Демалыс күндері күн жылынады

Qaz365.kz редакциясы
wallup.net

Алдағы демалыс күндері, 18-20 сәуір аралығында, Қазақстан аумағында ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аймақтары скандинавиялық антициклонның ықпалында қалады. Осыған байланысты бұл өңірлерде қалыпты суық әрі құрғақ ауа райы сақталады. Ал батыс және оңтүстік облыстарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтілуде. Оңтүстіктің таулы аймақтарында аралас жауын-шашын түсіп, жел күшейеді.

Ауа массаларының алмасуына байланысты республика бойынша күндізгі уақытта елеулі жылыну байқалады. Болжам бойынша, ауа температурасы батыста, солтүстікте және орталықта 15-23, шығыста 10-18 градус жылы болады. Ең жоғары көрсеткіштер оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда тіркеліп, сынап бағанасы 17-28 градусқа дейін көтеріледі.

Жалпы республика бойынша түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түсуі мүмкін. Мамандар көлік жүргізушілері мен жолаушыларды жолдардағы көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты сақ болуға шақырады.