×

Ұлтқа төнген қатер: нарколог маман есірткіден арылудың жолдарын айтты

Нарколог маман Құрбан Айтжановтың айтуынша, есірткіге тәуелді адам қылмысқа оңай барады

Ұлтқа төнген қатер: нарколог маман есірткіден арылудың жолдарын айтты
Ашық дереккөзден

Сыныққа сылтау іздеп, уақытша қиындықты еңсеру үшін есті кетіретін есірткіге еліккендер қоғамда қашан да бар. Қоғамның ең ауыр кеселіне айналған «жегіқұрттың» емі әлі жоқ. Бар десек те, сандық көрсеткіштер тұрақталмай келеді. Мәселен, ҚР ІІМ дерегінше, биылғы жарты жылда есірткіге байланысты ұсталған 38 жасөспірім тіркелген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мұндай  статистика былтыр да болды. Алайды биылғыдан 40%-ға кем еді. Жыл сайын артып отырған дертті психиатр-нарколог Құрбан Айтжанов адамның ішкі көңіл-күйіне байланысты туатынын айтты. Маманның сөзінше есірткіден арылу үшін науқастың соған деген ниеті болуы керек. 

«Әркімнің жолы әртүрлі. Бірақ ем – физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік компоненттер арқылы кешенді болуы керек. Өйткені есірткіге тап болған адамдар әуелі бұл жолға қалай келгенін анықтаған абзал. Жалпы, есірткіге тәуелді болғандарды емдеуге болады. Емделген нашақорлардың үлесі 3% құрайды. 60-90% көлемінде айтылған кезде, әдетте, есірткіден қысқа мерзімді бас тартуға (1-3 ай) көлемінде көрініс береді. Нашақорлықтың алдын алу үшін ең алдымен, мемлекетте қолайлы өмір сүру ортасын құру қажет: өмірдің жоғары әлеуметтік стандарттарына қол жеткізу, жұмыссыздықты азайту, білімге қол жетімділікті кеңейту», – деді психиатр-нарколог Қ. Айтжанов.

Нарколог маманның айтуынша, науқасты тексеріп-қарау барысында, оның жақын туыстарымен әңгімелесу өткізіп, сондай-ақ жалпы қан мен зәрге зертханалық талдау жасайды. Қазіргі таңда есірткінің жаңа түрлері мен түрлі химиялық заттарды немесе препараттарды тұтынудың тың әдістері үнемі пайда болуда. Олардың барлығын қолданыстағы зерттеу тәсілдері арқылы бірден анықтау мүмкін емес. Сол себепті, есірткі қолдануға күмән туындаған жағдайда маманға уақытылы қаралу маңызды. Есірткі қылмысқа итермелейді. Есірткі қолданатын адамға келесі «дозаны» сатып алу үшін үнемі ақша қажет, бұл ерте ме, кеш пе қылмыс жасауға әкеледі. Яғни, бұл әрекеттің түбі ұрлықпен аяқталуы әбден мүмкін.

Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті 800 килограмнан астам синтетикалық есірткі мен 13 тоннадан көп түрлі химиялық реагентті заңсыз айналымнан тәркілеп, 16 құпия зертхананың, сондай-ақ 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі таратушы арнаның жолын кесті. Соңғы бес жыл ішінде елімізде есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін 5 мыңнан астам азамат сот үкімімен жауапқа тартылған. Бұл — жыл сайын шамамен мыңға жуық адамның бостандығынан айырылып жатқанын білдіреді.

Ұлттық құрылтайда Президенттің өзі елімізде есірткі қылмыстарының ушығып бара жатқанын ерекше атап, бұл бағытта жаңа нормативтік құжат әзірлеуді жүктеді. Есірткі заттарын жасырып тасымалдаған тұлғалар жаңа заңнамаға сәйкес 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Бұрын бұл мерзім 10 жылға дейінгі жаза ретінде  қарастырылған еді. Қабылданған өзгерістер құқықбұзушының жасы мен әлеуметтік жағдайын ескере отырып енгізілді. Жаңа ереже бойынша, айыпталушының бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны және тасымалданған есірткінің мөлшері де жаза тағайындауда маңызды рөл атқарады. 

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар болса, есірткімен күресті тек жазалау шарасымен шектемеуді ұсынады. Олардың пікірінше, бұл бағытта жүйелі білім беру, ақпараттық түсіндіру жұмыстары, жан-жақты оңалту және қолдау шаралары қатар жүруі тиіс. Өйткені, есірткіге тәуелді болған адамның тек тәні ғана емес, жаны да жараланады. Ал оны қайта қоғамға бейімдеу оңай шаруа емес.

Бұл мәселе Үкіметте те қаралып, Премьер-Министр Олжас Бектенов құқық қорғау органдарының қаншама күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесінің артып, жастар арасында сақталып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті» екенін айтты Премьер-Министр. 

Олжас Бектенов жастар арасында нашақорлықтың таралуы қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция екеніне баса тоқталған-ды. Өкінішке қарай, қазір бұл қауіпті құбылыс күннен күнге белең алып барады. 

Нашақорлық мәселесі күн сайын өзекті бола түсуде және бұл қазіргі қоғамның алдында өткір тұрған маңызды проблемалардың бірі. Бүгінгі таңда жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігінің алдын алуға бұрын-соңды болмаған деңгейде назар аудару аса қажет. Статистикаға сүйенсек, есірткіге тәуелді адамдардың небәрі 2–3 пайызы ғана психоактивті заттарға мәңгілікке «жоқ» деп айтып, қалыпты өмірге орала алады. Қалғандары, зиянды әдеттен арылуға тырысқанымен, дер кезінде оңалту орталығынан көмек алмаса, ерте ме, кеш пе, есірткіні қайта қолдануға оралады.

Есірткі мәселесі – тек бір адамның немесе бір мекеменің проблемасы емес. Бұл – бүкіл қоғамның, әр отбасының, әр ата-ананың, әр ұстаздың және әрбір азаматтың ортақ міндеті. Есірткімен күрес тек жазамен емес, жанашырлықпен, түсіністікпен және бірлескен әрекетпен жүзеге асқанда ғана нәтижелі болмақ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →