Заманның даму ағымына қарай адамзаттың, әлеуметтің, ұлттың ойлауы да, соған орай сөзі де өзгеретіні даусыз
Қазақ халқы – мәдени, рухани, адамзаттық құндылықтарға бай халық. Сондықтан болар қазақ логосферасының сақталу тетіктерінің бірі – қазақ тілінде ұлттық құндылықтың мазмұны мен нышаны (таңбасы) тұрақты қызмет етуде. Заманның даму ағымына қарай адамзаттың, әлеуметтің, ұлттың ойлауы да, соған орай сөзі де өзгеретіні даусыз. Сондықтан сөздік қордан тілдік жұмсалымнан тыс қалған атаулардың ысырылып, жаңа сөздердің енуі да заңды құбылыс. Осы тұста көне сөзді қайта жаңғыртудың тетігін тауып, амалын келтіре отырып, аксиологиялық бірліктерге жататын этномәдени атауларды жаңа заманда тіл қатысымына ілестіре жүретін көне сөздің сақшылары, этнолингвист ғалымдар болады. Олардың қызметі аса байқалмауы мүмкін, бірақ еңбектері ерен екенін жас ұрпақтың логосферасында ұлттық ақиқат бейненің қайта жаңғыруынан байқаймыз.
Қазақ логосферасын дамытып келе жатқан ғалымдардың бірегейі – профессор Рүстем ағай Шойбеков деп айтар едім. Профессор Р.Шойбеков – қазақтың мәдени атауларын, әсіресе заттық мәдениеттің өзін танытып қана қоймай, ондағы әрбір мәдени кодты, әрбір ұлттық бұйымның әрбір деталіндегі ақпаратты, ондағы оқиғалар мен тарихты зерттеп, зерделеуші тілші-этнограф. Профессор Рүстем ағай Шойбеков – қазақтың ұлттық құндылығын танытушы, сақтаушы ғалым, қазақ сөзінде қатталған көпшілік біле бермейтін көне құндылықтардың жаңғыртушы ғалым.
Қазақтың қолөнер бұйым атауларын жинақтаған ғалымның әрбір зерттеуі қазақтың мәдени ойлау логикасын танытуға бағытталады. Мәселен, «ағаш безі» ұғымын түсіндіруде ғалым бірнеше тәсілді қолданады. Алдымен сөздің лексикалық мағынасын береді, яғни ағаш безі - ағаш діңінде немесе түбірінде пайда болған, әбденқатайып беріш болып қалған бөлігі. Осыдан кейін, ағаш безін кейде ағаш көзі деп те атайды, бірақ ағаштың «көзі» бүршік атпай (жарылмай), «бұйыққаннан» пайда болған кезде айтылады. Осы анықтамасы арқылы ғалым «ағаштың безі» мен «ағаштың көзі» синонимдес қолданыста болғанмен, бір емес екенін түсіндіреді. Сондай-ақ қазақ халқы ағаш безін «ағаштың ұрысы», «ағаштың үйілі», «ағаштың тошыны», «ағаштың беріші» деп айтатынын түсіндіре келіп, жаңғырған ақпараттармен таныстырып отырады. «Ағаштың ұрысы» бар екен деп кейде безі бар ағашты құрылысқа пайдаланбай жататын жайттар болады. Осы тұсқа ғалым тағы бір қазақтың көне танымын жаңғырта түседі. «Қобызды мадақтағанда «аққайыңның безінен қағып алған» дейді. Ағаштыңбезінен бұйым жасау оның қатты болуынабайланысты құрал-сайманның өткірлігін, оюшышебердің қолының қарымын талап етеді. Ағаштыңұрысынан жасалған бұйым уақыт өте келе қызылқоңыр, шұбар түсті табиғи өрнегі (текстурасы) ашыла түсетіндіктен онан құты, саптыаяқ, тостаған, ағаш аяқ сияқты әртүрлі ыдыс түрлерінжасайды. І.Жансүгіров ағаштың көзінен жасалғансаптыаяқтың мықтылығы туралы «Қабаққа біткенқайыңның, Беріші еді, безі еді», – деген болатын. Шеберлер емен, ырғай безінен ағаш балға, шоқпар, сойыл және т.б. сан алуан құралдар мен бұйымдарда жасаған» деп, ағаш безі туралы құрылыста, тұрмыста қалыптасқан жағымсыз түсінікті сейілтіп, керісінше мықтылық пен беріктікті білдіретін нышанын танытты. Демек, «ағаш безінің» мәдени семантикасы – табиғи өрнек беретін, оңайлықпен сынбайтын, мүжілмейтін беріктігімен және ерекше қызыл қоңыр түсімен әдемілік беретін қолөнер және құрылыс құралы болмақ. Ағаштың өзі емес, оның табиғи ерекшелігіндегі бір детальдің қазақ танымындағы мол ақпарат өзге мәдениетте болмауы мүмкін. Ағаш безінің пайдасы мен қасиетін білген қазақ халқының эстетикалық танымы – қазақ логосферасын толықтыра түседі. Ал қазақ логосферасын толықтырушы ғалымдардың зерттеулері әлемдік деңгейде насихатталса,қазақтың халықтық біліміне бәлкім дүниежүзі бас иген болар ма еді?!
Ғалым Р.Шойбеков - зергерлік, қолөнер бұйымдары мен оның жасалуына қатысты қазақ сөздерін зерттеген ғалым. Мәселен, «алтынмен аптап, күміспен күптеді» деген тұрақты тіркестегі зергердің қолөнер тәсілі «сән-салтанатқа бөледi, құлпыртты, жайнатты» мағынасын беруге қалай келген? Аптау да, күптеу де – қаптау мағынасындағы әрекет атауы. Бірақ қаптау – кең мағыналы ұғым. Ал аптау – қолөнердегі алтынмен жалату, алтынмен булау, алтынмен бояу мағынасында ғана түсінілетін орыс тіліндегі «золотить» ұғымымен парапар атау. Демек, «позолоченный» орыс сөзіне «алтынмен апталған» деген дәл аударманы эквивалент етуге әбден болады.. Сол сияқты «күптелген» - күміспен қапталған мағынасындағы атау орыс сөзінің «высеребренный» ұғымына дәл келеді. Яғни апталған – тек алтынға қатысты, күптелген – тек күміске қатысты ажарлау екендігін түсіндік. Бұған Р.Шойбековтің «Ажарлау» ұғымына қатысты лұғаттық мақаласы негіз бола алады. Ғалымның осы мақаласында «тыныкелеу» немесе «лажылау» - көгілдір шыны түстес ерітіндімен бояу, яғни ол да қолөнердегі ажарлау ұғымы екенін атап өтеді.
Қазіргі құрылыс жұмыстарында «оцинкованный» құрал-жабдықтар бар. Оның қазақ тіліндегі дәлме-дәл баламасы ғалым Р.Шойбековтің мына лұғаттық мақаласында түсіндірілген: «АҚЗОН ТЕМІР – қаңылтыр темірдің ақ түстітүрі. Құрамында мырыш болғандықтан мұндайтемірден (қаңылтырдан) шеберлер кірлен(кір+леген), су сақтайтын дүңгіршек, шелек, самаурынның кернейі сияқты ыдыстар мен жабдықтар жасауға қолайлы деп санаған».
Ғалымның мәдени мағынаны ашу тәсілдерінің бірі – паремиологиялық қордағы тұрақты тіркестің мазмұнымен ұштастыруы. Бұл мәдени кодты ашу әдістерінің бірі болмақ. Мәселен ғалым «алтын аяқ» бұйым атауының мәнін былайша түсіндіреді: АЛТЫН АЯҚ – ерте кезде қолданыста болған, этномәдени мәні бар ғұрыптық ыдыс. Уақыт өтекеле ыдыстың ғұрыптық мәні көмескіленіп, алтын аяқ атауы металлдан жасалған қымбат аяқ, керсендерге қатысты айтылатын болды. Алайдаалтын аяқтың сакралдық құрамдас бөлігі, қазақыортада кейбір сөз орамдары мен мәтелдердеастарланып контекст түрінде сақталғанынкөруге болдады. Мысалы, «өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді» деген мәтелде өмірдің құндылығыыдыстың ғұрыптық маңыздылығымен теңеуарқылы берілгендігін байқауға болады. «Иттіңбасын алтын аяққа салсаң, шоршып түседі» дегенмақал да осы мәнде айтылса керек. Демек, қазақ мәдениетінде де алтынның пайдасы мен құны заттық-материалды бұйым (ыдыс-аяқ) атауымен түсіндіріле келе, байлық/кедейлік, тоқшылық/жоқшылық ұғымдарын беруде ұлттық стереотиптік атрибутқа айналып тұр.
Киім-кешек, соның ішінде аяқкиім атауларын анықтаған ғалымның зерттеулеріне сүйене отырып, қазіргі әйел аяқкиімдерінің сүйретпеден етікке дейінгі кірме атауларына дәл балама табуға болады. Мәселен, лофер – құймалы кебіс, сланцы – сүйретпе, тапочки – шәркей, ботильон – шоңқаймаетік, ботфорт – мықшима етік деген баламалар қазақтың көне аяқкиімдері мен қазіргілерінің ұқсастығына қарай берілді. Ғалым Р.Шойбековтің лұғаттық мақаласында: «Шоңқайма етік - әйеладамға арналған, етігі қоңыр түсті теріден тұмсығықайқылау етіп жасалған аяқкиім. Қонышының алдыбиік (45 см), аузы сәл кеңдеу. Етіктің басы мен қонышы бірге, ал балтыр мен сірөкшесі тұтаспішіліп, бүйірінен тігіспен біріктіріліп жасалады».Бұл қазіргі заманауи күздік қонышы қысқа әйелдер етігінің бір түрі – ботильонның сипаттамасына дәл келеді. Байқағанымыздай, көне сөзді жаңғыртушы, танытушы тілші-этнограф Р.Шойбековтің әрбір зерттеуі қазіргі қазақ қоғамы үшін қажеттілігімен құнды болып отыр.
Қазіргі қоғамда қазақ логосферасын жасаушы осындай тілші-этнографтар бірен-саран ғана. Дегенмен, қазақтың мәдени танымы мен құндылығын (логосферасын) зерделейтін ғалым Р.Шойбеков бастаған тілтанымдық мектептің еңбегі зор.
Айгүл Әмірбекова
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
лексикология бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты