×

Жол ережесін мүлде бұзбайтын таксист: Атыраулық 74 жастағы әже көпке үлгі болды

Ол 30 жылдан астам уақыт бойы көлік тізгіндеп, оның 22 жылын такси қызметіне арнаған

Жол ережесін мүлде бұзбайтын таксист: Атыраулық 74 жастағы әже көпке үлгі болды
Сурет: Polisia.kz

Атырауда 74 жастағы таксист әженің жол ережесін мүлде бұзбай көлік тізгіндеуі көпке үлгі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 Атырау облысындағы Мақат-Доссор тасжолында жол ережесін мүлде бұзбаған тәжірибелі жүргізуші бар. Ол – 74 жастағы зейнеткер Сәуле Мұсаева. 30 жылдан астам уақыт бойы көлік тізгіндеп, оның 22 жылын такси қызметіне арнаған. Ол жылдамдықты асырмау, жаяу жүргіншілерге жол беру, көлік айдап келе жатып телефонға алаңдамау сияқты қағидаларды қатаң ұстанып, көлігімен мыңдаған шақырымды жүріп өткен.

“Көлік жүргізу – тек рөлді ұстап, газ басу емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Кейбір жүргізушілер асығыстық танытып, ережені елемейді. Бірақ жолда әр секунд маңызды. Бір қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан мен әрдайым тәртіпті сақтаймын және өзгелерге де осыны кеңес етемін”, – дейді ол.

Сәуле Мұсаева Алматы техникалық институтын бітіріп, инженер-технолог мамандығын алған. Ол еңбек жолында инженер, экономист, фабрика директоры қызметтерін атқарып, зейнетке шыққан. Ал көлік жүргізуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған.

“Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Біз жол ережесін сақтау арқылы өзімізді ғана емес, өзгелерді де қорғаймыз. Полиция қызметкерлері әрдайым тәртіпке шақырады, өйткені бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Жолда абай болу – өзіңді және жақындарыңды қорғау қағидасы әр жүргізушінің санасында болуы керек”, – дейді Сәуле Мұсаева.

Алғашқы көлігін – 1998 жылы сатып алып, содан бері бірнеше көлік ауыстырғанын айтады. Зейнетке шыққаннан кейін Сәуле Мұсаева Мақат ауданындағы көлік жүргізу мектебінде сабақ берген.

“Сәуле Мұсаева – ауданымыздың үлгілі жүргізушілерінің бірі. Оны жергілікті тұрғындар жақсы таниды, ұқыптылығы мен сабырлы мінезін жоғары бағалайды. Ол бірде-бір рет жол ережесін бұзған емес. Мұндай тәжірибелі жүргізушілер жас буынға үлгі болуы тиіс. Біз көктем мерекесі қарсаңында Сәуле апамызды құттықтап, оған алғысымызды білдіруді жөн көрдік”, – дейді Мақат аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторы Сайфолла Капанов.

Полицейлер 74 жастағы такси жүргізушісіне гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыстап, жолда жүретін барлық азаматтарды сақтыққа шақырды. Бүгінгі кейіпкеріміз Сәуле Мұсаева – жолдағы тәртіп пен жауапкершілікті берік ұстанған жан. Оның тәжірибесі – барлық жүргізушіге үлгі.
 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Темекі тастап, түкірген 300-ден астам қостанайлық жауапқа тартылды
Бүгін, 10:45

Темекі тастап, түкірген 300-ден астам қостанайлық жауапқа тартылды

Бұл өңірдегі барлық құқық бұзушылықтардың 95%-ы
Лауазымды тұлғаларға жауаптылықтың болмауы, сыбайлас-жемқорлық қауіптерін тудыру айыптары тағылған
Жалпы  келтірілген 490 млн теңге шығынның тек 72 млн теңгесі ғана өтелген

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →