×

Күннің алғашқы күркірі немесе пайғамбардан тамған ащы тер

Айдарды белгілі журналист Қайнар Олжай жүргізеді

Күннің алғашқы күркірі немесе пайғамбардан тамған ащы тер
көрнекі сурет

ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ҰМЫТПА

Айдарды белгілі журналист Қайнар Олжай жүргізеді

Міне, 2023 жылдың көктемінің тура ортасы. Жеткен де бар, жетпеген де бар. Кезінде көктемге Мұқағали ақын жеткенде, бәлкім, жеткен емес, күткенде былай жазған:

Көктем де келер,

От ойнар әлі аспанда.

Көгерер әлі:

Кәрі емен, қайын, жас тал да.

Дүлейдің шоғы түспесе екен деп тіле,

Аспанда алапат зарядтар жағаласқанда.

Алғаш оқығанда мұншалықты қуатқа таң қалғанбыз. Ақынның қуатымен қатар табиғаттың қуатына.

Көктемнің ортасы ауа күн күркірей бастайды. Қашан күз ортасына болғанша. Аспанындағы алапат құбыластардың сырын қазақ ежелден білген. Мұқағали мектепте әдебиетпен қатар физиканы тамаша оқығанын танытып, «заряд» термині арқылы нақтылай түскен.

Күн күркіреуінен бірнеше күн бұрын аулаға киіз үй тігетінбіз. Оған әжеміз бас болатын. Еңселі, терезелері үлкен, едені сырланған ағаш, саманнан салынған  алты бөлмелі үйде қысты тықыршып өткізер еді.

Қойманың төріне қатталған үзік, туырлық, түндік, бір шетке жиналған кереге, уық, сықырлауық есік, төбеде салбырап ілулі тұратын шаңырақ шығарылып, бала-шағаға дейін жабылып үй тігіледі. Шаңырақты көтергендегі бақанды міндетті түрде әкеміз не әкеміздің інісі ұстайтын. Одан міндет ер жете бастаған үлкен ағамызға жүктеген.  

Киіз үйіміздің ерекшелігі – дөдегесі. Дөдеге – үзікті сырт жағынан айнала жапсырылған ерекше ою. Әжеміз жұқа қызыл мен жасыл киізден ойып, екі түсті кезектестіріп тебенмен көктеген.

Ол кісінің не қасиетін барын білмейміз, киіз үй тігіліп, тамнан сонда көшкен соң аспан бұзылады. Мұқағалидың алапат зарядтары көкте ойнап, шатырлап күн күркірейді. Осы кезде әжеміз сүт піскен кезде сапыратын, бізге көже құйіп беретін ағаш шөмішін алып дөдегеден төмен тұстан үйді айналып қаққылайтын.

Жылда солай, әрі бұл істі өзі ғана атқарды. Ауырған жылы келініне – біздің шешеміге тапсырса керек.

Тағы бір жәйт, тек ағаш шөмішпен қағады. Бұл – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы, түрлі темір ожау көп. Бірақ алғаш күн күркірегенде үйдің сыртын қаққылауға ауыл ұстасы ағаштан шауып берген шөмішті үстайды.

Бала кезде не үшін екенін сұрамаппыз. Кішкентаймыз. Көргеннің өзі қызық. Әрі әжеміз жарықтың сұсты еді.

Беріде этнографиялық еңбектерден іздестіріп көрсек, көк көп шықсын деген ырым сияқты. Әрі үйді аспандағы алапат заряд түсуінен сақтаудың да амалы шығар.

Алғашқы күннің күркірін біз де күтетінбіз. Өйткені, оған дейін таудың жуасын (оны біз жақ сарымсақ дейді) жұлғызбайды. Күн күркірімен өткен жауыннан кейін бала біткен таймен, великпен қырға кетіп, бума-бума кетіп көк жуаны жинап келеміз.  Неге бірінші күн күркіріне дейін жинауға болмайтыны тағы бір жұмбақ болып қалды.

Есімізге түскені: әжеміздің «қырдың сарымсағы пайғамбардың тау аралап келе жатқанда тамған ащы терінен өсіп шыққан» дейтіні. Пайғамбардың терін қайдам, көктемгі қырдың жуасы ащы емес, ағзаға соншалық пайдалы. Әсіресе айранға турап ішкен кезде. Ал, киіз үйдің сырты ағаш шөмішпен қағылғандықтан ақ мол болмақ.

Қайнар ОЛЖАЙ

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Үлкен кісінің қолына неге су құю керек?
19.09.2024ж. 11:18

Үлкен кісінің қолына неге су құю керек?

Жақында Қанат пен Света Айтбаевтар «1001 түн» бағдарламасына сұхбат берді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →