмеде қарсы алған экс-шенеунікті ұмытпағандар бар болып шықты. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан муайтай федерациясы құттықтаған.
Бүгін Қазақстан муайтай федерацияның және Азия муайтай федерациясының құрметті президенті Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтың туған күні! Құрметті, Кәрім Қажымқанұлы! Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Барлық армандар орындалсын және барлық есіктер ашық болсын! Құрметпен, Қазақстан муайтай федерациясының ұжымы, - делінген 15 шілдеде федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бірақ постқа пікір жазуға тыйым салынған.
Айта кетейік, жақында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәсімовтің денсаулығы ақпарат берген.
Ол — сот шешімімен қамауға алынған. Жағдайы қалыпты. Ешбір медициналық есепте тұрған жоқ. Оның өкілдері айтқан барлық уәждер тексеріліп жатыр. Ресми түрде мәлімдейін, жағдайы бір қалыпты, - деді Сәденов.
Еске салайық, 2023 жылы Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оған қаңтар оқиғаларына байланысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, мемлекетке опасыздық жасады және пара алды деген айып тағылды.