×

Нұрай Серікбайдың қазасы: полицейлердің үстінен салғырттық бойынша іс қозғалды

Нұрай Серікбайдың қазасы: полицейлердің үстінен салғырттық бойынша іс қозғалды
ашық дереккөзден

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты бірқатар полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік салғырттық дерегімен қылмыстық іс тіркелді. Бұл жөнінде Сенатта өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылық құрамына қатаң тәртіптік шаралар қолданылған. Атап айтқанда, департамент басшысы мен оның бірінші орынбасарлары атқарып отырған қызметінен босатылған. Сонымен бірге қылмысты дер кезінде тіркемей, тиісті әрекет жасамаған полиция қызметкерлеріне қатысты ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеу жүргізіп жатыр.

Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс қызды некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша арызды тіркемей, күдіктіні уақытында жауапкершілікке тартпаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты қозғалған. Ал адам өлтіру мен адам ұрлау деректері бойынша негізгі күдіктілердің барлығы қылмыстық жауапқа тартылған.

Айта кетейік, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте көп рет пышақ жарақатын алып, көз жұмған. Ол күдіктімен бұрыннан таныс болған. Ер адам қызға тұрмысқа шығуды ұсынған, алайда қыз бас тартқан. Кейін Нұрайды еркінен тыс алып кеткенімен, ата-анасы оны үйіне қайтарған. Алайда күдікті қудалауын жалғастырып, телефон арқылы қорқытып отырған.

Марқұмның ата-анасы бұл жағдай бойынша полицияға арыз бергенімен, қылмыстық іс дер кезінде қозғалмаған. Тергеу деректеріне сәйкес, дәл осы әрекетсіздік қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бермеген. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →