Қазіргі кезде ол директордың орынбасары қызметін атқарады
Белгілі футбол инсайдері Айдын Қожахмет «Тараз» футбол клубының директоры қызметіне Премьер-министр Әлихан Смайыловтың туысы тағайындалатынын жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазіргі кезде «Тараз» футбол клубында Ерлан Сүйімбаев есімді жігіт директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Бұл ұзақ емес. Ол жақында өзі бастық болады. Менеджердің биографиясында бір қызық деталь бар. Еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен туыстық қарым-қатынасы бар. Сондықтан жыл басында жойылып кеткен директордың орынбасары деген лауазымды қайта қалпына келтірді. Сүйімбаевты бірден директор қоймақ болған. Алайда белгілі бір критерийлерге сай келмей, орынбасарлыққа қалдырған», – дейді Айдын Қожахмет.
Оның айтуынша, Ерлан Сүйімбаев бір жылдың ішінде не атқарғаны түсініксіз екен. Негізінен жасөспірімдер арасындағы Qj League-ге жауапты болған.
«Бірақ жұмысының нәтижесі көрінбеді. Өйткені футболда таным-түсінігі аздау. «Тараз» клубы португалиялық Эривалдоға 60 миллион теңге қарыз. Сондықтан ФИФА трансферлік бан қойған. Сол себепті клуб директорын да ауыстыра алмай отыр. Қазіргі уақытта бұл міндетті Жандос Ахметов атқарып жүр», – дейді инсайдер.
Айта кетейік, «Тараз» клубы былтыр қарыздарына байланысты бірінші лигаға түсіп қалған. Ол жақта 15 команданың арасында 11-орын алды.