×

«Ақтөбе» футбол клубы жекеменшікке өтті

«Ақтөбе» футбол клубы жекеменшікке өтті
“Ақтөбе” ФК

«Ақтөбе» футбол клубы енді жеке меншікке өтті. Клубтың жаңа иесі — Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы және басшысы Нұрлан Артықбаев, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді. Оның айтуынша, клубтың баланстық құны 200 миллион теңгені құрайды.

«Клубты жекешелендіру — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Бұдан былай бюджет қаражаты жұмсалмайды, ал ауқатты азаматтар өздері жауапкершілік алып, клубты дамытады. Осы бастамаға қызығушылық танытып, өз үлесін қосуға дайын кәсіпкер — Нұрлан Артықбаев. Ол Ақтөбенің тумасы, бала кезінде “Ақтөбенің” жанкүйері болған. Егер мүмкіндік туса, клубқа үлес қосамын деп армандағанын айтты. Енді ол осы уәдесін орындауға дайын екенін жеткізді», – деді Асхат Шахаров.

Облыс басшысы екі ай ішінде барлық құжаттарды рәсімдеу жоспарланып отырғанын атап өтті. Алдағы уақытта клубтың даму стратегиясы мен қаржыландыру көлемі туралы кәсіпкердің командасы хабарлайтын болады.

Әкімнің айтуынша, аймақ әкімдігі де футбол инфрақұрылымын дамытуға, әсіресе балалар мен жасөспірімдер футболына ерекше көңіл бөлмек.

Сонымен қатар, 35 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы қолға алынғаны айтылды.

«ФИФА талаптарына сай стадион салу — күрделі әрі қомақты қаржы қажет ететін жоба. Біз Еурокубок және ішкі чемпионат ойындарына деген сұранысты ескере отырып, 35 мың орындық стадион салуды жөн көрдік. Құрылыс екі жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр», – деді облыс әкімі.

Бұған дейін Президент профессионалды спорт клубтарын кезең-кезеңімен жекешелендіру тапсырмасын берген болатын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →