×

Кен қазып, Қытайға сатқан: ШҚО-да заңсыз кен өндіргендер 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан

Кен қазып, Қытайға сатқан: ШҚО-да заңсыз кен өндіргендер 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан
depositphotos

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеу материалдарына сәйкес, Шемонаиха ауданындағы «Глинковское» кен орнында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіру мен өткізуді ұйымдастырған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Компанияның қолындағы лицензия тек геологиялық барлау жүргізуге ғана рұқсат берген. Соған қарамастан, күдіктілер темір құрамды тау жынысын өнеркәсіптік көлемде өндіру, қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықпен қатар Қытай Халық Республикасы аумағына өткізу жұмыстарын жолға қойған.

Ауыр арнайы техниканың қолданылуы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, жер бедерінің табиғи қалпы бұзылған, топырақ тозуға ұшыраған. Заңсыз өндірілген өнім көлемі 70 мың тоннадан асып, алынған қылмыстық табыс 1 млрд теңгеден көп болған.

Тергеу барысында бұл қаражатқа бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, Land Rover Range Rover маркалы автокөлік, екі автотұрақ орны және екі жер телімі сатып алынғаны анықталды. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Айта кетейік, бұған дейін департамент Ұлан ауданындағы «Шыбынды» және Самар ауданындағы «Кенкарын» учаскелерінде алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. Ол фактілер де орман алқаптарының кесілуіне, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына әкелген.

Құзырлы органдардың мәлімдеуінше, заңсыз кен өндіруді тоқтату өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне төнген қатердің алдын алуға мүмкіндік берді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →