×

Сәкен Бибосынов: Кәсіби бокста жекпе-жегім болса да, ел чемпионатынан бас тартпадым

Ал финалда кездескен Нұрсұлтан Алтынбек өзінің шеберлігімен көзге түскен

Сәкен Бибосынов: Кәсіби бокста жекпе-жегім болса да, ел чемпионатынан бас тартпадым
ҰОК

Бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Семейде өткен Қазақстан біріншілігінде топ жарды. Бұл жолы ол өзі үшін жаңа салмақ дәрежесі саналатын 55 келіде чемпион атанды. Соңғы  жылдары ірі жарыстарда жолы болмай жүрген спортшы ел чемпионатында үздік екенін кезекті рет дәлелдеп отыр, деп жазады Qaz365.kz тілшісі.

Семейдегі ұлттық біріншілік қарсаңында әлеуметтік желілер мен отандық БАҚ-тар Бибосыновтың бұл чемпионатқа  қатыспайтынын жарыса жазған. Алайда, Сәкен мен жеке бапкері Мырзағали Айтжановтың өзіндік жоспарлары бар болып шықты.

«Ел чемпионатының деңгейі өте жоғары болды. Жас боксшылардың қарқыны жақсы екен. Артымыздан ерген інілеріміздің әлеуеті артқанын байқадым. Шыны керек, бұл Қазақстан чемпионатының деңгейі басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. Ал өзім бұл жарысқа қатысатыным туралы ешкімге хабарлап, айтпадым.  Көптеген сайт мені ел біріншілігіне қатыспайды деп, жар салып жіберді. Бірақ мен бапкерлеріммен ақылдасып, осы ұлттық чемпионатқа жоспарлы түрде дайындалып жүрдім»,- дейді Бибосынов.

Сәкеннің айтуынша, 55 келідегі барлық боксшылар мықтылығымен ерекшеленген. Ал финалда кездескен Нұрсұлтан Алтынбек өзінің шеберлігімен көзге түскен.

«Нұрсұлтан - соңымнан келе жатқан інім, ұлттық құрамадағы жақсы көретін, бірге жаттығатын бауырларымның бірі. Екеуміз өте тартысты кездесу өткіздік. Бірінші раундта 2:3 есебімен қарсыластан жеңіліп жаттым. Қалған екі раундта тәжірибемнің молдығы көмектесіп, бағым мен бабым қатар шапты деп ойлаймын», - дейді боксшы.

Бір қызығы, 26 қазан күні Сәкен Бибосынов Қырғызстан астанасы Бішкекте кәсіби бокстағы екінші жекпе-жегін өткізеді. Боксшының айтуынша, ел чемпионаты аталған бәсеке алдындағы қызу дайындық болмақ.

«Бұл – менің жолым, менің таңдауым. 26 қазанда  кәсіби бокстан жекпе-жек өткіземін. Еш шаршағаным жоқ. Қайта бұл жарыс қызу дайындықтың бір бөлігі болды. Бұйырса, кәсіби бокстағы кездесуімде де жеңіске жетіп, отбасымды, жанкүйерлерімді, елімді қуантқым келеді», - дейді Бибосынов.

Айта кетелік, 55 келіде ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысы – Махмұд Сабырхан саналады. Бапкерлер әлем чемпионатындағы жеңісінен соң Махмұдты бұл біріншіліктен босатқан. Демек, 55 келідегі басты бәсекелестер енді Сәкен мен Махмұд болмақ. Бұған дейін екі боксшы Қазақстан Спартакиадасының финалында кездесіп, Махмұд жеңіске жеткен болатын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Елдос Сметов сыйға алған қымбат көлігін сатып жатыр
Бүгін, 17:15

Елдос Сметов сыйға алған қымбат көлігін сатып жатыр

Әңгіме Mercedes-Benz AMG GLE маркалы автокөлік туралы болып отыр.
«Қайрат» алғашқы екі ойында ұпай ала алмаған еді
Мемлекет басшысы олардың көбінің өз қаражатын салмай, тек мемлекеттік қолдауға арқа сүйейтінін айтты

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →