"Бұл бәйге біздің дәстүрлі “Париж Дакарымыз”, “Тур де Франсымыз” болады" ‒ Дәурен Абаев
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық тұңғыш марафон-бәйге өз мәресіне жетті деп хабарлайды qaz365.kz. Бұл жайында “Жалғыз жолаушы” You Tube арнасы мәлімдеді.
Қатысушылар Елордадан бастап, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтитын бағытта 1200 шақырымды еңсеріп өтті. Марафон 17 қыркүйекте Астана қаласында басталып, кеше 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталды. Оған еліміздің әр өңірінен және Республикалық маңызы бар қалалардан бір командадан, әр командада бес шабандоз және он жылқыдан қатысып, әр мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс болған. Дегенмен әр жарыс күн нәтижесінде төрешілердің шешімімен, ережелердің бұзылғаны және жылқылардың денсаулығы сыр бергендіктен командалар жарыс жолынан шығып қалып отырды. Жарыстың соңғы күнінде жиырма командадан тек төрт команда ‒ Маңғыстау облысы, Жетісу облысы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы қалды. Одан бөлек жарыс жолынан шығып қалған командалардан да топ мүшелері намыс пен ат сынын білу үшін соңғы межені бағындыруға бекінген.
«Ұлы Дала жорығы» республикалық тұңғыш марафон-бәйгенің нәтижесі бойынша:
1 - орын, уақыты ‒ 107:14:21, 24 000 000 теңге Маңғыстау облысы;
2 - орын, уақыты ‒ 110:43:11, 12 000 000 теңге Жетісу облысы;
3 - орын, уақыты ‒ 110:58:37 , 9 000 000 теңге Түркістан облысы;
4 - орын, уақыты ‒ 123:24:04 , 6 000 000 теңге Жамбыл облыстары иемденді.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 65 млн теңге болған. Жеңімпазға 30 млн, екінші орын алған командаға 20 млн, үшінші орын алғанға 15 млн. Дегенмен жарыс жолында командалардағы шабандоз бен аттардың шығып қалуына байланысты топ толық болмауы себебінен, жүлде мен ережеге өзгертулер енгізілген. Өзгерген ереже бойынша әр командада кемі үш шабандоз қалуы тиіс. Ал қалған жүлде қоры жарыс жолынан шығып қалған командалардың намыс пен қазақтың Қазанатының сынын білу үшін он екі күндік жарыс бойына еш сыр бермеген әрі үздік нәтиже көрсеткен шабандоздарға үлестіріліп берілетін болды.
“Дүниежүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында жаңа жобаны қолға алдық. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, тіпті әлемде теңдесі жоқ марафон-бәйге. Сондай-ақ бұл аламан жай ғана ат жарысы емес – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыратын тың жоба болмақ. Бұл бәйге болашақта өзіміздің ат үстіндегі дәстүрлі “Париж Дакарымыз”, “Тур де Франсымыз” болады деп үміттенемін”,– деген болатын Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жеңімпаздарды Түркістан төрінде салтанатты түрде марапаттады.