×

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи спорт кешені салынып жатыр

Онда 25 спорт түрі бойынша жаттығулар өткізу жоспарланған

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи спорт кешені салынып жатыр
Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әкімнің мәліметінше, халықты бұқаралық спортқа тарту және салауатты өмір салтын насихаттау – өңірдегі басым бағыттардың бірі.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірегей спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Онда 25 спорт түрі бойынша жаттығулар өткізу жоспарланған. Бұл – Қазақстандағы инклюзивтік стандарттарға бейімделген алғашқы нысандардың бірі. Кешен жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, Ақтөбеде «ALAN» жобасы аясында демеушілер есебінен футбол алаңы жаңартылды, ал Хромтау ауданында «FIFA ARENA» бағдарламасы бойынша жаңа мини-футбол стадионы ашылды.

Футболдың ақтөбеліктер өміріндегі маңызын ескере отырып, облыс орталығында 35 мың орындық УЕФА стандартына сай жаңа стадионның құрылысы басталды. Ол «Ақтөбе» әлеуметтік-іскерлік орталығы аумағында бой көтереді. Сондай-ақ, оның жанынан 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені салынбақ.

Мәдениет саласы да өңірдің басты назарында. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбеде жаңа драма театрының құрылысы жүріп жатыр. Жобаға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүріп жатқанын айтты.
2025 жылы өңірдің 12 ауылына интернет желісі тартылған, ал жыл соңына дейін тағы 3 елді мекен қосылмақ.
Халқы аз ауылдар үшін OneWeb спутниктік технологиясы енгізілуде — бүгінде 19 ауыл қамтылып, жыл соңына дейін тағы 5 ауыл қосылады.

Сондай-ақ, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстың 9 ауданында 17 антенна-мачта құрылғысын орнату жоспарланып отыр.

Бұл бастамалар — Ақтөбе өңірін әлеуметтік, мәдени және спорттық тұрғыдан дамытуға бағытталған жүйелі қадамдар болып табылады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →