×

«Жазаны өтеуге дайынмын»: Жақсылық Омар қылмысын мойындады

Айыппұл түрінде жазаға дайын екенін мәлім етті

«Жазаны өтеуге дайынмын»: Жақсылық Омар қылмысын мойындады
Ашық дереккөздерден

Өскемен қаласының бұрынғы әкімі әрі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Жақсылық Омарға қатысты бүгін сот талқылауы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tizgin.kz сілтеме жасап.

Сот залында журналистерге фото немесе видео түсіруге тыйым салынды. Тек аудиодыбысты жазып алуға рұқсат етілді.

Жақсылық Омар алаяқтық және пара алу айыптары бойынша сот алдында жауап берді. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, ол мемлекеттік мекеменің балансында болған автокөлікті сатудан түскен қаражатты жымқыруға қатысы бар деп күдікке ілінген. Сонымен қатар, тергеу оның кәсіпкерден бірнеше миллион теңге көлемінде пара алды деп айып тағып отыр.

Бүгінгі сотта Жақсылық Омар өзіне тағылған айыптарды (қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары (ірі мөлшердегі алаяқтық), сондай-ақ 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі мөлшерде пара алу) мойындайтынын мәлімдеді. Сот барысында айыпталушы Мәулетхановтан (қала әкімінің орынбасары) ақпан айының басында 6 млн теңге пара алғанын айтты.

“Ол маған 20 млн теңге беруі керек еді. Бөліп берем деді. Мен оны қолдаймын дедім. Істеген ісіме өкінемін. Жазаны өтеуге дайынмын”, – деді ол.

Сот талқылауы барысында Жақсылық Омар айыппұл түрінде жазаға дайын екенін, ол үшін туған-туыстары тиісті соманы жинап қойғанын да мәлім етті.

Өткен айда телеграм-арналарда Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Облыс әкімдігі әуелі оның ұсталғанын растамай, денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алғанын хабарлаған еді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омардың ұсталғанын растады.

Ұсталғанға дейін Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оның алдында алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметінде болды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →